Қазақ тарихындағы Ислам

        VII-VIII ғғ. Алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап қазақ жеріне келе бастаған. VIII ғасыр басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыс жанданды. Исламның түбегейлі орнығуына VIII ғасыр ортасында, яғни 751 жылы Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасындағы Атлах шайқасы зор ықпалын тигізген. Қытай әскері жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етілді.

X ғ. Ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғасыр басында мұсылмандықты Қарахан әулетінің басшысы Сатұқ қабылдады, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса960 ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялады.

         XIII ғ. Ислам діні Алтын Ордада ресми дін дәрежесіне көтерілді.   Берке хан басқарған кезде ислам басымдылық жағынан көрінді, жергілікті мәдениет мұсылман таңбасына ие болды, ал бақсылар мен ламалар (будда дінінің сопылары) қуғынға ұшырады. Әрбір алтынордалық хан өзінің түрікше қойылған атынан басқа, араб есімін алып жүрді. Тиындарда Жәнібек  Сұлтан Жалал Ад-Дин Махмұд, Бердібек — Сұлтан Мұхаммед, Тоқтамыс — Сұлтан Нәсір Ад-Дин, т.б. деп аталған.

XIV  ғ. Алтын Ордада ислам мемлекеттік дін жарияланып, ханафи мәзһабыбасты ағымға айналды. Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдап оны ұстанды, ал бұл тікелей Қазақ хандығына да қатысты, өйткені, Қазақ елі Алтын Орда, Ақ Ордалардың мұрагері.

Берке (1255-1266) және басқа да хандардың (Өзбек, Түдемөнх) мұсылмандықты қабылдауымен ислам нығая түсті. Мысалы, Өзбек хан тұсында (1312-1342 жж.) Алтын орданың астанасында 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 уақыт  намаз оқыған.

         XV ғ. Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының тұсында да  Ислам діні қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға бірігуіне ықпал етті. Қазақ хандығы ханафи мәзһабын ұстанды.

         XVI-XVII ғғ. Исламның дамуына  қазақ халқының орта азия халықтары мен Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам дінінің уағыздарын Бұхар, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылары тарата бастады.

Қазақ хандығы дәуіріндегі ислам діні үстем болып, мемлекеттік дәрежеде сақталды. Тарихшы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани қазақтардың билеуші топтары жөнінде: «Олар құран оқиды, намазға жығылады, өз балаларын мектепке береді», – деп жазады.

Білім ордаларының бірі болған Отырарда Қазақ дәуіріне жататын екі мешіттің орны табылған.

XV  – XX ғасырға дейін  Қазақ мемлекеті мұсылмандық құқықтық нормаларды сақтады. Барлық қазақ хандары, Керей мен Жәнібектен бастап Кенесарыға дейін  өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін айтқан.

Тәуке ханның  «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары шариғатқа сай жазылған. Мысалы, «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалу қажет»; «Егерде біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді».

         Тәуелсіз Қазақстанда исламдық институттардың ықпалы артты. Мұсылмандар жамағатының қатары күнен-күнге өсуде,  олардың арасында жастар көп. Орташа және жоғарғы діни білім алатын адамдар саны көбеюде. Меккеге қажылыққа баратын қазақстандақтар саны өте көп.  Мешіттер саны 1991 жылы  68-70 ғана болса,  2000 жылдардың басында 1500 болды,  ал  2014 жылы ислам бірлестіктері 2389-ға жетті.

Мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, жөндеулерден өтті; жаңа ғибадат ғимараттары мен медреселер тұрғызылды. Қазіргі уақытта елімізде 2381 Алланың үйі-мешіттер жұмыс істеуде.

2001 жылы «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр Ислам университеті ашылды. Бұл біліктілігі жоғары имамдарды, исламтанушыларды және араб тілі мұғалімдерін дайындайтын алғашқы ислами университет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде 11 медресе жұмыс істеуде.

2005 жылы ең ірі мешіттердің бірі «Нұр-Астана» тұрғызылды.

2006 жылдан бастап мұсылмандардың мейрамы Құрбан айттың бірінші күні «демалыс күні» деп жарияланды.

2012 жылы Елордада бір мезгілде 5 мың адамға дейін, ал мұсылман мерекелерінде 10 мың адамға дейін намаз оқи алатын «Әзірет Сұлтан» мешіті бой көтерді.

Қазақстан 50-ден астам мұсылман мемлекеттерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі.

Ислам дінінің мәдени және әлеуметтік өмірімізде алатын орны ерекше, сондай-ақ өзіндік руханиятымыздың ажырамас бөлігі болып табылады.

амантай тойшыбайұлы

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ