Қазақ телевидениесі десе ең алдымен менің ойыма әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтің есімі оралады
Қазақ телевидениесі десе ең алдымен менің ойыма әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтің есімі оралады. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақстан» телеарнасының ұлттық сананы оятуға қосқан үлесі өлшеусіз зор. Совет одағы күйрей бастап, тәуелсіздіктің алғашқы лебі соғып қоя берген өліарада бәріміз де кешке қарай теледидарға үңіліп, бір үлкен өзгерісті асыға күттік. Ақын Мұхтар Шахановтың қабағынан қау жауған Кремльдің мінберінен желтоқсандықтарды қорғап сөйлеген сөздерін көргенде көзіне жас алмаған қазақ болмаған шығар.
Ол жылдары ұлттық деген айбынды атты иеленбесе де «Қазақстан» телеарнасы ұлттық идеологияның генераторына айналды. Бәріміздің де тоқыраудың тоңы жіби бастаған мезгілде қызыға тамашалаған бір сүйікті хабарымыз болды. Ол Сағат Әшімбаев жүргізген — «Парыз бен қарыз». Айтпақ түгіл, ойлауға қорқатын тақырыптарды батыл көтерген хабарларды көрген сайын арқамыз қозып, бойымызды бір еркіндіктің рухы билеп қоя беретін.