Қазақ тілін білу мен сүю — патриотизмге тәрбиелеудің алтын көпірі
Бүгінгі таңда тіл мәселесі өте өзекті мәселелердің бірі. Республикамыздың түкпір-түкпірінде қазақ тілін өзге ұлттар арасында немесе қоғам арасында кеңінен насихаттайтын қоғамдық ұйымдар, орталықтар жетерлік. Сондай ұйымның бірі — Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Маңғыстау облыстық филиалы. Аталмыш ұйымның қазақ тілінің мәртебесін өсіруде қандай жұмыстар атқарып жатқандығын білу үшін ұйым төрағасы Есберген Іңірбайұлымен сұхбаттасқан едік.
— Есберген Іңірбайұлы, өзіңіз басқарып отырған бірлестіктің атқарып отырған жұмыстарына тоқталсаңыз?
— Жалпы, елімізде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тарихы да, жалпы, біздің облыстық қоғамның құрылу тарихы да еліміздің даму тарихымен тікелей байланысты. Өйткені біздің еліміз ұзақ жылдар бойы орыс империясының қарамағында болды. Одан кейін, кеңестік дәуірде 70 жылдай ұрпақ кеңестік идеологиямен сусындап өсті. Соның нәтижесінде біздің елімізде өзіміздің қазақ тіліміздің жойылу қаупі туды. Осыларды аңғарған біздің Елбасымыз және бірқатар зиялы қауым өкілдері 90-жылдары көптеген елдік бастамаларды ескере отырып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құру туралы шешім қабылдаған болатын. Сөйтіп, қаулы шығып, оның президенттігіне Өмірзақ Айтбайұлы сайланған болатын. Міне, соның нәтижесінде республикамыздың барлық өңірлерінде аталған қоғамның аймақтық филиалдары да құрылды. Содан бері біздің Маңғыстау облысындағы қоғам көптеген жұмыстар атқарды. Енді, облыстағы тіл мәселесіне келетін болсақ, біздің жұмыстар дұрыс жолға қойылған.
Қазір облыс халқының 70 пайызы қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде ісқағаздарын жүргізеді. Тіпті, бүкіл республика бойынша қазақ тілінде іс жүргізетін облыс болып ерекшеленеміз. Өйткені барлық мекемелердегі жұмыс жасап жатқандар қазақ тілінде сөйлейді. Сонымен қатар, біздің қоғамымыз осы өлкеде өмір сүретін түрлі ұлт өкілдерінің арасында жақсы жұмыстар жүргізуде. Қазір біздің қоғамның жексенбілік мектептері бар. Онда тілді меңгергісі келетін түрлі ұлт өкілдері оқуда. Соның нәтижесінде өзге ұлт өкілдеріміз қазақ тілінде жақсы сөйлеп жатқандығын байқаймыз. Жалпы, біздің елімізге түрлі ұлттардың келуі тарихи, геосаяси жағдайларға байланысты. Біздің елімізге алапат жылдарда көптеген ұлт өкілдері келіп, паналады. Соның нәтижесінде қазір елімізде 130-дан астам ұлт өкілі мекен етеді. Осы ұлт өкілдерінің біздің тілімізді, болмысымызды, бүкіл салт-дәстүрімізді сыйлауы біздің халқымызды сыйлағандығын білдіреді. Олар, сондай-ақ, біздің тілімізге бейжай қарамайды. Қазақ тілінде сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейіп жатқаны мені қуантады. Мен мұны біздің Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал саясатының жемісі деп білемін. Өткен жылы ҚХА 20 жылдығы тойланды.
Жалпы, ҚХА институтының өзі әлемнің ешбір елінде болмаған жаңа институт. Әлемнің көптеген басшылары келіп, біздің ҚХАның құрылу тарихын көріп, 130-дан астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрғандарын көріп, таңтамаша қалып жүрген жайлары бар. Өйткені көптеген елдерде болып жатқан қақтығыстар, дүрдараздықтар ұлттардың бір-біріне құрметпен қарамауынан шығып жатқан нәрсе. Сондықтан да қазір әлемдегі көптеген мемлекет біздің елдегі ұлттардың өзара татулығына тамсанып қарайды. Бұл да болса қазақ тіліне, қазақ халқына деген құрметтен туындады деп ойлаймын. Жалпы, ары қарай да қазақ тілін төрге шығуына барлық жағдайлар жасалатынына сенемін.
— Қазір жалпы осы мектеп оқушылары мен студенттер арасында немесе өзге ұлттар арасында қазақ тілі сайыстары көптеп ұйымдастырылуда. Ал сіз төрағалық етіп отырған ұйым тілге қатысты қандай да бір байқау мен шаралар ұйымдастыра ма?
— Әрине, біз Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, түрлі шараларға белсене қатысып келеміз. Түрлі шығармашылық конкурстар, қазақ әндерін орындайтын байқаулар, тіл жарыстары өткізіліп келе жатыр. Осылардың барлығына қатысамыз. Қоғам атынан түрлі сый-сияпаттар береміз. Осылардың ішіндегі ең ерекше конкурстардың бірі — өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақ тілін жетік меңгергендігін анықтайтын конкурс.
— Есберген Іңірбайұлы, қазір барлығымызға белгілі, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында «Үш тұғырлы тіл саясаты» жүргізіліп отыр. Осы үш тілділікке балаларды мектеп қабырғасынан дайындау қаншалықты маңызды?
— Үш тілді білу — дұрыс шешім. Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» демекші, әрине, өзге тілдің бәрін білген дұрыс. Себебі өзге тілдердің жетік меңгерген адам басқаша ойлайды, дүниеге басқаша көзқараспен қарайды. Үш тұғырлы тіл саясаты еліміздің болашағын ойлағаннан пайда болды деп ойлаймын. Бүгінде өзіміздің ұрпақ екі тілді жетік біледі деп мақтанып айта аламыз. Ал болашақ ұрпақ, яғни ел тұтқасын ұстайтын азаматтарымыздың барлығы үш тілді білсе, құба-құп. Ол үш тілді меңгеру арқылы өзінің интеллектуалды деңгейін өсіріп қана қоймай, заман талабына сай болады. Негізі, ағылшын тілін үйретуді 5 сыныптан бастаған дұрыс деп санаймын.
Кейбір мемлекеттерде, мәселен, Жапон елінде ағылшын тілін үйрету 9 сыныптан басталады екен. Тілді білуге ұмтылыс жасаған жеткіншек қалайда сол тілді біліп шығады. Себебі баланың миы тез қабылдайды. Сондықтан 5 сыныптан ағылшын тілінен оқытып қана қоймай, белгілі бір пәндерді ағылшын тілінде жүргізу бір жүйеге түссе дұрыс болады деген ойдамын. Сол арқылы ұрпағымыз салауатты ұрпақ болады деп есептеймін. Өйткені әлемнің көптеген елдерінде ағылшын тілінің басымдығы байқалады. Бір мысал айтайын, өткен жылы Иран еліне жұмыс сапарымен барғанбыз. Менімен бірге барған адамдардың барлығы парсы тілін білмейді, көшедегі сатушылардан бір нәрсе сұрайын десек, орыс тілін олар білмейді, қазақ тілін сірә білмейді. Сатушылар да, басқа мекемелер де сұраған нәрсемізді ағылшын тілінде айтыңыз деп өтініп тұрғанын көрдім. Қарап отырсақ, Иранда қоғаммен байланыс жасайтындардың барлығы ағылшын тілін біледі екен. Соған қарағанда, бұл елде де ағылшын тілінің басымдығы байқалады. Сондықтан манағы айтып отырған үш тілділік осындай жағдаяттарды болдырмайды. Тіпті, қарап отырсақ, қандай да бір техника алсаңыз да, ондағы түсіндірме кітапшасы ағылшын тілінде. Сондықтан үштілділікті біздің болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан нәрсе деп санаймын. Қазіргі таңда ғалымдарымыз бүкіл түркі тілдес халықтардың барлығының түп-тұқияны қазақ тілінде жатқанын дәлелдеп жатыр. Тіпті, қорымқойтастардағы жәдігерлер де осыны аңғартып тұр. Сондықтан біздің қазақ тіліміз бүкіл түркі халықтарының ана тілі болып саналады. Сонымен қатар, орыс тілінің ішінде біздің қазақ тілінің компоненттері бар. Бұл дегеніміз біздің халқымыз кезіндегі жаугершілік заманда өзінің жүрген жерінде тілін дамыта білгендігін байқатады. Әрбір қазақ азаматы тілді құрметтеуді өзінің қастерлі борышы санауы керек. Үш тілді білу және Елбасының саясатына қолдау көрсету әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы деп түсінемін.
— Тілге деген құрмет, тілді білу жалпы мектеп қабырғасынан басталатынын бәрі жақсы біледі. Осы қазақ тілін оқытатын кадрларды дайындау мәселесіне қалай қарайсыз?
— Біздің мемлекеттік тіліміздің төрге шығуына ықпал ететін жәйт — ең бірінші кезекте мектептердегі қазақ тілі пәнінің оқытылуы. Қазақ тіліне берілетін үлкен басымдық осы мектеп қабырғасынан басталды. Тілдің мәртебесі, меніңше, осы мектептерде қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан мына мектептердегі қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздарымызда тілге құрметпен қатар, тілді өсіруге деген ұмтылыс болу керек. Өйткені ол мұғалім өзі тілді жетік біліп тұрса, сонда ғана оның тәрбиелеген шәкірті тілді құрметтейді. Жалпы, қазақ тілін білудің өзі отансүйгіштікке тәрбиелейтін алтын көпір деп санаймын. Тілді білу арқылы Қазақстанымызға деген сүйіспеншілігіміз арта түседі. Қазақ тілін білетін ұрпақ елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдетғұрпын қадірлейтін ұрпақ болады. Сондықтан қазақ тілін білу — әрбір қазақ баласының басты міндеті. Өйткені тілін білмеген, ұлттық құндылықтарына деген ілтипаты болмаған азаматтан еш уақытта біздің елдік шаруаларды бітіретін азамат шығады деп айта алмаймын. Қазақ тілін кейінгі ұрпақ жетік білуіне біздер ел азаматы болып бір кісідей атсалысуға тиістіміз.
— Тұшымды сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Айман Оңғарбайқызы