ҚАЗАҚ ТІЛІН РЕФОРМАЛАУДА АСЫҒЫСТЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Қазақ тілін реформалауды әркім әрқалай түсінеді. Бәзбіреулер қазақ тілінен кірме сөздерді алып тастау деп те жазып жатады. Негізі қазақ тілін реформалау – тіл табиғаты сақтау үшін керек. Қазақ тілінің өміршеңдегі үшін жасалып жатқан қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіз тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», — деп айтқанын ұмытпауымыз керек-ақ.
Тағы бір сөзінде президент «Реформа дегеніміз кирилл алфавитін латынға көшіре салу емес, бізге қазақ тіліне реформа керек. Қаласаңыз, тілімізді жаңғырту керек» деген пікірі ғалымдардың тілді реформалауға қатысты жаңа ұсыныс беруіне құлшыныс берді десек болады. Латынды қазақ әліпбиіне енгізу арқылы тілді реформалау жұмысы ақырындап басталған еді. Әлі нақты шешім шықпай тұр.Президент латын графикасына бірден көшуге емес, кезең-кезеңімен сараптама жасалуы тиіс екенін атап өтуі тегін емес.
Аталған тақырып аясында журналистер Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаевпен сұхбаттасып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін жүргізілуі тиіс реформалар, бұған дейін жүргізілген реформалардың нәтижесі, қазақ тілінің латын алфавитіне көшу мерзімі туралы сұраған еді. «Бұған дейін біз әліпбиіміздің екі нұсқасын жасап бекіттік. Аталған өзгертулер біраз асығыстықпен жасалды. Екі өзгертуді де кейін қолданысқа енгізу қиын болды. Өйткені ол толық зерделеніп, жан-жақты зерттелмеген әліпби болып шықты. 2019 жылы президент латын әліпбиіне көшу жұмыстарын жетілдіруге тапсырма берді. Содан бері міне үш жыл бойы аталған бағытта бірталай жұмыс атқарылып келеді. Бір қарағанда латын әліпбиіне көшу көп уақытты алмайтын сияқты. Шындығында, ол өте ауқымды жұмыс. Себебі мұның артында қазақ тілінің тағдыры, тілге қатысты үлкен реформалар тұр. Бұл әліпбиде біз 10 жылдай болдық. Сөйтіп барып кейін кириллицаға өттік, оған өту арқылы біздің сөйлеу, жазу машығымыз өзгерді. Бұрын ц, щ, ч, ъ, ь сынды табиғатымызда болмаған әріптердің енуі арқылы – сөйлеуіміз өзгерді. Мына әріптер тіптен біздің сөйлеу аппаратымызды өзгертті. Мәселен, тамағымыздан шығатын дыбыстардың өзі өзгеріске ұшыраған. Моңғолия, Қытайдан келген азаматтардың сөйлегенін қарасаңыз, олар кез келген сөзді жұмсақ, басқаша айтады. Өйткені олардың сөйлеу аппараты бұзылмаған. Біз өзімізді дамып кеткендей көріп, қандастардың «ц» әрпіне тілі келмейді, «ю» әрпін айта алмайды екен деп жатамыз. Негізінде мәселе оларда емес, бізде болып тұр. Кирилл әліпбиінің кіруімен біздің табиғи сөйлеу аппаратымыз бұзылды. Одан бөлек, заңдарымыздың барлығы осы уақытқа дейін өзге тілді жазылып келді. Тек, бір ғана заң қазақ тілінде жазылып келді және тіліміздің өзгеріске ұшырауына көп әсер етті. Айталық, заңды әдеби сөздермен, жуықтатып аударуға болмайды. Ол тақ-тұқ, тура қандай мағына береді, солай аударылуы керек. Жаңағы орыс тілінде жазылған заңды қазақшаға қасаң орналастырдық. Осының кесірінен «калька» аудармалар пайда болды. Баяндама жасағанда, ресми сөйлегенде ғана емес, жаңағы тақ-тұқ аударылған сөздерді тұрмыста да пайдаланатын болып кеттік. «Өкінішке орай», «өкінішке қарай», «салдарынан», «нәтижесінде» деген сөздерді айтатын болдық. Олардың ешқайсысы дұрыс емес. Қазақта «өкінішке қарай» демейді, «өкініштісі» дейді. Латын негізінде қазақ әліпбиін жасау қажеттілігі өзіміздің табиғи тілімізді қайта қалпына келтіруге көп көмек болар еді.
Президент латынға көшуді «әлі де болса зерттеп, зерделейік» деді. Бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені латын әліпбиіндегі «б» әрпіне бір белгі, «а» әрпін мына белгімен қоя салайық деген өзгеріс емес, оның емлесі жасалуы керек. Содан кейін толып жатқан кірме сөздер бар. Олардың барлығын алып тастай алмаймыз. Ғалымдар орысша әріптердің бірқатарын алып тастаймыз дедік, ал жаңағы орыс тілінен кірген әріптер қалай дыбысталуы керек? Осының барлығы ғылым және оның бәрі уақытты талап етеді» дейді Әділбек Қабаев.
Нағашыбай Қабылбек