Қазақ тілін төрге шығармай отырған кім?
Нұртөре Жүсіп Дәурен Абаевқа жақсы ақыл айтты… Иә, жақында қоғам қайраткері, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігіне жазған назын көзіміз шалып қалды.
Онда журналист:
«Жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігі Қазақстан эфирін пайдаланып отырған орыстілді радиолар мен телеарналарға Мемлекеттік тілде хабар таратуды міндеттеуі керек! Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы «Қазақтың 1000 әні мен 1000 күйін» жинақтап шығартты. Орыс радиолары тым болмаса, сол мұраны насихаттауына болады ғой. Өз эфирін өзге елдің ықтиярына беріп отырған біз ғана. Сондықтан жаңа министр Дәурен Абаевтан шешімтал әрекеттер күтеміз!», деген екен.
Нұртөре Жүсіп
Дәл осы мәселеге ғалымдар мен журналистер де үн қосыпты. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин Facebook-тегі парақшасында :
«Нұртөре ағаның салмақты ойына қосарым, Елбасының қолдауымен «Бабалар сөзі» деген жүз томдық классикалық жинақ шықты. Сол еңбекті де насиxаттауға болады ғой. Кейбір радио мен телеарналардың ұлттық дүниені насиxаттауға форматы келмейді екен. Өйткені біз жастарға арналған арнамыз дейді. Сонда жастарды ұлттан бөліп қараймыз ба? Өзінің ұлттық қайнарынан сусындамаған дүмбілез жастар елдің болашағына қауіпті емес пе?»,
деген ой айтса, журналист Жарбол Кентұлы www.dalanews.kz интернет сайтында «Әншілер орыстілді радиолармен күресуі керек» деген тақырыпта мақала жазып, оларды ұлттың азығы – қазақ әнін насихаттауға міндеттеу қажеттігін алға тартады.
Міне, осы мәселенің өзекті болып келе жатқанына 25 жылдың жүзі болды десек, артықтық болмайды. Қазақстан эфирін қазақтілді бағдарламалармен қамтамасыз етуді жүзеге асыру мақсатында кезінде «Тілдер туралы» және «БАҚ туралы» заңдарға арнайы баптар енгізілді. Онда «электронды БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы өзге тілдегі хабарларының үлес салмағынан кем болмауы тиіс» деген талаптар болды. Бірақ коммерциялық арналар бұл бапты да айналып өтетін жақсы қулық тапты. Ол – прайм-тайм уақытында тек өзге тілде, нақтырақ айтқанда орыс тілінде хабарлар таратылды да, қазақ тіліндегі хабарлар түнгі 12-00-ден кейін қойыла бастады.
Кейін Мұхтар Құл-Мұхамед ҚР Мәдениет және ақпарат министрі (2008–2010ж.ж.) қызметін атқарып тұрған кезінде
«бұл талап 24 сағат бойғы эфирге емес, әрбір алты сағат бойғы эфирге қойылатын болсын»
деген жаңа бап енгізді.
Сол кезде біраз адам бөркін аспанға атып, өз эфиріміздің қожасы өзіміз бола алатын болдық деп емексіген еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол талап та аяқасты етілді. Қазір, FM-жиілігіндегі коммерциялық арналар, радиолардың бұл талапты қаншалықты орындап отырғаны белгісіз. Өйткені, бақылаусыз кетті.
Қазақстан қоғамында мемлекеттік тілдің босағадан сығалаған халі күн өткен сайын оңалғанның онына кері кетіп бара жатқандай. Әсіресе, бұл мәселеде біздің ақпараттық кеңістігімізде белбеуімізді босатып алғанымыз анық.
Біріншіден, Қазақстан тәуелсіздігін алған ширек ғасырда өзгетілді ақпараттың экспансиясынан көз аша алмай келеміз.
Екіншіден, қазақтың ұлттық баспасөзі қазір рухани дағдарысқа ұшырауда. Бұның да өзіндік объективті, субъективті себептері бар.
Үшіншіден, орыстілді билік қазақ тілінің төрге озуына ықпал ете алмай отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынға халыққа дәстүрлі Жолдауында «Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші фактор» дегенді жиі қайталайды. Өкінішке қарай, қазақ тілі өзінің сол ұлы миссиясын әлі күнге дейін атқара алмай отыр. Неге?
Өйткені,
тілге деген мәжбүрлікті, қажеттілікті тудырмайынша, бұл үрдіс осылай жалғаса беретін болады.
Біз өзгені былай қойғанда, қызмет көрсететін салада отырғандар мен мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді білуді заң жүзінде талап ете алмай отырмыз.
Бүгінгі қоғам қазақтанып келеді. Мектепте қазақ тілінде білім алатындардың үлес салмағы – 85 пайызға, жоғары оқу орындарында – 75 пайызға жетіп отыр. Бұл – балаларын қазақ мектебінде оқытуды өзінің парызы санайтын қазақ ата-аналардың табиғи тектілігінің жемісі. Сондықтан да, билік қазақ қоғамының қажеттілігін ескеріп, сол қоғамның сұранысына сай әрекет етуі тиіс.
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:
– Бізде мемлекеттік тілдің мүддесін қорғауға бағытталған жақсы заңдар бар. Алайда олардың орындалуын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Телеарналар мен радио эфирлері заңдағы мемлекеттік тілге қатысты баптарды орындаған сыңай танытып, алдарқатады. Мәселен, олар
мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды түнгі уақытқа қояды, екіншіден, осы бапты үнді, кәріс және түрік тілдеріндегі түрлі сериалдардың шала-жансар аудармасын субтитрмен беруі арқылы, орындап отыр. Одан қалса, сайқымазақ бағдарламаларды қайталаудан танбайды.
Жалпы, Қазақстанның ақпарат кеңістігін өзіміздің отандық БАҚ-тармен қоса, Қазақстан аумағында тіркеліп, біздің жиіліктерді пайдаланып отырған телеарналар мен радиолар жетіп артылады. Бірақ мемлекет лицензия берер кезде оларға міндетті түрде осы талаптарды орындайтынын ескертіп жатқан ешкім жоқ. Орындамаған жағдайда лицензиясын алып қоюға дейін бару керек. Онсыз біз өзіміздің ақпараттық кеңістігімізге ие бола алмай қалдық.
Өз басым коммерциялық арналардың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жинақталған мұраларымызды насихаттағанын естімедім. Олардың беретіні «Жүрдек пойыз кетті, саған қолым жетті» секілді арзанқол әндер, оның өзі түнгі эфирге қойылады.
Елімізге сырттан келген адам Қазақстанның телерадио эфирінде мемлекеттік тілдегі хабарларға орын жоқ екенін бірден байқайды. Мысалы,
Түркияға барсаңыз күні-түні тек түрік тілінде сөйлеп жатқан телерадио арналарын көресіз. Түркіменстан мен Әзірбайжанда да солай.
Сондықтан, ақпарат кеңістігіне сол мемлекетке атау беріп отырған халық иелік ететіндей жағдай жасап, ұлттың рухани мұрасын насихаттау керек. Біз әлі қазақтың мол рухани мұрасын, ұлттық салт-дәстүрін тиісті деңгейінде насихаттай алмай отырмыз. Бұл олқылық біздің өскелең ұрпағымыздың дүниетанымына тікелей әсер етеді. Қазір біздің балаларымыз қазақтың тарихынан, ауыз әдебиетінен, мәдениеті мен салт-дәстүрінен мүлдем қалыс қалуда.
– Өз эфирімізге өзіміз ие бола алмай отырғанымызға кім кінәлі?
– Сол салаға басшылық етіп отырған адамдар мен өз ұлттық мұрамызға жеткілікті түрде көңіл бөле алмай отырған, ат төбеліндей шенеуніктеріміз кінәлі. Өйткені, шын мәнінде, Қазақ елінің ақпараттық кеңістігінде мемлекеттік тілдің үстем болуын көздейтін болсақ, Қазақстан эфирін бүгінгідей рухсыз, жын-жыпыр дүниелермен толтырып қоймас едік. Эфир тізгінін өзгеге беріп қоймас едік. Бұл — ата-бабаңнан жеткен мол мұра мен рухани байлықты тәрк етіп, басқа біреудің қаңсығына таңсық болғандай әсер қалдырады.
Есенгүл Кәпқызы