Қазақ тілін жетік меңгерген балақайлар анықталды
«Бала шақтан болашаққа – ана тілімен». Төлеби ауданында осындай атаумен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен балабақша бүлдіршіндері арасында аудандық байқау болып өтті. Өнер мен білім додасының мақсаты – мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету, отбасында қолдану аясын кеңейту, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кәсіпқойлығын арттыру, балабақша бүлдіршіндерінің қазақ тілінде сөйлеу деңгейін көтеруге, олардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттері мен белсенділіктерін арттыруға, сөздік қорларын молайтуға, өз ойларын тез әрі жылдам жеткізуіне ықпал ету.
Ауданның мектепке дейінгі мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан өзге ұлтты 5-6 жастағы 11 үміткер «Мен және балабақшам» (отбасын және балабақшасын таныстыру), «Ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» (суретке қарап тақырыпты ашу, берілген тапсырманы бүлдіршін еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізе білуі қажет), «Мен өнерлімін!» атты ән, би, өлең оқудан сайысқа түсті. Бойында дарыны мен талабы ұштасқан бүлдіршіндер көп алдына суырылып шығып, өнер көрсетіп, қазақы ұлттық салттың сәні мен салтанатын паш етті.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, жарқырап дара озған Халмуратова Эьзозо Зухрабқызы («Айсұлтан-1» бөбекжай-балабақшасы) 1-орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Даулетбаев Шахнур мен Хаятиллаев Ифтихор («Бал-Ана» бөбекжай-балабақшасы) жеңіп алды. Үшінші орынға Аржиманов Алишан(«Ақбота-ару» бөбекжайы), Алимжанова Жасмина («Жасмина» б/б) және Исабекова Одина («Бәйтерек» бөбекжайы) қол жеткізді. Ал, «Үздік сәлемдесу», «Тіл шебері», «Көрермен көзайымы», «Өнерлі ару» номинациялары мен белсене қатысқаны үшін мадақтаманы Абдусаматов Абдурахман, Суяркулов Ирисбек («Дильмурат ата» балабақшасы), Темуров Сулхадин («Мағжан» бөбекжайы), Айдамирова Асия («Ақбота-ару» бөбекжайы), Темурова Каве («Мағжан» бөбекжайы) иеленді. Қатысушы балғындардың барлығына ынталандыру сыйлықтары, жетекшілеріне мадақтама қағаздары тапсырылды. Байқаудың жеңімпаздары байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Еліміздің болашағы бүгінгі бүлдіршіндер мен жастар. Сондықтан, олар алғыр, білгір, зерек, полиглот болуы қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіру отбасыдан, балабақшадан басталады. Бүлдіршіннің бойына білім мен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда балабақшаның рөлі мен орны ерекше. Негізгі білім іргетасын қалау, қызушылығын арттыру, еңбек пен тәртіпке баулуда тәрбиешілердің ықпалы мен еңбегі зор. «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» байқауы осы бағыттағы жолдың бір баспалдағы десек болады.
Төлеби Ауданы Тілдер Орталығы