Қазақ тіліне аударылған кітап жарық көрді

Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы, ана!» атты повесі қазақшаға аударылып, Алматыдағы  «Көкжиек» баспасынан жарық көрді. Орыс тілінен аударған — ақын, «Серпер»  сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Саят Қамшыгер.

Уфа қаласында тұратын Айгиз Баймұхаметов Башқұртстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі, Шайхзада Бабич атындағы Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, журналист. 1988 жылы дүниеге келген ол ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Бұл кітапта автор өз басынан өткен қиын тағдырды қарапайым тілде баяндаған. Балалар үйіндегі ұл-қыздардың аянышты өмірлері оқырманның көз алдарына келгендей болады.

Жазушы бас кейіпкер Ілиястың жан дүниесін ашу арқылы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсеткісі келген. Кітапты оқыған балалар ата-ананың қадірін түсініп, өздерінің бақытты күндерін сезіне алады. Үлкендер болса жас ұрпақтың мейірімге зәру екенін ұғынады.

Кітап балалар мен жасөспірімдерге, барша оқырман қауымға арналған.

Башқұрт жазушысының бұл кітабы бұған дейін орыс, татар, чуваш, әзірбайжан, моңғол тілдеріне аударылған болатын. Айгиз Баймұхаметовтың шығармасы қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, оқырманға жол тапты.

«ElAna.kz» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты