Қазақ тіліне төнген қара бұлтты серпіген Ахаң
1891 жылы наурыз айында патша үкіметі қазақ жері мемлекеттің меншігі деп жариялады. Енді қазақтардан тартып алынған жерлерге келімсектерді орналастыру саясаты мемлекеттік сипат алып, осы мақсатта арнайы «Переселенческая контора» деп аталатын мекемелер дүниеге келді. Қазақ даласының ең шұрайлы жерлерінде орыс – украин елді мекендері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бастады. Осы жағдайға байланысты Орталық үкімет қазақтарды тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, идеологиялық тұрғыдан да терең және басыбайлы меңгеру керектігін жете түсініп, оны меңгерудің жолдары мен технологиясын одан әрі жетілдіріп, күшейте түсті. Алдымен Ресей мемлекеті жоғарғы лауазым иелерінің қолдауымен Шығыс халықтарын оқыту жөніндегі арнайы Кеңес құрылып, оның алғашқы отырысы 1905 жылы 10 мамыр мен 3 маусым аралығында Ресей астанасында өтті. Шенеуніктер мен кілең русскоцентрист оқымыстылар бас қосқан осы мәжілісте орыс емес халықтардың оқу жүйесін орыстандыру принципін алғаш рет ашық түрде күн тәртібіне қойды. Кеңес жұмысына Ресей императоры ІІ Николайдан бастап, Сыртқы істер, Ішкі істер, Ағарту ісі министрлері, белгілі миссионер ғалымдар,Шығыс өлкелерін басқаратын генерал – губернаторлар мен осы іске қатысы бар шенділердің барлығы дерлік қатысты. Кеңестің қорытындысы бойынша татарлардан басқа түркі халықтарының бәрі мектепте алғашқы екі жылын өз ана тілінде, басқасы түгел орыс тілінде оқытылып, оқулықтар орыс әліпбиінде болуы шарт деген шешімге келеді. Орыс билігі жаулап алынған жердегі орыс емес халықтардың оқу-тәрбие жүйесін орыстандыру мәселесін осылайша беттері бүлк етпестен алғаш рет күн тәртібіне ашықтан ашық қойды. Арадан бір жыл өтер-өтпесте, яғни 1906 жылы 31 наурыз күні патшаның жеке бастамасымен арнайы Кеңес тағыда Санкт-Петерборда бас қосты. Басынан бақайшағына дейін великорос идеясымен уланған жоғары шенділер бұл отырыста алғашқыдан да әріге кетеді. Мұндағы күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе – біртіндеп саяси санасы оянып келе жатқан түркі халықтарын қайтсек ауыздықтап, байлап-матап отырамыз; дербестікке ұмтылған екпінін не істесек бәсеңдетеміз; оның қандай амал-жолдары бар деген тақырыпта өрбіді. Нәтижесінде, түркі халықтарын орыс жазуына көшіру және оны кешеуілдетпеу туралы шешімге тоқтайды. Алайда, Ресей ішінде басталған әртүрлі революциялық толқындар мен сыртқы саясаттағы келеңсіздіктерге байланысты бұл мәселені одан әрі ушықтырмай, уақытша тоқтата тұруға тура келген. Сыртқы және ішкі саяси жағдайдың күрт қиындап кеткеніне қарамастан империя өзінің отаршылдық пиғылынан бәрібір бас тартпайды.
Бұратана халықтардың бойын біртіндеп кириллицаға үйрете беру үшін орыс әліпбиін ресми құжаттар мен мектеп оқулықтарында қолдануды жалғастыра беру керек деген қортындыға келді. Қол астына қараған ұлттарды, оның ішінде қазақтарды да идеологиялық тұрғыдан игеру үшін барлық саяси – рухани майданда арпалысқан күрес жүріп жатты. Бұл күрес сырт көзге бадырайып көрінбегенімен, көзі ашық, зиялы қауым өкілдері оның зардабының ауыр болатынын жан-дүниесімен терең сезінді. Сезініп қана қойған жоқ, бірде ашық, бірде жасырын түрдегі наразылықтарын да күшейтті. Өйткені, жазуды өзгерту – сананы жаулаудың басы екендігін олар жақсы білді. Түркілердің көзі ашық зиялылары сол үшін күрес тәсілдерін де жетілдіріп, жанталаса қарсыласып бақты. Бұл орайда татар елінің ұлы реформатор ғалымы, қоғам қайраткері Исмайыл Гаспаралының еңбегін ерекше бөліп айтқан жөн. Гаспаралы орыстың ұр да жық миссионер ғалымы Ильминскийдің кертартпа әрекеттеріне табанды түрде қарсы тұрып, бітіспес майдан салған ғалым. Оның түркі халықтары алдындағы айрықша еңбегі – араб графикасына негізделген бүкіл түркіге ортақ жазу үлгісін жасағанын айтуға болады. 1883 жылы жасалған бұл жазу – «төте жазу» деген атпен әйгілі. Ол бүкіл түркілерге арнап өзі шығарған «Тәржіман» газетін осы төте жазу үлгісімен жариялап тұрған. Оны кезінде Абай арнайы алдырып оқып тұрыпты. Ғалымдардың пікірінше, Гаспаралы осы газет арқылы бүкіл түркілердің басын біріктіру, саяси әлеуметін бірізділендіру түсіндірмесін жүргізіп отырған екен. Оның жәдитше, яғни жаңаша бағыттағы көзқарасын кейін қазақ әліпбиінің реформторы Ахмет Байтұрсынұлы жалғастырғаны мәлім. «… Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб әрпін тастатып, орыс әрпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс әрпімен оқысын дейді… Үкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы» – деп жазады ол 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Бастауыш мектеп» атты мақаласында. Көріп отырғанымыздай қазақ тіліне төніп келе жатқан қатерлі қара бұлтты Ақаң сол кездің өзінде-ақ жан – дүниесімен сезіп, оны бозторғайдай шырылдап қорғайды. Сөйтіп, 1912 жылы қазақ тілінің үндестік заңын негізге ала отырып араб әліпбиі негізіндегі қазақ жазуын жасап, кирилшілдерге лайықты жауабын берген де болатын. Оны орыстың белгілі түркітанушы ғалымдары Е.Д.Поливанов, А.Ф.Яковлов, Л.И.Жирковтар ерекше жоғары бағалаған да еді. Сондықтан да латын әліпбиіне, одан әрі орыс жазуына ауыстыру саясаты күш алмай тұрған уақытта, олар түркі халықтарының Байтұрсынұлы әліпбиіне қала тұруын жөн көрген, қолдау көрсетіп, көтермелеген. Өйткені, шын мәнінде қазақ ағартушысының жасаған араб жазуындағы әліпбиі бүкілтүркі жұрты үшін қай тұрғыдан алсақ өте қолайлы да тиімді болатын.
Қызыл большевиктердің ХХ ғасырдағы ауыр қылмысы
Ресей отаршылдығының кеңестік дәуірі: Соңғы үш ғасырда системалардың алмасуына да, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік төңкерістердің жүзеге асқанына да, сондай-ақ саяси-идеялық көзқарастар мен елдегі қоғамдық-әлеуметтік өлшемдердің түпкілікті өзгеріске түскеніне де қарамастан Ресей империясында бір ғана жағдай өзгеріссіз қалып отырды. Ол – өзі жаулап алған кіші-халықтарға деген Кремльдің отаршылдық пиғылы мен репрессиялық іс-әрекеті. Басқаша айтқанда, Ресей бодандығында ғұмыр кешкен ұлттар мен ұлыстардың төлтумалық қасиетін жойып, оларды рухани құлдықта ұстап отыру, сөйтіп бірте-бірте ассимилияцияға түсіріп орыстандыру қай кезде де метрополияның ең басты саяси – идеологиялық мақсаты болып отырған. Бұл мақсатты жүзеге асырудың тетіктері билік басына қызыл болшевиктер келген соң тіпті күшейе түсті. Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйеніп айтатын болсақ, адамзат баласының тарихындағы ең үлкен және ең ауыр қылмыс ХХ ғасырда өмір сүрген КСРО аталатын империя аясында жүзеге асты деп тұжырым жасасақ шындықтан көп ауытқымаймыз. Нәтижесінде жүздеген ұлттар мен ұлыстар (шамамен 200-ден астам) жер бетінен мүлдем жойылып, көпшілігі орысқа, біразы басқа халықтарға сіңіп кетті. Бұл нені білдіреді? Ғасырлар бойы қалыптасқан жүзге тарта ұлттық төлтума мәдениет мәңгілікке жоғалып, жер бетінің мәдени-рухани болмысы соншама жүдеу тартты дегенді білдіреді. Осынау орны толмас қайғы қасіреттің орнында милиондаған тобыр мен дүбәра қалды дегенді білдіреді. Мұндай ауқымдағы ауыр трагедияны адамзат баласы бұрын-соңды бастан кешірген емес.
Осынау отаршылдықтың тақсіретін тартқан жүздеген ұлттар мен ұлыстар сияқты қазақтар да ең ауыр кезеңді осы қызыл колонизаторлар билік құрған социализм системесы тұсында өткерді. Идеялогиялық қыспақпен миллиондаған қазақты қырып салған геноциттік саясат пен жойқын рухани басқыншылықты да осы кеңістік кезеңде бастан кешті. Оның адам айтқысыз моральдық – психологиялық ауыр зардабын қазақ халқы әлі күнге дейін тартып келеді.
Бір сөзбен КСРО империясының түркі халықтарына (оның ішінде қазаққа да) жасаған қиянатын кезең – кезеңмен айтып шығу бұл бір мақалада мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға жатпайды. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған тақырып – қазақ жазуын кириллицаға көшіру саясатының қалай жүзеге асқандығы жайлы мәселе.
1917 жылғы Қазан ревалюциясы, шын мәнінде орыс самодержавиесіне ауыр соққы болып тиді. Әсіресе, ұсақ ұлттарды шоқындыру, орыстандыру мақсатында ұлан-ғайыр іс тындырып келген мемлекеттік миссионерлік саясаттың күлі көкке ұшты. Түркі халықтары басқа да өзі сияқты бодан ұлттармен бірге тілі мен дінінен, төлтума мәдениеті мен жазу-сызуынан айырылып, жұтылып кетуден аман қалды.
Алайда Кеңес үкіметінің бұл саябырсуы, кіші халықтарды қолтығының астына алып, қамқорси қалуы – уақытша ғана шегініс еді. Оның үстіне билікке келген қызыл большевиктер оған дейінгі тарихта бұрын – соңды болып көрмеген ұлттардың теңдігі мен өзін-өзі билеу құқығын жариялап, марксизм идеясымен қаруланған төңкерісшілер еңбекші бұқараның мүддесін биік көтеріп, патша заманынан қалған сарқыншақтармен, ескінің қалдықтарымен тынбай күрес жүргізді. Мұндай ура-ұрандар бұрынғы империядан мұраға қалған жүздеген ұлттар мен ұлыстарды революция мақсаттарын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін қажет болды. Мысалы, 1917 жылғы 2 қарашада РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі қабылдаған «Ресей халықтары құқықтарының декларациясында» халықтардың теңдігі мен егемендігі, тіпті дербес мемлекет құруға дейін ерік беретін халықтардың өзін-өзі билеу құқығы, ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулердің қандайын болса да жою, ұлттық азшылықтар мен этнографиялық топтардың еркін дамуы тәрізді ұлттық саясаттың негізгі принциптерінің көрініс табуы расында да көңілге сенім ұялатты. Ал, 1920 жылғы Қырғыз (Қазақ) АССР еңбекшілері құқықтарының декларациясында «әр ұлт барлық мемлекеттік мекемелерде және мектепте өз ана тілін пайдалануға бірдей дәрежеде құқылы» деп жариялады. Міне, жаңа үкімет тарапынан қабылданған осындай қаулы-қарарлар оның өзге ұлттар арасында сенімге ие болуына негіз қалап берді. Негіз қалап берді демекші, 1921 жылғы Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ тілі мен орыс тілдерін қолдану туралы» декреті мен 1923 жылғы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті қабылдаған «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті жөнінде де осыны айтуға болар еді.
Шын мәнінде жаңа үкіметтің мұндай қамқорсуының бәрі – «уақытша шегініс» екенін одан кейінгі заман дөңгелегі анық көрсетіп берді. Белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлын тыңдап көрейік: «Кеңестер Одағы халықтарының тілі 20-жылдары қоғамдық қызметін дамытып, қолдану өрісін кеңейтті. Алайда, 30-жылдардың екінші жартысынан бастап, әсіресе, 1938 жылғы 13 наурыздағы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БК(б) П Орталық Комитетінің «Ұлттық республика мен облыс мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысынан кейін ұлт тілдерінің тағдырына селқос қарау іс жүзінде берік орын алып, олардың дамуын тежеу механизмі қалыптасты…» (Б. Хасанұлы. Ана тілі – ата мұра (Қазақ тілінің жер жүзі жүйесіндегі алатын орны). – А., 1992. 54-б.).
Осылайша сөз жүзінде барлық қоғамдық және саяси құрылымдағы ұлт тілдерінің теңқұқылығы сақталады дегенмен, іс жүзінде мұндай теңқұқылық жағдай сақталмады, ол жай жалаң ұран ғана болып шықты. Анығында соцалистік режим қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығын жоққа шығарып, ана тілін қолдануға қолдан келгенше шектеу қою ісімен айналысты. Сөйтіп, қазақ ұлты өз тағдырына қатысты ешбір мәселені өз еркі бойынша шеше алмайтын дәрежеге жетті десе болады. Нәтижесі не болды? Қазақ тілі біртіндеп қолданыстан шыға бастады, ұлттың гендік қоры барған сайын нашарлай түсті, ақырында қазақтың ұлт ретінде жойылу қаупі туындады. Қысқасы 1917 жылғы Қазан төңкерісімен жарияланған ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы ақыры жүзеге аспай қалды.
Кеңес өкіметі латын әліпбиін неге қабылдады?
Билік басына мығым орныққан болшевиктер үкіметі шын мәнінде ұсақ ұлттарды орыстандыруды бір сәтке де естен шығармағанын және оны тезірек жүзеге асырудың шешуші буыны саналатын әліпби ауыстыру идеясын алғашқы мәселенің бірі ретінде қолға алғанын Ресей ғалымдарының өзі мойындап отыр. Осы тұста түркі халықтарының жазуын бірден орыс каллиграфиясына көшіру туралы үндер де көтерілмей қалған жоқ. Алайда, большевиктер патша үкіметі сияқты күшке салса, орыс емес халықтардың арасында кері реакция тудыруы мүмкіндігінен мейілінше қатты сақтанды. Бұл залалды реформаға қарсы тұрар зиялылар табынан сескенді, оларды тұтас сыпырып тастаған соң ғана бұл мәселеге қайта оралуды көздеді. Уақыт өте келе мұның шындық екеніне көз жеткіздік емес пе?! Сөйтіп, бірден күшке салмай, тізені терең батырмай алдымен ғалымдардың пікірімен есептескенді жөн көрді. Осы ретте еске салып өтетіні, Ресей оқу-ағарту халық комиссары А.Луначарскийдің айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында әліпби ауыстыру мәселесін алғаш рет 1919 жылы бүкілдүние жүзі пролетариятының көсемі В.И.Лениннің өзі күн тәртәбәне қойған екен. Тіпті, орыс жазу үлгісін латын әліпбиіне көшіруге бекініп, шешім де шығарып қойыпты. Алайда, орыс жазу үлгісін латын графикасымен ауыстыру туралы мемлекеттік комиссияның шешімі Лениннен кейін билікке келіп, барлық шешуші саяси тетіктерді өз қолына шоғырландырған И.Сталинге ұнамайды. Жаңа билікті әсіресе Түркияның латынға көшуі қатты ойландырады. Бүкіл түркі әлемінің жазу жағынан бірізді болуы оларды рухани жағынан жақындастыра түсетінінен сескенген метрополия өзінің бұрынғы шешімдерінен бас тартып, қолға алынғалы тұрған жұмысты тоқтатып тастайды. Билік оның басты себебін «Ресей халықтарын латын әліпбиіне көшіру басқа ұлт өкілдеріне орыс тілін үйретуді қиындатып жіберетіндігіімен» түсіндіреді. Осылайша КСРО кеңістігіндегі ұсақ ұлттардың жазуын орыс графикасына көшіруге байланысты аса күрделі де нәзік мәселе 1921 жылы ғалым Гордолевский тарапынан қайта көтеріліп, күн тәртібіне қойылады. Алайда, бұл залалды идея саяси білікті ғалымдар тарапынан үзілді-кесілді қарсылыққа тап болып, қабылданбай тасталды. Өйткені, түркі халықтарының жазуын бір дегеннен орыс әліпбиіне көшіріп, мектеп арқылы орыстандыру саясаты Ресей империясының ұзақ жылдар бойы нақты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруға ұмтылған дәстүрлі саясаты еді. Ал, ұлттардың теңқұқылығын жариялап отырған жаңа үкімет үшін бұлай шешім қабылдау өте қауіпті болатын.
Осылайша Кеңес үкіметі айлаға көшіп, «уақытша шегініс» тактикасын әліпби ауыстыру ісіне де пайдаланды. Орыс жазуына бірден көшу әсіресе түрік халықтарының қарсылығын тудыруы мүмкіндігінен сескенген билік уақытша шегініс жасау туралы кеңеске құлақ асып, әліпбиді алдымен латын жазуына ауыстыру жөнінде шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Осы жерде сауал туындайды: Кеңес үкіметі ұлттар жазуын неліктен алдымен латын жазуына көшіруді жөн санаған? Содан соң ғана латын жазуынан кириллицаға ауыстыруды мақұл көрген. Орыс жазуына бірден көшіруге болмас па еді? Мұнда қандай сыр бар?
Қазақ халқының тағдырына айтарлықтай қатысы бар осы сұрақтардың жауабы шын мәнінде біз ойлағаннан да апатты, күрделі болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл тақырып анағұрлым байсалды және арнайы зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Біз өз тарапымыздан қандай да бір жауабын бермей тұрып, осы мәселені терең зерттеген белгілі ғалым М.Мырзахметовтың пікіріне жүгінгенді жөн санадық. Ол: «И. Сталиннің алдымен араб жазуын латын жазу таңбасымен ауыстыруға нұсқау беруінің сыры әлі де айтылмаған кінәраты бар саясат екенін сезінеміз. Алдымен латын жазуына жармасудың сыры, меніңше, шет аймақтағы қолданылып келе жатқан арап жазуын кириллицаға алмастыруды көздеген патша үкіметінің миссионерлік саясатының тарихынан хабардар ұлттық республикалардағы зиялылар тобының мол болуынан сескеніп, белгілі бір қолайлы жағдай туғанша қоғамдық пікірді адастырып жіберу үшін істелген айла – амал ғана…» – дейді. (М. Мырзахметұлы. Қазақ қалай отарланды?.. Атамұра – Қазақстан. – 1993, 108-б.). Расында да солай – орыс жазуына көшіру үшін алдымен халықты адастыру керек болды. Тіпті әріп ауыстыру кезіндегі халықтың реакциясын, көзқарасын бақылап, зерттеп алу керек болды. Қалай десек те бұл алғашқы қадам ең алдымен қоғамдық пікірді жұмсартып, лықсып келген іштегі ашу-ызаны сейілту болғаны анық. Яғни, түркілердің жазуын алдымен латынға көшіру, одан әрі біртіндеп кезең-кезеңмен кириллицаға ауыстырудың дайындық кезеңі болғандығында сөз жоқ. Ең ауыры мұның бәрі халықтар достығы, интернационализм ұранымен бүркемеленіп жасалды. Өйткені, орыс билігі түрік халықтарының бір емле негізінде оқып, түсінісіп, тұтасып кетуінен өлердей қорықты. Қолдан келгенше оларды бір-бірінен бөлшектеп аулақ ұстауға, тіпті бір-біріне жау, дұшпан етіп көрсетуге күш салды. Себебі, Кеңес Одағы байтағындағы түркі текті туысқан халықтардың бір әліпби негізінде емле – ережелерді пайдаланып, ортақ тіл табысып кетуі Орталық үшін қатерсіз емес еді. Сондықтан да мейлі, патшалық Ресей болсын, мейлі, большевиктік Ресей болсын, өз қол астындағы түрік халықтарын Түркия сияқты тәуелсіз елден аулақ ұстап, олардың тікелей де, жанама түрде де қатынас жасауына қатаң түрде шектеу қойып, мүмкіндігінше бір-біріне жолатпаған.
Тақырыпқа оралсақ, 1921 жылдан бастап тұтас КСРО-да латын алфавитін насихаттау ісі белең алып, оған кешеуілдетпей көшуге дайындық жасала бастайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, түрік халықтарының ішінде араптан латынға көшу идеясын бірінші болып көтерген Әзірбайжан жазушысы Мырза Фатих-Али Ахундов (1863ж.) екен. Бірақ, патша заманында мұндай реформаның болуы мүмкін емес еді. Мүмкін болмайтын себебі – орыс отаршылары ол кезде өздері жаулап алған халықтарды шоқындыру, орыстандыру ісімен шұғылданатын да, ол үшін ұлт жазуын тек кириллицаның жазу таңбасымен ауыстыру ғана істі жеңілдетеді деп санайтын. Қазан төңкерісінен кейін, іле-шала сол Әзірбайжан еліне арап әліпбиіне қарсы қозғалыс қайта жанданып, оны большевик Ағамалы оғлы деген оқымысты басқарды. Оның осы идеясы сол замат бүкіл Кеңес Одағына кеңінен таратылып, оны қолдаушылардың легі күн санап көбейе бастады. Бұдан көретініміз төңкеріске дейін миссионер ғалым С.А.Новгородов жасаған латын жазуының негізіндегі саха – якут әліпбиін есепке алмағанда, бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген әзірбайжан ағайындар екен. Әзірбайжаннан бастау алған латын әліпбиіне өту ісі басқа халықтармен бірге Қазақстанды да кең шарпыды. Осы ретте айта кететін нәрсе, латын әліпбиіне көшу барысында қазақ зиялылары арасында үлкен айтыс – тартыс туып, ол бірнеше жылға ұласқан. Жаңа үкімет тұсындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі алғаш рет 1924 жылы 12-18 маусым аралығында Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының бірінші құрылтайында көтерілді. Бұл құрылтайда әліпби жөніндегі баяндаманы А.Байтұрсыновұлы жасап, өзі түрлеген қазақ жазуының тиімділігін жан-жақты дәлелдейді. Ол былай дейді: «Тексеріп қарасақ, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемдігі болмаса, артықтығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға, залалдан пайдаға бой ұру – жөні бар дұрыс іс, оны әркім-ақ қостауы тиіс, жақсыдан жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны дұрыс деп қостауға болмайды. Латын әліпбиін аламыз деушілер ол әліпбидің түрік әліпбиінен не артықтығын айқындап ашпай, пайдалы екендігін бейнелеп түсіндірмей тек пәлен – түгендер алып жатыр; біз де аламыз дейді. Еліктеу мен лепірту базары көтеріңкі нәрсе екені рас. Бірақ, біреу алып жатыр екен деп латын әліпбиін алуға болмайды. Біреудің істегенін дұрыс-бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады. Тек еліктеуді маймылша еліктеу деп атайды. Тесе қарап тексеріп, түрік әліпбиінен латын әліпбиінің артықтығы мынау, пайдалылығы мынау деп көзге көрсеткен ешкімді әлі көргенім жоқ. Көбінікі құр дүбірге қызу, дүрмекке еру сияқты көрінеді».
Одан кейін баяндама жасаған Н.Төреқұлов қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру керектігін дәлелдеп, оның артықшылық жақтарын тізбектеп, алға тартады.
Баяндамашылардан кейін жарыс сөз басталады. Жарыс сөзде М.Дулатұлы, Х.Досмұхамбетұлы, И. Арабайұлы, М.Тұрғанбайұлы, Е.Омарұлы сөз алып, олар бірден бірінші баяндамашыны қолдап, латын әліпбиі мәселесін тоқтату керек деген пікір білдіреді. Әліпби мәселесіне қатысты пікірталас қорытындысында, латынды қолдаушылар мен қарсы шығушылар тепе-тең түсіп, сегізге сегіз дауысқа ие болды. Алайда құрылтайды ашып, оған төрағалық еткен Қазақ АССР Оқу комиссары Нұғыман Зәлиұлы сол күнгі қорытынды мәжілісте өзі болмағанымен, жазбаша түрде латынды қолдап дауыс береді де, нәтижесінде қарсылар – 8 дауыс, қолдаушылар — 9 дауыс жинап, бір ғана дауыс айырмашылығымен латынды қолдаушы жақ жеңіске жетеді.
Латынға қазақ пен татар зиялыларының қарсылығы
Кеңес Одағы түркітанушыларының І конференциясы 1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 – наурызында Баку қаласында өтті. Осы мәселені тыңғылықты зерттеген профессор Жамал Манкееваның айтуынша, бүкіл түркі әлеміндегі түркітанушы ғалымдардың бұл алғашқы басқосуында үлкен айтыс болып, ақыры бітіспес дау-дамайға ұласып, ғалымдардың екі топқа бөлінуіне әкеп соққан. Латын әліпбиіне көшуді қолдаушылар бір топ, арап графикасы негізінде Байтұрсынұлы жасаған «төте жазуды» пайдалана беру қажет деушілер екінші топ болып – екі топ арасында қызу талас– тартыс жүрген. «Шындығына көшсек, мәселе – Кеңес үкіметінің пиғылы мен көзқарасында еді» дейді Ж.Манкеева. Өйткені, Орталық билік түркілердің бас біріктіріп кетуінен өлердей қорықты десе болады. Қорыққандықтан да араб әліпбиі негізіндегі жазуды «түрікшілдік идеясы», «түрікшілдік идеяны насихаттау» құралы деп тауып, оған қолдан келгенше қарсы күресіп бақты. Ал, түрікшілдік дегеннің өзі ол кезде отаршылдыққа қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрестің символы іспеттес болатын. Өйткені, зиялы қауым түркі жұртының басы қосылмайынша, отаршылдық бұғаудан құтыла алмасын жақсы түсінді. Айта кететін тағы бір нәрсе, бұл конференцияда латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы ғана емес, ғалымдар бұл жиында кірме сөздер мен термин сөздер төңірегінде де үлкен айтысқа түскен болатын.
Түркітанушылардың І конференциясы түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіруге орай метрополия тарапынан мақсатты түрде әдейі ұйымдастырғандықтан да әзірбайжан ғалымдары латын әліпбиін жақтап шығуға тиіс болды. Бұл – патша үкіметі кезінде отаршылар жүргізген миссионерлік саясаттың Кеңес үкіметі тұсындағы қайта жаңғыруы, одан да анығырақ айтсақ, Ресейдің империялық мақсат жолындағы одан әрі жалғастыра түскен саясатының нақты көрінісі еді. Жаңа үкіметтің ашықтан ашық жүргізе бастаған осынау отаршылдық саясатына жалаң қолмен қарсы тұра алмасын сезген А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ пен татар зиялылары оған қарсы идеялық күресін енді ғылыми тұрғыдан қоюды мақсат етті. Өйткені, олар латын әріпіне көшу түптің-түбінде орыс жазуына апарудың алдындағы құйтырқы әзірлік екенін жақсы түсінді. Шынында да, Баку қаласында өткен бұл конференция Орталық биліктің өзіне күш біріктіре алатын түркі халықтарын жуасытып, оның жазуын орыс алфавитіне көшіру алдындағы тактикалық құйтырқы айласының бір түрі ғана болатын.
Расында солай болып шықты емес пе. 1940 жылы ғалым Сәрсен Аманжолов жасаған кирилл графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі дүниеге келіп, ол ешбір кедергісіз бекітіліп кете барды. Сөйтіп, айналдырған он алты жылдың ішінде қазақтар үшінші рет жазуын өзгертуге мәжбүр болды.
Осы ретте түрік халықтарын латын әліпбиіне көшіру ісінде елеулі қарсылық көрсеткен Татарстан мен Қазақстан болғандығын атап өтсек артық емес. Арапша сауаттылар қатарының көптігін, арапша басылған еңбектердің молдығын, арап әліпбиінің жаңа латын әліпбиінен артықтығы болмаса, кемдігі жоқтығын баса айтқан татар және қазақ халқының зиялы қауымы әліпби ауыстыру ісінде біразға дейін қарсылық көрсетіп, табандап отырып алды. Мысалы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омарұлы бастаған қазақтың ұлтшыл азаматтары көпке дейін латынға бой бермеді. Олар латын әрпіне көшу – қазақты дәстүрлі мәдениетінен айыру деп үзілді-кесілді қарсылық танытып, көпке дейін Орталықтың дегеніне көнбеді. Уақыт өте келе оның ақиқат екеніне көз жеткіздік емес пе. Шын мәнінде, Кеңес Одағы құрамындағы кейбір түркі халықтарының латын әліпбиінен, сонан соң кирилл графикасынан бас тартып, дәстүрлі үйреншікті жазу үлгісінде қала беруді жақтағандағы негізгі факторлардың бірі – Ресейдің ожар күш пен зорлық-зомбылдыққа сүйенген отаршылдық саясатына көрсеткен қарсылығы болатын.
Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Орталық Комитеті өткізген Пленум материалдарында Татарстан мен Қазақстанның латын әліпбиіне көшу ісіне айрықша өлермендікпен қарсылық танытқаны жайлы атап көрсетілген.
Қазақстандағы әліпби айтысы 1927 жылға қарай тіпті өрши түсті. Елде арапшыларды – «байшыл», «буржуашыл», «ұлтшыл», «алашордашыл», «діншіл» деген айыптау белең алып, қуғынға түсірді. Зиялы қауым арасындағы әліпби айтысы ушыға келе таптық реңк алып шыға келді. Осылайша бір халықты екіге бөліп, бір-біріне өшпенділікпен айдап салу әдісін орыс билігі әліпби тартысы барысында да жақсы пайдалана білді. Неткен өлермендік десеңізші!
Бакуде өткен конференциядан кейін көп ұзамай Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1927 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен Жаңа Қазақ Әліпбиі Комитеті құрылып, осы жылғы 19 қарашадағы қаулысы бойынша Жаңа Қазақ Әліпбиінің Орталық Комитеті жұмыс істей бастады.
Биліктің аты-билік. Билік өз дегенін істетпей қоймайды. Сонымен, 1929 жылдың қаңтар айында өткен Орталық Кеңес Комитетінің IV сессиясында Қазақстанда латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөнінде мәселе қарап, 1929 жылдың 1 қазанынан бастап елдегі барлық мемлекет, кооператив мекемелері, түрлі кәсіп дүкендері, ұйымдарға арнап арап әліпбиімен қатар, латын әрпі негізінде түзілген жаңа қазақ әліпбиі мемлекет әліпбиі болып табылатыны туралы шешім шығарды. ( Қазақ жаңа әліпбиі туралы Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті IV сесиясының қаулысы. «Еңбекші қазақ», – 1929, № 8. 10 январь).
Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Ресей империясы өздері жаулап алған жердегі орыс емес халықтардың төл жазуын латын әліпбиіне көшіруді сондай бір үлкен күш-жігермен жақтаған орыстардың өзі латын әліпбиіне неге өтпеген? Зиялы қауымы қайда қараған? Міне, КСРО-ны мекендеген түрік, Қапқаз, Сібір халықтарының латын әліпбиіне өтіп, ал орыстардың өз әліпбиінде қалуы ұлт зиялыларының көкейінде бірден күдік тудырды. Басқаларға қамқорси қараған орыстар неге бұлай істеді? Оның астарында қандай сыр бүгулі жатыр? Егер орыс отаршыларының осы іс-әрекетіне ойлы көзбен көз жіберетін болсақ, талай-талай сұмдықтың табалдырығына тап болатынымыз анық. Тіпті, жоғарыда сөз еткен «кінәратты саясаттың» бір ұшы осы араға келіп тірелетін сияқты.
Мәліметтерге сүйенсек, орыс жазуын латынға көшіру мәселесі Ресейге «батысқа терезе ашқан» І Петр заманында да сөз болған. Бірақ, провославия шіркеуінің Византиядан кейінгі гүлденген отаны болған Ресейдің ол кезде латын жазуына көшуі діни фактормен мүмкін болмай қалыпты.
Тоталитарлық «бұйрықпен», «нұсқаумен» қабылданған кириллица
Ресей сияқты алып елде социализмнің салтанат құра алатыны жөніндегі идея басшылыққа алынды. Енді тоталитарлық жүйе мұндай ұлы идеяны жүзеге асыру үшін тұтас елді – орыстарды да, орыс еместерді де бір жазу үлгісіне (орыс жазуына) көшіріп, біртіндеп бір тілде (әрине, орыс тілінде) сөйлету мақсатын алға қойды. Түпкі мақсатты бүркемелеп, жасыру үшін алдымен ұлт тілдері жазуын латынға көшіруді ұйғарды. Латынға көшіп, өзінің төл жазу-сызу дәстүрінен айырылған ұсақ ұлттарды ендігі кезекте кириллицаға көшіру соншалық бір қиын болмасын жақсы түсінді. Алайда, орыс, армиян, грузин секілді халықтарға жазу дәстүрі қалыптасқан елдер деп қарап, «кеңшілік» жасағаны, ал татар, өзбек, әзірбайжан, қазақ сияқты жазу дәстүрі әуелден бар ұлттарға «таршылық» жасағаны түсініксіз еді. Қалай дегенде орыстың отарлық саясаты ұлттардың әліпби ауыстыру мәселесіне ерекше мән берді.
КСРО халықтарының көпшілігі латын транскрипциясына толықтай өтер – өтпестен Кремль метролитетінің шыдамы таусылып, тездетіп кирилл әліпбиіне көшіру ісін бастап та жіберді. Саяси биліктің отаршылдық пиғылынан туған «уақытша шегініс» тактикасы, міне, тап осы жерде аяқталды десе болады. Осы мәселені терең зерттеген ғалым В.М.Алпатов сол кездегі заң актлері мен басқа да көптеген фактілерге сүйеніп, биліктің жоғары органы ұлттардың кирилл әліпбиіне өтуі туралы шешімді 1933 жылдың күзінде-ақ қабылдап жібергені туралы мәлімет келтіруі тегіннен тегін емес, әрине. (А.А. Алпатов. Языковля политика в СССР в 20-30 годы: утапил и ресивность ІІ Восток, – 1993. № 5. С.123).
Сөйтіп, КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы 1935 жылдың 1 маусымында Солтүстік халықтарды кирилл жазуына негізделген әліпбиге көшіру туралы қаулысын қабылдап та жіберді. Сібірдің ұсақ халықтары арасында латын әліпбиі кең қолданысқа түспегендіктен, жаңа әліпби саясатын осылардан бастаса, одан әрі жеңіл болатынын әбден зерттеп білген отаршылдар оның алғашқы бақылау тәжірибесін 1937 жылы Қабарды – Балқар республикасында жүргізуден бастады.
Ескеретін жайт, латын әліпбиіне көшу тұсында құрылған Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Комитеті латынды кирилл жазу үлгісіне ауыстыру үлгісіне түбегейлі және белсенді түрде қарсы шықты. 1937 жылы ақпан айында өткен Пленумда: «Әліпби ауысқан сайын уақытша болса да халықтың біраз бөлігі сауатсыздыққа ұшырайды. Әліпбиді жиі ауыстыру тиімсіз іс» – деп өз көзқарастарын ашық білдірді. Бірақ, шешім жоғарыдан шығарылып қойғандықтан, бұлардың пікіріне ешкім құлақ аса қоймады. Керісінше, өздерінің басына қара бұлт үйірілді. Артынша Бүкілодақтың Жаңа Әліпби Комитеті шұғыл таратылып, әкімшілік аппарат қызметкерлері тұтас қамауға алынып, қуғынға ұшырады.
Одан әрі 1937 – 1938 жылдары латын әліпбиін кириллицаға ауыстыру мәселесі жедел қарқынмен жүргізілді. Орыс жазуына көшу латын әліпбиі тұсындағыдай зиялылар арасында талқылау, пікір алмасу, оның тиімділігін дәлелдеу, ұсыныс беру сияқты нәрселердің бірде біреуі болған жоқ, тек «бұйрық», «нұсқаумен» ғана жүзеге асырылды. Өйткені, латын жазуын орыс әліпбиімен ауыстыру қолға алынғанға дейін-ақ өз пікірі бар ұлт зиялыларын шетінен атып, асып, түрмеге тоғытып, әбден селдіретіп тастаған еді, содан соң саяси элитаның бас көтеруге дәрмені де қалмаған-ды.
Ұлттың өз пікірі бар сүт бетіндегі қаймақтарын сылып алып тастаған соң 1940 жылы «халықтардың тілегі бойынша» деген жалған сылтаумен ешбір қиындықсыз латын жазуының орнына орыс жазуын ауыстырды да жіберді. Бұл кезең жөнінде белгілі ғалым Г.Батыгин: «Сталинскиие репресии обрели такой масштаб, что в многих регионах было истреблена национальная интеллигенция, каторая является носительницей истерический памяти норада.
В Азербайжане, Казахстане, Молдовий тродиционный алфавит был заменен кириллицей. Корни культуры, державшейся не многовекой традиций былы подрезаны» – деп бүркеулі жатқан (Г.Батыгин. Новая время., 1989, № 18, с. 25) шындықтың бет пердесін сыпырады.
Айтып өтейік, 1937 – 1939 жылдар тек елдегі саяси репрессияның асқынған кезеңі ғана емес, сонымен бірге 1937 жылы қабылданған Қазақ ССР Конституциясы баптарынан мемлекеттік тіл деген ұғымды мүлдем алып тастауымен де есте қалды. Ал, 1938 жылғы 13 наурызда КСРО Халық Комиссарлары Президиумы мен БК (б) Орталық Комитетінің «Ұлттық республикалар мен облыстық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту» туралы атышулы қаулысы дүниеге келді. Содан кейін-ақ алысты көздеген бұл саяси шешім жоғары биліктің қатаң назарында болды және күн тәртібіндегі негізгі және басты мәселенің біріне айналып жүре берді. Осылайша орыс тілін міндетті оқыту ісіне және одан әрі дамыту мәселесіне қатысты қаулы-қарарлар мен ережелер 1939, 1948, 1952, 1955, 1957, 1967, 1978, 1983 жылдары қабылданып, атқарушы биліктің міндетті бірінші кезекте назарда ұстау мәселесіне айналды. Есесіне өзге ұлт тілдері мұндай аста-төк қамқорлықтан мүлде қалыс қалды. Әр жылдары дүниеге келген осынау қаулы – ережелерге сәйкес жергілікті ұлт мектептерінде орыс тілі пәнін оқыту 2 – сыныптан бастап қолға алынады делінсе, орыс әдебиетін оқытуға айрықша назар аударып, бұл пәнді тек орыс тілінде оқыту міндеттелді. Мұндай қажеттілікті олар «оқушылардың орыс тілін жетік меңгеріп шығуына бірден-бір негіз қалайды» деп түсіндірді.
***
Сонымен, КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Президиумы 1940 жылғы 13 қараша күні «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Орталық биліктің мұндай саяси шешімге келетіні әуел бастан белгілі еді, тек оған келетін қолайлы уақытты ғана күтіп жүрген болатын. Сондықтан, биліктің бұл қадамын бұқара халық ешбір дау-дамайсыз қарсы алды.
Енді орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ әліпбиінің бұған дейігі әліпбилерден қандай айырмашылығы болды деген мәселеге келейік.
Ең басты айырмашылық – орыс және араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерді дұрыс оқып-жазу үшін деген сылтаумен оннан аса әріпті қазақ тіліне зорлықпен, күштеп ендіруі болды. Қазақ тілінің табиғатына жат бұл құбылыс тілге айтарлықтай зиян келтіріп, ол біртіндеп тілдің айтылым жүйесіндегі өзге тілдің сөздерін қазақтың өз артикулияциялық ерекшелігіне икемдеу қабілетінен айыруға апарып соқты. Сөйтіп, жазуымыз бен оқуымыз жартылай қазақша, жартылай орысша кейіпке еніп, «екі оттың ортасында» қалды. Бұл жазу жобасының түптің-түбінде тілді дүбәрә күйге түсіріп, өзіндік төлтума ерекшелігінен айырып тынатын, өте зымияндықпен тыңғылықты ойластырып жасалған мақсатты стратегиялық жоспар екендігі кім-кімге де түсінікті еді.
Шынында да солай болып шықты да. 1940 жылы қабылдап, күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан кирилл графикасы негізіндегі жазуымыз әуел баста қазақ тіліндегі сөздердің айтылымы мен жазылымын орыс тіліне барынша икемдеп, тіліміздің төлтума ерекшелігін жоюды көздеген құйтырқы әрекеті ақыры дегеніне жетті. Қазіргі әліпбиіміз, соған сәйкес емлеміз бен тілдік ерекшеліктеріміздің бәрі (орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, т.б.) қолданыстағы орыс әліпбиін үйретуге, тілімізді соған бағынышты етуге арналғандықтан қазақ тілінің өзге тілдерден енген сөздерді, атау тұлғаларды, терминдерді өз ерекшелігіне икемдеу қабілетінен мүлдем айырылып тынды. (Мысалы, самовар – самауыр, Москва – Мәскеу, Россия – Ресей, СССР – КСРО, тағы басқа). Мұқият ойластырылған, алысты көздеген бұл орыстандыру саясатын олар жүйе-жүйеге бөліп, кезең-кезең мен жүзеге асырды.
Қазақ халқының санасын жаулап, дүбәрә қалыпқа түсіру үшін жасалған әртүрлі стандарттағы шабуылдар одан кейін үдей түспесе, бір сәтке де саябырсыған жоқ. Әрине, мұндай жойқын идеологиялық шабуылдардан қорғану қазаққа оңайға түспегені анық. Мәселен, өткен ғасырдың 50-ші жылдары ұлт тілдері мен тіл ғылымына метрополия тарапынан келесі бір жойқын жабуыл жасалды. 1950 жылдың 20 ақпаны күні И.Сталиннің «Марксизм және тілтану мәселелері» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан кейін Кеңес Одағының барша республикаларында тілдік мәселені «сталиндік сара» жолға салу саясаты басталып кетті. Нәтижесінде елімізде тағы бір тілге байланысты реформа жүзеге асып, қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдылықтар қабылданып, күшіне енді. Осы реформадан кейін тілімізге жат ю, я, е, э, в, ц, щ, ч, ф, х, ь, ъ сияқты жаңа әріптердің асығы алшысынан түсіп, «орыс тілінен енген сөздер мен атау тұлғалар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттар енгізілген еді. Міне, бұл жоғарыда сөз еткен мәдени-рухани тұтастықтың бір көрінісі, әрі халықтың тарихи жадының елеулі бір саласы болып саналатын жазу дәстүрінің төлтумалық іргесі сөгіліп, істен шыға бастауы – Ресей отаршылдары көп жылдар бойы саналы түрде жүзеге асырып келген саяси-идеялогиялық мақсатымен байланысып жатқан құбылыс болатын. Яғни, жаңа замандағы халықтар теңдігі мен достығы, интернационализм сияқты жалған идеялармен барынша бүркемеленген, шын мәнінде бұрынғы патша үкіметі кезіндегідей бұратана халықтарды шоқындырып, одан әрі орыстандырып, түптің-түбінде қазақ даласын тұтас отарлау еді. Осы сәттен бастап қазақ тілінің жағдайы, табиғи қарсыласу механизмдері әлсіреп, сыр бере бастады. Тек сыр беріп қана қойған жоқ, біздің әліпбиіміз қазақ әліпбиі емес, ғалым Ә.Жүнісбек айтқандай «қазақ-орыс», оданда анығырағы орыс-қазақ әліпбиіне айналды.
Орыс тіліне қатысты қабылданған қандай қаулы-қарар, ереже, шешім, нұсқау болмасын, ол бір ғана тұжырымдамаға негізделді: қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілі емлесіне тәуелді ету. Осы жайтты жақсы түсінген Қ.Жұбанов 1933 жылы қазақ тіліне тән сингорманизм заңына сәйкес әліпби жасау керектігін тілге тиек етіп, емлеге өзгерту енгізуді ұсынған еді. Алайда, бұл ұсыныс назарға алынбады. Назарға алмаған да себебі бар еді. Өйткені, тағы да қайталауға тура келіп тұр, орыс отаршыларының негізгі мақсаты қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілінің емлесіне тәуелді ету болатын. Одан әрі қазақтарды орыстандыру әлдеқайда жеңіл болатынын өзінен өзі түсінікті емес пе. Осы тұста айрықша айтып өтетініміз, 1930 – 1950 жылдар аралығындағы қазақ зиялыларын қудалау, асу, ату, итжеккенге айдау секілді репрессиялық әрекеттің бәрі саясаттан оқшау тұрған құбылыс емес еді. Бұл КСРО империясының жаңа бағыттағы өзгеріске түскен ұлттық саясатының құрамдас бір бөлігі болып табылатын. Бұл уақытта пролетарлық интернационализм идеялары орнына ұлыдержавалық шовенистік көзқарастар өмірге келді, орыс халқы шамадан тыс мадақталып, ол «Ұлы Русске», яғни Кеңес Одағы құрамындағы басқа теңқұқықты халықтар арасында басты халыққа айналды. Елдегі мұндай өзгерістер кеңес идеологтарының орыс патшалары мен қолбасшыларын, олардың келбеттері мен тұлғаларын үгіт – насихат жұмысында пайдалануына жол ашып, ұлыорыстық бағытқа қарай ұмтылды. Иван Грозный, І Петр, ІІ Екатерина, тағы басқа орыс патшалары, сондай-ақ қолбасшылары мен қаһармандарын дәріптеу басталды. Жоғарыда айтып өткендей, 1938 жылы ұлттық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту мәселесі енгізілді, 1941 жылы Қазан төңкерісінің 24 жылдығын мерекелеу кезінде (7 қараша күн) И.Сталин халық пен Қызыл Армияға «осы соғыста сіздерге Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Минин, Дмитрий Пожарский, Александр Суворов, Михайл Кутузов сияқты біздің ұлы ата-бабаларымыздың ержүрек бейнелері рух берсін» ұран тастаған соң-ақ ұлы орыстық шовенизм бұрын соңды болмаған дәрежеде қарқын алды. Ұлы орыстық шовенизм соғыс жылдарындағы және одан кейінгі уақыттағы КСРО Компартиясының атымен бүркемеленген өзінің идеологиялық майдандағы жұмысының негізін қалады, ал орыс халқы басқа тең халықтардың арасында «көшбасшы» ұлтқа айналды. Сөйтіп Ресей империясы мен Кеңес Одағының арасындағы саяси – идеологиялық айырмашылық өзінен-өзі тегістеліп жүре берді. (Питер Э.Б. Национальное стройтельство или руссификация? (обязательное изучение русского языка в советских неруских школах. 1938 – 1953 г.г) В кн: Государство наций: империя и национальное стройтельство в эпоху Ленина и Сталина – М.: РОССПЭН. 2011. – С. 310 – 318) Содан кейінгі уақытта Кеңес Одағындағы басқа ұлттар туралы әңгіме «екінші кезекке ысырылып», олар тек орыс ұлтының «көлеңкесінде» қалуға мәжбүр болды. Әрине, ұлттық республикаларда да «өз» ұлы бабаларының қаһармандық бейнелерін іздестіруге рұқсат берілгенімен, бірақ олар великоросстардың «ұлы бабаларына» қарсы қойылмау керек деп табылған еді. Мысалы, жаңа тарих бойынша белгілі орыс-кеңес ғалымдары А.В.Ефимов пен А.Н.Яковлев ұлы орыстық бағыттағы патриоттық тарихнамалық басылым даярласа, С.К.Бушуев республикадағы ғалымдарды «ұлттық нигилизмнен» арылуға шақырды. Ал, Қапқаз, Татарстан, Башқұртстан, Сібір, Орта Азия және басқа да жаулап алынған және езгіге түскен халықтардың царизмге, оның отарлық саясатына және сомодержавиені жақтаған жергілікті қанаушыларға қарсы ұлт-азаттық сипаттағы бас көтерулер қайта-қайта қаралып, осы бағыттағы ғалымдар билік тарапынан қудалауға ұшырады. Айталық, Сталиндік сыйлық алған Шәміл туралы монографияның авторы – әзірбайжан тарихшысы Гейдар Гусейнов арнайы орындардың қыспағына шыдамай асылып өлсе, татар және башқұрт ғалымдары Едіге үшін жапа шекті, Кенесары Қасымов үшін қазақ ғалымдары Ермахан Бекмаханов, Бекжан Сүлейменов, Қажым Жұмалиев, Е. Ысмайлов, тағы басқалар жазықсыз жазаға душар болды, итжеккенге айдалды.
Егер Яковлев пен Бушуев халықтардың теңқұқылығын ескермей, ашықтан ашық ұлыдержавалық және русскоцентристік бағытты насихаттап, белден басса, П.Смирнов пен Е.Тарле патшалық Ресейдің жаңа аймақтарды басқыншылықпен жаулап алуын өркениеттік тұрғыдан тілге тиек етті. Онымен де қоймады Ресейді ұлы держава дәрежесіне жеткізгендер кімдер деген мәселе қойып, ұлы орыс халқының көшбасшылығы арқасында Кеңес одағының Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияға қалай лайықты соққы бергенін алға тартып,орыс ұлтын ашықтан-ашық дәріптеуге көшті. Содан соң-ақ патшалық Ресей дәуірін дәріптеушілер көбейген үстіне түсті де, отаршылық езгідегі басқа ұлттар орыс менмендігінің көлеңкесінде қалып отырды. Бұл жағдай 1945 жылы 24 мамырда Кремльде өткен Кеңес Армиясының қолбасшыларын салтанатты қабылдау барысында И.Сталиннің орыс халқы үшін көтерген тосында тіпті айқындала түсті. Сонда бүкіл халықтардың әкесі былай деген болатын: «Жолдастар, маған тағы бір тост, соңғы тост көтеруге рұхсат етіңіздер. Мен бұл тосты біздің Кеңес халқы үшін, соның ішінде орыс халқы үшін көтергім келеді. Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығы үшін ішемін, себебі олар Кеңестер Одағына кіретін ұлттардың ішіндегі үздігі. мен орыс халқының денсаулығы үшін тост көтеремін, себебі олар біздің еліміздегі барлық халықтардың ішіндегі осы соғыста Кеңестер Одағындағы басқарушы халық болды. Мен тосты орыс халқының басқарушы халық болғаны үшін ғана емес, сонымен қатар оларда айқын ақыл, табанды мінез және шыдамдылық бар екені үшін көтеремін…» (Сталин И.В. Сталина на приеме в Кремле в честь командующих войсками Красной Армий. 24 мая 1945 годо. ВКН.: – М.: ОГИЗ Главполитизмдат, 1947. – С. 197).
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Жаны сергек ұлтшыл ғалым Қ.Жұбанов 1933 жылы жарық көрген бір мақаласында «… Ресейге қарағаннан кейін, қайта қатынас әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақталып, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тұтас мәдениетінің іргесі сөгіліп, бөлшектеніп, жарықшақтанып, бытырауға айналғанын көреміз» деп жазыпты. Ол мақаласында бұл құбылыстың әсіресе 1867 мен 1917 жылдар аралығында ерекше қарқын алып, қазақтың мәдени – рухани тұтастығы ыдырауға бет алғанын арнайы түрде атап өтеді. Біз де негізінен мәртебелі ғалымның пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан Қазақ елін біріктіріп, тұтастандырып тұрған қоғамдық организдерді бытыратып, бөлшектеп, жойып жіберуде әсіресе отаршылдық пиғылын халықтар достығы, интернатционализм сияқты жасанды идеялармен бүркемелеп жүргізген большивиктік (кейіннен коммунистік) – кеңістік – тоталитарлық биліктің рөлі бәрінен де апатты, қауіпті, жойқын болды деп есептейміз. Орыс отаршылдығының түпкі мақсаты мен пиғылына терең үңілген сайын, әрі оның қиратқыш күшінің мүмкіндігін танып-білген сайын жаның түршігеді. Іштей булығып, тамағыңа ащы өксік тығылады, еріксіз жұдырығың түйіле бастайды…
Еске салатын нәрсе, қазақ тарихында Ресей империясының үш жүз жылдық басқыншылық саясатының түпкі мақсаты мен оны іс жүзіне асыру жолында кезең-кезеңмен қолданған, әрі бүркемелеп жүргізген түрлері, айла-тәсілдерінің механизмдері, яғни, отарлаудың кешенді түрдегі шын тарихы әлі зерттелген де, жазылған да емес. Меніңше, оның зерттелуі де, жазылуы да екіталай. Өйткені, осы күнге дейінгі әлем тарихы отаршылдық мүдде тұрғысынан зерделеніп, жазылып, сарапталып, түсіндіріліп келді. Олай болса, орыстың тарихи білімінің көлеңкесінен шыға алмай отырған қазақ тарихы ендігі жерде қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан отарсыздану мақсатында зерттеу жүргізіп, саралап, баға беріп жазатын уақыт келді деп ойлаймыз.
Бір анық нәрсе, орыс тілі – басқыншылықтың, зорлықтың, зомбылықтың тілі болса, кирилл жазуы – отаршылдықтың, озбыр күштің жазуы. Отаршылдықтың дәуірі өтіп, ожар күштің ақыры таяп келеді. Бұл не деген сөз? Орыс әлемінің, кирилл әліпбиінің дәуірі өтіп, күні батып барады деген сөз. Дәуірі өтіп бара жатқан жазу үлгісі бізді алға сүйрей ала ма, өркениетке жеткізуге дәрмені жете ме?..
Болат Шарахымбай