Қазақ тілінің кереметі!
Ана тілі – адам баласына анасының сүті арқылы даритын тіл. Кез келген ұлттың өз ана тілі бар. Ал иісі қазақтың ана тілі ол – қазақ тілі. Қазақ тілі – ғажап тіл. Қазақ тілі – бай тіл. Десек те, біз осы өзіміз сөйлесіп жүрген қазақ тілінің кереметтері бар екенін түсіне бермейтін секілдіміз…
Қазақ тілі және Құран
Қазақша таза сөйлейтін пенденің Құранды да таза оқуға мүмкіндігі бар. Әрине, Құранның мағынасын түсінбесе де, оның әрбір махражын (шығу дыбысын) дұрыс шығарып, анық оқудың өзі бір еңбек. Ал бұған кез келген ана тілін білетін қазақтың қабілеті жетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық, қазақ тіліне тән дыбыстардың көбісі, мысалға: «ә, ү, қ, һ, ғ» дыбыстары, Құранның 29 дыбыстарының қатарында бар. Олардың ішіндегі «ү» мен «ә» дыбыстары араб әліпбиінің тізімінде дәл солай дыбысталмайды және жазылмаған. Бірақ кейбір сөздерде «у» дыбысы өзгеріп, жіңішке оқылатын жерлері бар. Сондай сөздерде «у» әрпі «ү» әрпіне дыбыстық өзгеріске ұшырап, жіңішке оқылады. Бұған мысал ретінде «әғүзү» сөзін алуға болады. Бұл сөз негізінде «ағузу» болып жазылады. Оның ішіндегі «ғ» дыбысы арабшада «айн-ﻉ» деп аталады. Араб әліпбиінде бір-біріне ұқсас «айн-ﻉ» және «ﻍ-ғайн» дыбыстары бар. «Ғайн» әрпі кәдімгі қазақ әліпбиіндегі «ғ» (ғарыш) әрпі секілді, өңештен шығып, жуан дыбысталса, «айн» әрпі өңештен төмен орналасқан тамақтың ортасынан шығарылады. Бірақ екеуінің дыбысталуы ұқсас. Жоғарыдағы «ағузу» сөзіндегі «ғ» әрпінің орнына «айн» әрпі дыбысталады. Одан кейін «у» әрпінен кейін орналасқан «з» әрпі сақау оқылады. Яғни, бұл әріп дыбысталғанда тілдің ұшы үстіңгі тіске, ал тіл ұшының асты астыңғы күрек тіске тиіп шықса, сақау дыбысталады. Ал, егер аталған сөздегі «у» дыбыстары сол күйінше жуан дыбысталса, әлгіндегі «з» әрпінің сақауша дұрыс дыбысталуы қиынға соғады. Ал егер де «у» әрпі «ү» болып дыбысталса, онда сөздің мағынасы өзгермейді, яғни сөздің дұрыс оқылуына жақынырақ. Анығын Алла біледі. «Ағузу» сөзінің басындағы «а» дыбысы да араб тіліндегі «ﺃ-әлиф» әрпінің орнына. Ал енді осы «алиф» әрпі де «ә» болып дыбысталмаса, кейінгі «у» дыбысы «ү» болып дыбысталуы, «з» әрпінің сақау дыбысталуы да қиындап кетеді.
Жоғарыда қазақ тілінің төл дыбыстары дедік. Сол қазақ тіліне тән дыбыстар Құран оқығанда көптеп кездеседі. Мәселен, арабшадағы «ﺃ-әлиф» әрпі жіңішке оқылатын жерлерде «ә» болады, «у» дыбысы да «ү»-ге айналады. Құранның «ﻖ-қаф» әрпі қазақ тілінің «қ» әрпімен бірдей дыбысталады. Қазақ тіліндегі «һ» (қаһарман) әрпі араб тілінің «ﮫ-һә» әрпінен кем дыбысталмайды, яғни бірдей шығады. Арабша «ﻍ-ғайн» әрпі қазақша «ғ» әрпі секілді дыбысталады. Демек кез келген тілі қазақша шыққан адам Құранды қателіксіз, қате болса да болмашы қателіктерге жол беріп оқи алады. Құран оқуға тілім келмейді деген сылтау сөз иісі қазаққа жарамайды. Тек тілін икемге келтірсе болғаны. Осы тұста Құранның қандай қасиетті кітап екендігін барша мұсылман біледі. Бір әрпін ғана оқысаң сауап сыйлайтын керемет дүниені кім оқығысы келмейді?! Құран деген кісі өлгенде ғана оқылатын нәрсе емес. Айтпағымыз, қазақ тілі мен Құран егіз дүние, әрине тіл дыбыстарының ұқсастығы жағынан. Мұны да қазақ тілінің кереметі деп біліңіз.
Қазақ тілі және дін
Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, мұсылман қоғамында дін насихатына көңіл бөлінбеген кез болмаған. Өйткені, дін кез келген қоғамның негізін құрайды. Діні мықты қоғам діңгегі мықты ағаш секілді.
Әйгілі қазақ елінде дін көкжиегі қазақ тілі арқылы қанат жаюда. Қазіргі кезде халықтың дінге деген таным-түсінігін бұрынғымен салыстырып айтуға мүлде келмейді. Байтақ елімізде 2300-ге тарта мешіт бар. Ол мешіттерде білікті имамдар жұмыс жасайды. Бәрі де араб және қазақ тілінде білім алған. Қазақ тілінде уағыз айтады. Халықтың діни сауаттылығын арттыруда соңғы жылдары қазақ тіліндегі діни кітаптардың саны артты. «Дін – насихат» демекші, құрамына білімі жоғары білікті мамандарды алған еліміздің діни басқармасы 100 пайыз қазақ тілінде жұмыс жасайды. Дін мәселесі әрбір адамды қызықтыратыны белгілі. Соның ішінде қазақ, әрі мұсылман пенденің дін жайында білімі мен түсінігі терең болуы шарт. Сондықтан діни біліміңді тереңдеткің келсе, қазақша сөйле, қазақшаға жетік бол, қазақшаны жақсы түсіне біл. Осы шарттарды орындаған пенде өз елімізде жүріп-ақ діни білімін тереңдете алады. Көп адамның шетелге оқуға барып абырой таппасы белгілі.
Медреселерге, мешіттерге орыстанып кеткен қазақтар, дүңгендер, Ислам дінін қабылдаған өзге ұлт өкілдері келіп жатады. Келіп Құран оқытып, құрбан шалдырып, уағыз тыңдап кетуді жөн көреді. Сол кісілер дін талаптарын шамасы келгенше орындағысы келеді, ал бірақ өзінің тұрып жатқан елінің тіліне шорқақ. Сол бір келгенінде қазақша түсінсе қазақша, орысша түсінсе орысшалап уағыз тыңдап кеткенімен, діни мекемелерде таратылатын кітаптар, табақшадағы уағыздар қазақ тілінде болғандықтан оларға пайдасы көбіне тие бермейді. Ондай кісілер үшін біз орысша кітаптар мен уағыздарды көбейтіп емес, қайта оларды қазақшаға шақырғанымыз абзал.
Негізінде әрбір мұсылман адам өзі тұрып жатқан жердің дінін, тілін, дәстүрін құрметтеуі азаматтық міндеті. Егер тұрып жатқан жерінің діні басқа болса, соны қабылда деген сөз емес. Дінде зорлық жоқ. Дініне сол тұрып жатқан жердің, халықтың зияны тиіп жатса, онда ол жерден басқа ыңғайлы жерге қоныс аударуға қамданғаны жөн. Ал тіл мәселесіне келетін болсақ, мұсылман болсын, басқа болсын, әрбір ұяты, адамгершілігі бар жан, сөзсіз ол елдің тілін жетік білуі тиіс. Себебі, тіл үйрену адамға зиян емес, пайда әкеледі. Сол елдің тілін білуі ол жерге құрметі, адалдығы болып есептеледі.
Қазақ тілі және өзге ұлт өкілдері
Қазақстанда 130-дан астам өзге ұлт өкілдері тұрады делінеді. Бірақ, солар қазақ тіліне қаншалықты құрметпен қарайды. Азы қазақша білгенімен, көбісі білмейді. Себебі, бізде қазақ тілін білуге қойылатын қатаң талап жоқ. Түрік түрікпен түрікше, өзбек өзбекпен өзбекше, кәрістер мен орыстар болса, өзара орысша сөйлескені былай тұрсын, қазақтармен де орысша сөйлеседі. Ал, қазақ болса, біліп тұрса өзара орысша сөйлескенді жөн көреді. Орысша жетік білетіні сөйлей сөйлей, өз тілін ұмытып қала салады. Қазақтың әлсіз тұсы да осы. Біз әлі байқай қойған жоқпыз өз тілін ұмытып кеткен басқа ұлттарды. Енді арасында бар шығар. Дегенмен қазақ секілді көп емес. Мысалыға, Қазақстанда тұрып жатқан кәрістердің көбісі кәрісше білмейді. Алайда солардың өзі қазақша сөйлеп жүріп өз тілінен айырылған жоқ, Қазақстанда тұрып, орысша сөйлеп жүріп тілін ұмытты. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бар ғой. Біз қазір өз елімізде ұлтан да бола алмай жүрміз. Неге десеңіз, бір бұйымыңызды жөндетуге барсаңыз, ол жөндеуші орыс болса, сізге орысша қызмет жасап береді. Мейлі ол мұқтаж болып келіп тұрса да, өз тірлігін өз тілінде сөйлеп бітіріп кетеді. Оларға рахат, біздің тілімізді үйренуге бас қатырғысы келмейді. Одан да сорақысын айтайын. Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкент қаласында бір сауда орталығында жұмыс істейтін қазақ бауырымыз түрікше сөйлей алмағаны үшін жұмыстан шығыпты. Қожайыны сен неге түрікше деген талап қойған көрінеді. Намысың келе ма, келмей ма? Өз еліңде тұрып, өзгеге соның тілімен, ол да саған өз тілімен қарым-қатынас жасауы, намысыңды қозғалтпай ма? Жә, айтқан кезде уақытша намыстанып, кейін суып кететін қуыскеуделер үшін емес бұл айтқаным. Бұндайда намысы бар кеуделер қазаққа да, басқаға да қазақша сөйлеу керек. Сізге бір жұмыспен мұқтаж болып келіп тұрған өзге ұлттың өкіліне қазақшадан басқаны білмейтіндей қызмет етіңіз. Сонда нәтиже болар деген үміттеміз.
Осы жерде ескертеріміз, мақсатымыз ұлтаралық қақтығыс тудыру емес, ұлттың намысын жоғары қою. «Ұлттың намысын көтеремін» – деп, орысша оттап тұрған сүйексізге сенесіз бе? Өзге ұлт өкілдерін қазақ жұрты шеттетпейді, кемсітпейді, бөлектемейді. Қайта құрмет тұтады. Отырмаса да, автобуста баратын жеріне тұрып бара алатын жасы үлкен орыс ағайға қазақтың баласы орын береді. Міне, бұл да қазақтың ұлтына қарап емес, жасына қарап сыйлайтындығының бір көрінісі. Қазақтың тілін өзге ұлт үйренбесе де қазақ оған түсіністікпен қарайды. Өзге елдерде тілін біліп тұрсаң да, дәстүрін дәріптеп жүрсең де жақтырмайды. Солардың бірі – Өзбек елі. Ал, енді осындай қазақ секілді дана халықтан неге солар айналып қана кетпейді. Неге олар қазақтың төл тілін үйренуге қызықпайды. Тағы да айтарымыз, адамгершілігі мен ұяты, ұжданы бар халық өзінің тұрып жатқан жерінің тілін құрметтеп, оны үйренуге тырысады. Өзге ұлт өкілі қазақша біліп тұрса, оған деген біздің құрметіміз де арта түседі.
Осыдан бірнеше ай бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақша сөйлеп таң қалдырған Марина Вольнова» деп жаңалықтар бөлімінде репортаж дайындалыпты. Елдің намысын қорғап жүрген спортшы қыз ауылды жерде өскендіктен қазақшаны жақсы меңгерген көрінеді. Сондағы айтпағым, әрбір өзге ұлт өкілі қазақша сөйлесе таң қала беруіміз керек па? Әрқайсысына таң қала берсек не болғанымыз. Ондайда біз «Жарайсың» деп еңбегін бағалап, арқасына қағып қойғанымыз дұрысырақ. Әркімге таң қалып, олай ел беделін төмендетпейік. Өзге ұлт өкілі қазақша біліп тұрса, оған біз таң қалмаймыз, оған біз құрметпен қараймыз.
Қазақ тілі және қоғам
Қоғам дегеніміз көпшілік орта. Сол көпішілік ортада орыс тілінің саудасы қызып тұр. Қазақ тілінің анда-санда ірі көлемде өткені болмаса, өтпей тұратын кезі көп. Себебі, орыс тілін, байлар, әкімнен немесе одан төмендегілерден бастап, министрлерге дейін қоймай алады. Әлгі шенді-шекпенділер қоғамдық беделді орталарда көп жүретіндіктен, әлгі алған орыс тілдері де өздерімен бірге жүреді. Орысша сөйлеу бір керемет нәрсе болып көрінетіні де сондықтан. Ал, қазақ тілді жамағаттың саны олардан басым. Елімізде ұлттық мүдде жайында кім көбірек мәселе көтерсе, сол сүйкімді халыққа. Себебі, ондай жандар жалпы халыққа ұғынықты түрде, қазақша сөйлейді. Барған жерінде сұхбатын, насихатын қазақша жүргізеді. Міне, сондықтан әлгі қоғам қайраткерлері халықтың ерекше ықыласына, қошеметіне бөленеді. Сондай ұлт жанашырлары, тіл жанашырлары түрлі сайлауларға өздерін кандидаттыққа ұсынса, халық оларды бірден-ақ көтеріп жібереді. Тағы да айтам, қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін халықтың саны басым. Оған да осы уақытқа дейінгі орын алған көптеген оқиғалардан дәйек алдық. Жай ғана бір мысал, «Жаужүрек мың бала» фильмінің негізгі тілінің, атының қазақша болуы. Ол фильм халықты өзіне солайша тартты. Бірақ қазақша түсірілген фильмнің бәріне халық келе береді екен деген ой болмау керек. Жақсы мен жаманды ажыратуда халықтың талғамы жоғары. «Ер Төстік және Айдаһарда» солай. Атының өзі қазақша сайрап, менмұндалап тұр. Оны орысша дубляж жасап қор қылатынын қайтерсің. Кейбір көрсетілімдерін қазақша көрем деп кіріп, орысша дубляжын көріп қайтқан кезіміз талай рет болды.
Хош, қоғамдағы қазақ тіліне қайта оралайықшы. Қоғамдық көліктерде, көшеде көптеген өзіміздің қазақтарға күлкің келеді. Бір нәрсені сұрағысы келсе бірінші орысшалап сұрайды. Әй, бірінші қазақшалап сұрап көрсей, түсінбей жатса орысшасын қолданасың ғой. Қазір орыстардың көбісі қазақша түсінеді. Бірақ, сөйлемейді. Осыншама жыл жүріп қазақша түсінбей не көрініпті. Сондықтан да, Елбасымыздың: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзіне «Орыспен де, басқа мен де» деген сөзді қосып қойсақ сәнін бұзбас.
Қазақ тілінің Қазақ елінде мәртебесі биік болуы тиісті. Қазақтан шыққан полиглоттар бар шығар. Егер де сондайлар қанша тіл біліп тұрып, қазақша білмесе, олар біз үшін полиглот емес. Әбділда Тәжібаев ағамыздың: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзі басты ұстанымымыз болсын!
Нұрқанат Нұрдәулетұлы