Қазақ-түрік лицейінің шәкірті жеңіс тұғырында
Қазақтың ұлы ойшыл ақындары Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын оқушылар арасында кеңінен насихаттау, ақын шығармалары негізінде өскелең жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеу, Отанға, анаға деген сүйіспеншілігін арттыру — Абай оқуларының негізгі мақсаты.
8-10 қыркүйек аралығында Семей қаласында, жыр мекені Жидебай жерінде, ХVІІ республикалық Абай оқулары болып өтті. Сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 113 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Сайыс үш бағыт бойынша өткізілді: «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» және «Көңілім әнді ұғады».
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Құралай Мейрамбек Абай оқулары байқауының облыстық кезеңінен бас жүлде иеленіп, республиаклық кезеңінен «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Талай мәрте жеңіс биігінен көрініп, көмекейінен ән төгілген Құралайдың жеңісті әрі жемісті күндері көп болсын деп тілейміз!
Қызылорда қаласы, №10 қазақ-түрік лицей-интернаты