Қазақ жеріндегі қаптаған жат атаулардан құтылатын кез жетті!

Қарапайым адамдар үшін бұл сөздердің астарлы мағынасы немесе саяси-қоғамдық, философиялық терең ұғымының қажеті шамалы.Оларға қолмен ұстап, көзбен көретін болмыс керек. Қарапайым халық үшін Тәуелсіздік елтаңба да, әнұран да, ту сияқты рәміздермен шектелмейді. Олардың барлығы Кеңес жүйесінде, отар ел болып тұрғанда да бар болатын; иә, түсі мен түрі, мәтіні өзгерді. Қарапайым қазақ халқы үшін Тәуелсіздік дегеніміз — өзінің қазақ тілінде, мемлекеттік тілінде сөйлеу мен жазу мүмкіндігі (отар болған кезеңде биліктің орыс тілінде сөйлеуге, жазуға мәжбүрлегенін бәріміз білеміз) мен қала, аудан, ауылдардың, көшелердің аттарының бұрынғы жасанды идеологияның негізінде қойылған, қазақ жерінің тарихы мен рухани дүниесіне ешқандай қатысы жоқ атаулардың өзгеруі. Бір сөзбен айтқанда, Президентіміз айта беретін Ұлттың Рухани жаңғыруының өмірдегі көрінісі де осы.

Бағымызды байлаған 
маратория бітті, енді…

1991 жылы Алматы қаласында 1986 көше болды. Сол көшелердің 86 пайызының атауларының не Алматы қаласына немесе Қазақ еліне, оның тарихына ешқандай қатысы жоқ болатын. Әлі есімде, бір күні Жасарал Қуанышәлин екеуміз таңға дейін отырып, 300-дей көшенің атын өз білгенімізше ауыстырып, Алматы қаласының басшылығына ұсындық. Бұл — біздің ономастика саласындағы алғашқы еңбегіміз болатын, сонда да болса, әрбір шартты ауданға белгілі бір салаға қатысыбар адамдардың аттарын беріп, жүйеге түсіруге тырысқанымыз есімде. Бір аудандағы көшелерге сазгер, әнші, күйшілердің аттары берілсе, енді бір ауданға батырлар мен хандардың есімдерін ұсындық. Құдайға шүкір, солардың ішінде Абылайхан (Коммунистический), Наурызбай батыр (Дзержинский), Қабанбай, Бөгенбай, т.т. ұзын саны 13 көшеге біздің ұсынған аттарымыз қойылды. Бұл мәселе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ ұлты көп қоныстанған елді мекендерде кең қанат жайып, тез шешімін тапса, солтүстік, шығыс аймақтарда жергілікті тұрғындардың қарсылығына да кезікті.
Өкінішке орай, Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағаннан кейін отарсыздандыру бағдар-ламасын қабылдаған жоқ. Сол себепті отаршылдық кезінде тоталитарлық кезеңдегі берілген елді мекендердің, көшелердің атаулары, идеологиялық бағытта орнатылған ескерткіштер сол қалпында қалды. Әрине, бұлардың кейбіреулері жергілікті билік өкілдерінің, азаматтық қоғамның белсенділігінің арқасында ауыстырылып, қазақ елінің тарихына еңбегі сіңген тұлғалардың есімдері беріле бастады. Қысқасы, ономастика мәселесі жергілікті биліктің құзырына өтті. (Сондықтан болуы керек, Президенттің Павлодар, Петропавл қалаларының атауларын өзгерту бағытында осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан пікірлері де елеусіз қалды) Сонымен қатар кейбір аймақтарда, оның ішінде оңтүстік облыстарда, аудандар мен ауылдардағы көшелерге бұрынғы сол аймақта ауданды басқарған не колхозда көптеген жыл басшылықта жұмыс істеген, қоғамға пәлендей еңбегі сіңбеген ата-бабаларының не әкелерінің атын беру етек алды. Осы бір ыңғайсыз құбылысқа тосқауыл қою мақсатында мемлекет тарапынан көшелердің аттарын өзгертуге маратория да жарияланды. Мойындауымыз керек, осы маратория Қазақ еліндегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды алып тастауға үлкен бөгет болды.Енді күш ала бастаған процесті бірнеше жылға байлап тастады. Менің ойымша, біріншіден, «әке-шешелеріне» ат беру мәселесі шектен шығып кеткен Оңтүстік өңірге ғана маратория жариялануы тиіс еді немесе маратория жарияламай-ақ, жергілікті ономастика комиссияларына осы мәселеге көңіл бөлу қажеттігін жеткізуімен шектелгені дұрыс еді.Алайда біздің билік республика бойынша атауларды ауыстыруды тоқтатып, «битке өкпелеп, шапанды да отқа салды».
Өткен жылдан бастап көше, елді мекендердің атауларын өзгертуге жарияланған маратория (ең қызығы, бұл мараторияны кімдердің жариялағаны, қанша мерзімге жариялағаны, не үшін жариялағанынан қоғам хабарсыз болды. 2016 жылғы «маратория» Президент әкімшілігінің хаты бойынша «жарияланды» деген сөз бар, бірақ біздер құқықтық мемлекетпіз ғой, сондықтан Президент әкімшілігінің маратория жариялауға құқығы бар ма және ол қандай заңда көрсетілген деген сұраққа жауап ала алмадым. Алайда Президент әкімшілігінің немесе ішкі саясат басқармасының (Қазақстан Парламентінің орнын баса алмайтыны анық)тоқтатылып, ономастика мәселесі қайта жанданады ма деген үміт пайда болды. Алайда ұлттық мәселе десе, аяқтарын санап басатын Қазақ елінің билігі алдымызға тағы бір алынбас қамал орнатып үлгіріпті. Бұл қазақтың тарихи тұлғаларына ат беруге қойған тосқауыл ма, әлде қарапайым ақымақтық па немесе асырасілтеушілік пе, оған өздеріңіз баға беріңіздер.

Көшесіне «аң-құсты 
қаптатқан» алматылықтардан үлгі алма!

Былтыр қараша айында Алматы қаласының 100 көшесінің атаулары ауыстырылды. Әңгіме ауыстырылған атаулардың 99 пайызының бұрын да қазақ тілінде болғанында емес (меніңше, қайталанатын көше атаулары ауыстырылған сияқты), обьектілерге қоюға мүлдем болмайтын атаулардың пайда болуында.
Мен бұл атауларды екіге бөліп көрсеткім келіп отыр. Біріншісі — «Хан шатыр», «Нұрлы жол», «Нұр әлем», «Нұрсая», «Нұрлы таң» сияқты көше атаулары. Әрине, соңғы уақытта жағымпаздық жайлап кеткен Қазақ елінде «Нұр» сөзін қолдану — анектодтық деңгейге жетті (Жаңа салынып жатқан құрылысқа қандай атау бересіңдер деген Президенттің сұрағына «Нұрплаза» деп атаймыз деген Н.Смағұлов мырзаға Нұрсұлтан Назарбаев: «Осы жағымпаздықты қайдан үйрендіңдер?» — дегенін де бәріміз естідік). Өз басым, мүмкін баяғыда осындай бір тарихи тұлғалар болған шығар деп тарихты қайта қарап шығып, «Нұрлы жол», «Нұрлы әлем» деген не бір батырды, не бір биді таба алмадым. Бұл атауларды кімдердің ұсынғаны және ең бастысы, оған қандай негіздеме жасағанын да кездестіре алмадым. «Хан шатыр» деген көшеде «Хан шатырдың» өзі орналасса түсінікті болар еді, ал Астанадағы бір дүкеннің атының Алматыдағы көшеге берілуі ақылға симайды. Екіншісі — көшелерге «Бүркітті», «Лашын», «Ақбөкен», «Аққу», «Бозторғай», «Мұзбалақ», «Қарлығаш», «Шағала» т.т. сияқты аң-құс атауларының берілуі. Жастарға бұл атаулардың қандай патриоттық тәрбие беретінін білмеймін, бірақ торғай, қырғи, қарсақ, түлкі, т.б. ит-құстардың ренжитіндерінде дау жоқ.Меніңше, ешбір елде кездеспейтін Алматы қаласының ономастика комиссиясы бастаған бұл жаңашылдық бағытты белгілі бір жүйеге келтіру қажет сияқты. Олай болмаған жағдайда, алматылықтардың жаңа бастамасы жануарлар әлемінде үлкен дау-дамай тудыруы ғажап емес. «Лашынның менен қай жері артық?» деп ертең қаршыға шалқасынан түссе, «Бозторғайға көше бергенде қараторғай тоқалдан туды ма?» деп қараторғайдың көшіп кетуі де мүмкін. «Шағала» деген атауды Атырау мен Ақтаудың көшелеріне берсе түсінер едік, ал теңізге ешқандай қатысы жоқ Алматыға берілуінде қандай мән бар? Бұл жерде «бармақ басты, көз қысты болғаны анық» деп шымшық біткен шуылдаса не істейміз? Өз басым, бұл жаңа бастаманы жүйелеу үшін, үлкен көшелер мен даңғылдарға «Кит», «Піл», «Арыстан» деген сияқты ірі аңдардың аттарын, ал шағын не тұйық көшелерге «Құрт», «Құмырсқа» немесе «Шыбын-шіркей» деген атаулар беруді ұсынамын.

«Ақбөкен», «Бозторғайларды» көше 
атауларына әкелген кім?

Осы жерде сәл шегініс жасап, бұрынғы кеткен қателіктерді қайталамау және қоғамдағы осы бір оң өзгерістерді бірізділікке салып, ономастика мәселесін өркениетті, жүйелі және заңды түрде жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы институтпен бірлесе дайындаған, 2016 жылы жарық көрген «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» (Сала мамандарына әдістемелік көмек) деген еңбегіне көңіл аударайық. Осы бір өте пайдалы, практикалық тұрғыда жазылған тамаша жинақтың негізгі бөлімі «Объектілерге атау беру және қайта атау тәртібі» деп аталады.
3. Объектілерге атау беру және қайта атау кезінде:
3.1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы мемлекет меншігіндегі объектілерге, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдарға, көшелерге, орамдарға, саябақтарға, көпірлерге) атау беру және оларды қайта атау жөнінде шешім қабылдау кезінде ең бірінші кезекте қазақ халқының, қазақ елінің тарихында айрықша орын алатын, жалпы халық білетін әрі құрмет тұтатын ұлы тұлғалардың, аса көрнекті мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің, мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған және басқа да ерекше еңбек сіңірген жеке адамдардың есімдерін беруді негізге алуы қажет;
Осы бір нақты да түсінікті сөз тіркестері —Қазақ елінің заңдарында емес, барлық дерлік мемлекеттердің заңдарында бар, өмірдің өзінің қажеттілігінен туған, объектілерге ат қоюда, заңнан көрі дәстүрге айналып кеткен талап. Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшелері үшін осы нұсқаудың тағы бір жерінде төмендегідей бап берілген:
3.5. Облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы объектілерге, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдарға, көшелерге, орамдарға, сая-бақтарға, көпірлерге) атау беру және қайта атауда бірінші кезекте осы ұсынымның 3.1. тәртібін басшылыққа алады;
«Алматы қаласы» десе, сөздің бәрі қала әкімі Бауыржан Байбекке тиетіні анық, бірақ нақты бұл жағдайда «ономастика әлеміне жаңалық әкелген» алайда «шағаладан «пара»алғандар» — Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшелері деп ойлаймын. Жоғарыдағы еңбекте де бұл құрылымның міндеті анық көрсетілген;
3.6. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіруге қатысты ұсыныстарды (қабылдау/қарастыру) зерделеу және пысықтау мақсатында құрылған ғалымдар мен ономастика саласының мамандарынан тұратын жұмыс топтарының сараптамаларын негізге алады;
Меніңше, Алматы қаласы үшін ономастикалық комиссияның сараптамасының қажеті шамалы сияқты. Сонда да болса, біздің ғалымдар мен ономастика саласының мамандарының көшелерге «Нұр әлем», «Нұр сая» немесе аң-құс атауларын бергенде қандай негіздеме жасағанымен танысқым келеді. Мүмкін, Алматы әкімшілігі мен мәслихаты келешекте ономастика комиссиясын таратып (жоғарыдағы атауларды берген комиссия мүшелерінің өздері-ақ, ертең комиссия құрамынна шығуға арыз беретін болар деп ойлаймын), олардың орнына зоология мен биология мамандарын шақыртса да жетіп жатыр. Айтпақшы, өкінішке орай, бұл әбден жауыр болған «Нұр» сөзі мен «жануарлар әлемі» енді он жыл бойы өзгермейді;
3.8. Объектілерге атау беру, атау берілген (өзгертілген) күнінен бастап он жыл өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады;
Қысқасы, осы он жылдың ішінде не Алматы қаласының көшелері бітеді немесе жан-жануарлар мен құстардың, жәндіктердің аттары бітеді.
Объектілерге атау беру және қайта атау тәртібінде» ұсынылатын атаулардың қандай болуы керек екендігі де тайға таңба басқандай көрсетілген;
3.11. Ұсынылатын атаулар Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік және қоғамдық мүддеге, моральдық және адамгершілік қағидаларына сәйкес келуі тиіс, сонымен бірге нысан атаулары атқаратын қызметіне сай ақпарат беруі тиіс.
«Ақбөкен» мен «Бозторғайлар» — сөз жоқ позитивті атаулар, алайда олардың тарих пен мәдениетке, мемлекеттік және қоғамдық мүддеге де, нысанның атқаратын қызметіне де адамгершілік қағидаларға сай ақпарат беріп тұр деп айта алмаймын. «Күйкентай көшесінде тұрамын!» дегенде, бойымызды ерекше бір патриоттық сезім билеп, тарихымыздан қуат аламын деп айта алмаймын.
Ең қызығы, осы еңбектің 6.3 тармағындағы: «Мағыналары тар атаулар немесе жалпылық сипатта болатын, жеке тұлғалардың есімдеріне меңзейтін және тарихи-дәстүрлі атау¬ларға негізделмеген атаулардың берілмеуі қадағаланады (Мысалы: Ботагөз, Қарлығаш, Замандастар, Мектеп, Мерей, Мұрагер т.б.)», — деген жолдар Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшелеріне арнап жазылған сияқты. Біздің талдап отырған атауларымыздың барлығы дерлік жалпылық сипатта және тарихи дәстүрлі атауларға негізделмегені анық. Айтпақшы, біздің Комиссияның шектен шыққаны соншалықты, осындай атауларды беруге болмайды дегенге мысал ретінде келтірген «Қарлығаш» атауын да бір көшеге беріп тастапты. Бұл — «сендердің тәртіптеріңді де, талаптарыңды да ұрғаным бар» дегені болар.
Енді бұрын-соңды болмаған осы ақымақтықтың (басқа сөзім жоқ) қайдан шыққанына білейін деп Алматы қалалық Тіл басқармасының бөлім бастығымен пікірлестім. Оның түсіндіруінен ұққаным біреу-ақ: Жоғары жақтан көшелерге адам есімдерін беруді шектеу туралы бұйрық түсіпті-міс. «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстарда»бұл мәселе елді мекендерге байланысты ғана шектелген: 5.4. Қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге, аудандарға, ауылдарға, ауылдық округтерге кісі есімдері берілмейді; Бірақ бұл талаптың көше атауларына ешқандай қатысы жоқ. Әрине, соңғы уақытта адам аттарын беруді шектеу деген мәселе Президент әкімшілігі тарапынан көтерілгенінен де хабардармыз. Алайда бұл бастама әлі заңға не жарлыққа айналған жоқ сияқты. Сонымен бірге адам аттарын беруді шектеу дегеніміз — оған тиым салу емес, сол аттардың, тұлғалардың біздің тарихымыздағы орнын жан-жақты анықтау деп түсіну керек. Тарихы қысқа немесе енді ғана мемлекет құрған елдерде (АҚШ, Канада, Австралия, т.т.) көшелерді нөмірлеу немесе елді мекендерге басқа елдердегі қалалардың, елдердің, жерлердің аттарын беру бірден көзге түседі. Мысалы, Америкада Перу (3), Париж (9), Киев, Москва, т. т. қалаларды жиі кездестіресіз. Ал Нью-Иорктің тұрғыны:«51 көше мен 5 авенюдің қиылысында кездесейік», — десе таң қалмайсыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бес-алты генералы мен «Тәуелсіздік декларациясын» жазған жеті-сегіз арыстарынан басқа тарихи тұлғалары жоқ елдер ғана көшелеріне «қарлығаштың» атын беруі мүмкін. Ал алты ғасыр тарихы бар, 300-ге жуық танымал батырлары мен 30-дан асатын хандарының іздері тарихта қалған қазақ халқының көшелеріне «Нұр әлем» мен «Ақбөкеннің», «Руханият» пен «Ізгілік» деген аттарды беру қай сасқанымыз!
Сыни бағыттағы мақала жазғанда билік тарапынан: «сын айту оңай ғой, ал енді сол мәселені қалай шешудің жолын ұсына аласың ба?» — деген сөзді естиміз. Сондықтан ономастика мәселесін, оның ішінде көше атауларын ауыстыру бағытында төмендегідей ой-пікірімді білдіре кеткім келеді.
Ескі атауларды өзгерту немесе жаңа көшелерге не елді мекендерге атау беруде үш сатылы жұмыс істеу қажет:
Біріншіден, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар («Советская», «Октябрская», «Коммунистическая», «Ленин», «Калинин», т.б.) алынып тасталынуы шарт. Кейбір елдер отаршылдықтан шыққаннан соң «деколонизация» туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, сол арқылы отар болған уақыттағы немесе тоталитарлық кезеңдегі жойылып кеткен ұлттық құндылықтар қайта жандандырды. Енді бір мемлекеттер «десоветизация» (Кеңестік идеология тұрғысынан қойылған атауларды алып тастау) бағдарламасын қабылдап, дау-дамай тудырмай-ақ, заңдық негізде ескі атаулардан құтылды. Өкінішке орай, Қазақстан 90-жылдары бұндай қадамға бара алмады. Ол уақытта қазақтар 40 пайыз, басқа ұлт өкілдері, орыстілділер 60 пайыз болып отырғанда бұл жасқаншақтықты түсінуге болады. Қазір ұлттық жағдай да, идеологиялық бағыт та түбегейлі өзгеріске түсті. Алайда Қостанай облысында 600-ден астам, ал Шығыс Қазақстан облысында 500-ден астам «Ленин» атындағы көшелердің болуын қалай түсінеміз? Әрине, ең ұтымды жолы — Парламенттің «десоветизация» туралы заң қабылдауы және сол заңда «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға» қандай атаулардың жататыны анық көрсетілуі шарт. Сонда ғана жергілікті биліктің тиімді де батыл жұмыс жасауына мүмкіндік туады. Демек, бірінші кезекте идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ауыстыру қажет.
Екіншіден, Қазақстандағы ономастикасының тағы бір мәселесі — Қазақстанға, қазақ елінің тарихына ешқандай қатысы жоқ, мемлекетке немесе сол елді мекенге еңбегі сіңбеген тұлғалардың аттарын алып тастап, жаңа атау елге, жерге, сол мемлекетке еңбегі сіңген тұлғалардың атын беру. «Суворов», «Кутузов», «Ермактар» орыс мемлекеті үшін ұлы тұлғалар, олардың аттарын Мәскеу көшелеріне беруге болады. Біздің өз батырларымыз, өз арыстарымыз бар. Дәл сол сияқты, Некрасов пен Белинский, Толстой мен Чеховтың да қазақ еліне, Қазақстан республикасына ешқандай қатысы жоқ. Кеңес өкіметінің менталитетінен арыла алмай жүргендер үшін Чехов Бейімбет Майлиннен жоғары тұратын сияқты, бірақ әр елдің өз тұлғалары болатынын да ұмытпауымыз керек. Екінші кезекте Қазақстанға, қазақ тарихына қатысы жоқ, басқа елдің тарихи тұлғаларына арналған атаулардан құтылуымыз керек.
Үшіншіден, Ресей империясының орыстандыру саясаты арқылы келген немесе тың игеру кезінде қазақ жеріне келіп қоныстанған ұлттардың өздері келіп тұрған жерлеріне қойған атауларын алып тастап, сол жердің байырғы тарихи атаулары қайтарылуы шарт. Қазақ — көшпелі халық, сондықтан біздің ата-бабаларымыз әрбір жотаға, әрбір бұлаққа ат қойып отырған. XIX ғасырда Ресейден ауып келген орыстар мен казактар да, кейіннен тың игеруге келген кеңес азаматтары да орнығып, село, қала салған жерлерінің тарихи аттарын сұрамай-ақ, өздеріне ұнаған атауларды қоя берген. Соның салдарынан қазақ даласының қай бұрышына барсаң да «Ольховка», «Чкаловка», «Киевка», т.б. алдыңнан шығады. Әрине, тарих атауларды қайтару үшін ескі карталар, жылнамаларды пайдалану, дәлелдеу қажет. Қысқасы,үшінші кезекте жер-сулардың, ауыл-аймақтардың тарихи атаулары қайтарылуы шарт.
***
Қазақтілді қауым ескі атаулардан арылу керек екенін түсініп отыр. Алайда орыстілді аймақтарда, жергілікті тұрғындардың көпшілігі орыстілді азаматтар болып келетін мекендерде «жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек»деген ұстанымға сүйеніп, қырсығып отырғандар да бар. Әрине, жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек, бірақ бұны олардың да бұрынғы атауды сақтап қалудың қажеттілігін дәлелдеуге мүмкіндік алуы деп түсіну керек. Кутузовтың немесе Суворовтың Қазақстан тарихындағы алатын орнын дәлелдеп берсе, оған дау жоқ. Ал ешқандай дәлелсіз топас қарсылық, маған: «осы атау ұнайды, бітті!», — деп отырып алу қоғамдағы тұрақтылыққа тірек болмайды. Осыны жергілікті билік жақсы түсінуі керек және халыққа түсіндіре білуі керек. Тұрғындардың пікірі ескерілу керек деген сөз «бәрін жергілікті тұрғындар шешеді» деген референдумді білдірмейді.
Менің байқағаным, жергілікті билік (атқарушы да, мәслихат та) бұл мәселеге бас сұғуға құлықты емес сияқты. Бұл жұмыс тек қана жергілікті Тіл басқармаларына берілген. Олардың қолдарында билік те жоқ, бедел де жоқ. Әрине, шамалары келгенше түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Алайда бұл жұмысқа жергілікті мәслихат, облыстық Ассамблея, облыс әкімдері де белсене араласпаса тиімді нәтижеге, көздеген мақсатымызға жақын арада жете алмайтынымыз анық. Арнайы бағдарлама жасалып, жоспарлы түрде жұмыс жүргізілмесе Тәуелсіздігіміздің 50 жылдығын «Павел патшаның берген қаласында» өткізуіміз ғажап емес.
Ал Алматы қаласындағы көшелердің аттарын ауыстыру жұмысынан үлгі алмаңыздар. Қажеті жоқ. Мұны неге айтып отырғанымызды жоғарыдағы дәлелдемелерден бағамдаған боларсыздар деп ойлаймын.

P.S: Дос Көшім бауырымыздың бұл өте-мөте көкейтесті мәселені тереңнен ашына қаузап, шырылдауы тегіннен тегін емес. Атаулар ол — ұлттық рух, ол — намысты қамшылау, ол — отаншылдық сезімін ояту, ол — құлдық психологиядан арылтудың жолы. Ал біз бұл мәселеге өте немқұрайлы, сүлесоқ, жауапсыздықпен қарап отырмыз. Тәуелсіздігіміздің 27-ші жылы тарих қойнауына жылжып бара жатыр.Солтүстігіміз, шығысымыз, тіпті Алматы қаламыздың іші тола қаптаған жат атаулар. Оларды не үшін ұзын сарыдай сүрлеп сақтап отырмыз? Кім үшін, не үшін? Оларды көрген сайын санаң сансырап, жанымыз жүдеп сала береді. Елбасымыз «Рухани жаңғырайық!» деп үндеу тастады. Бірақ біз бір адым алға жылжымаймыз. «Атақты адамдарды қоюға болмайды» деген не сөз? Біздің өзімізден де баз баяғы құлдық психология кетпей отыр. Қадірлі, ағайын! Біздіңше, жат атаулардан құтылар мезгіл баяғыда-ақ жеткен. Ендеше не тұрыс?

Дос Көшім

Осы мәселеге байланысты онамастика комиссияның мүшелерінен пікір алынды 

Жалпылама есімдер 
болғаны дұрыс па?

Смағұл Елубай, халық жазушы:
Қалалық онамастика комиссиясының мүшесімін. Алайда соңғы талқылауға қатысқан жоқпын. Неге шақырмағандарын да білмедім. Ал жалпылама есімдердің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Сарыарқа, Алатау, Ақжайық секілді қазақтың керемет атауларын қалай лақтырып тастайсың? Адам емес, табиғат, халықтың өзі қойған аяулы атаулары. Абтсрактылы атауларды байқаған жоқпын. Халықтың тарихи жадында қалыптасқан, мәңгі өшпейтін атауларды қаланың көшелеріне беру керек деп кезінде қол көтергенбіз.

Ұлтқа жақын символикалық ұғымдар қажет

Ғалым Жайлыбай, ақын:
Әйтеуір жалпы есімдерді қоймай, «Мәңгілік ел» секілді елдікке, бірлікке, отансүйгіштікке бастайтын үлкен дүниелерді қоюға болады деп ойлаймын. Қазаққа, ұлтқа жақын, символикалық мәні бар ұғымдарды (жалпы есімдерді) көше атауына қалдыруға болатын секілді.

Мұның ешқандай өрескелдігі жоқ

Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің редакторы: 
Жалпы белгілі бір заң, талап, қағида болмағаннан күннің өзінде де ешқандай өрескелдігі жоқ. Адам баласының табиғатқа, тіршілікке деген құрметі болады. Өркениетті елдерде адамдарға емес, аң-құстарға көбірек ескерткіш орнатылады. Балтық жағалауы елдерінің бірінде ұшып бара жатқан құстарға ескерткіш орнатылған. Оның астына «Халық әні» деп жазып қойған. Бұл халықтың арман-аңсарын білдіретін, аң-құсқа деген құрметін білдіретін символикалық ескерткіш. Көше атаулары да сондай. Қазақ халқының эпостарында, «Батырлар жырында» жылқыға, аң-құсқа деген ілтипат, құрмет көп. Ерекше қиял-ғажайып бейнеде, адамның ең жақын серігі ретінде беріледі. Сондықтан осындай алғыс атауларына көше атын беру қажет нәрсе. Мысалы, итті алайықшы. Ит ─ өте сезімтал хайуан. Қазақ оны жеті қазынаның бірі дейді. Қазақтар төбет иттерді, тазыларды өте құрметтеген. Аристократтардың серуендейтін иті тазы болған. Тазыдан таза ит болмаған. Тазы үйіміздің төрінде жататын болған. Алғыс атауларына көше атауларын беру артықшылық емес, солай болуға тиісті. Адам мен табиғат, табиғат аясында жүрген тіршілік иелерінің барлығы бір-бірімен тотемдік, символикалық байланыста өмір сүреді. Құс — тартымдылық пен сұлулықтың тәңіриясы. Құстан асқан әнші болмайды. Барлығы ән салуды құстан үйренген. Мысалы, бұлбұл деген кішкентай ғана құс. Сағатына 150-200-ге дейін ән салады. Қыран құсты қазақ туында бейнелеген.

Түпкілікті «Жалын», «Жігер» болып қалмайды

Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Бұл атаулар Алматы қаласындағы жаңа аудандарға қойылды. Сол кездегі Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров онамастика комиссиясына «біз ұсынған атау-ларды бекітіп берсеңіздер» деп өтініш жасады. Аудан құрылымы құрылу үшін көшелердің аттары болу керек. Тез арада шешім шығару керек болды. Қазаққа сіңісті болып кеткен «Жайлау», «Шағала» секілді жалпы есімдерді ұсынды. Жеке адамның аттары да болды, әрине. Барлығына адам есімдерін беру онамастиканың мақсаты емес. Сондай ұсыныспен шықты, сол жерде арнайы комиссия жұмыс істеп отыр. Бұрын «Грушевый, «Яблочный» деген көше аттары болды. Сол көшелер қазақ есімдерімен аталсын деп келісімімізді бердік. Егер жеке тұлғалардың есімін беру туралы қайта ұсыныс түсіп жатса, онамастика комиссиясы қайта қарауға құқылы. Аудан құрылымын тез жасау үшін, мәслихаттан тез өткізу үшін асығыстықпен кеткен кемшілік деп есептеймін. Негізінде қазақта тұлғалар жетерлік. Бұрын қайтыс болғаннан кейін көше атын беру үшін 5 жыл күту шарт болды. Ол қазір алынып тасталды. Ешқандай кедергі жоқ. Жекелеген тұлғалалардың есімдерін беруге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бұл өз шешімін табады, түпкілікті «Жалын», «Жігер» болып қалмайды.

Пікір алған — Бауыржан Карипов