ҚАЗАҚИ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗДЕРІ

Қазақ дархан дала, кең жазық, байтақ өлкеде өмір сүрген ел-жұрт. Жазын жайлауда жазықтап, қысын қыстауда паналаған қазақ елі көрген білгенінің көріктісін, оқыған тоқығанының озығын ұрпағына тәрбие етіп қалдырып, өмірлік қағидаттар қалыптастырды. Өскелең елдің ертеңгі болашағына көзі ашық, көкірегі ояу жұрт қалдыру үшін тәрбиесін түзу еткен. Расында тәрбие белгілі бір бұйырылым мен тыйымдар негізінде жүзеге асатын нұсқаулар жиынтығы іспеттес дүние. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір шеңберіндегі әр кезеңінің сан түрлі тәртіптері мен үйлесімді үрдістерден тұратын танымдық мектеп. Әр ұлттың тәрбесі мен дәстүрі сол елдің діни наным-сенімі негізінде қалыптасатын табиғи көрініс. Ал қазақ даласында ислам дінінің етек жайып, сан ғасырдан бері санасына бір Жаратушының әміріне иландырып, тыйымдарын тізгіндетіп келгені сөзсіз жайт. Қазақи тәрбиеміздің бесігі болған салт-дәстүріміздің қазығы да ислам дінінен бастау алғаны белгілі.

Дүние есігін ашқан сәбидің құлағына азан айтып есімін қоюдан бастап, ақтық сапарға шығарып салғандағы жаназа намазына дейінгі аралықтың барлығында дәстүрлік тәрбиеміздің астарында ислам дінінің сілтемелерін табамыз. Осы орайда қазақи тәрбиеміздің қай-қайсысын алып қарасақта, онда Алланың қасиетті Кітабі Құран мен сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетін көреміз.  Сол қатарда тәрбие негізінде сәбиді періштеге теңейміз. Өйткені шариғат сәбиге балиғат жасына жетпейінше еш жүктеме жүктемейді. Алайда баланы жастан деп, тәрбиенің бастамасын жас буынды өнегелі өркениетке баулып жатады. «Үйге жүгірме», «үй айналма», «керегіні керме», «малды басқа теппе», «ақты төкпе», «күнмен таласып ұйқтама», «сүйекті теппе», «күлді баспа», «үлкеннің алдын кеспе» секілді тыйымдармен жүрісін түзеп, қанатты нақыл сөздермен санасын сергітіп отырған.

Үлкеннің батасына баулып, жаманның қарғысынан сақтануға шақырып отырған. Қазақ жұртшылығының даналықтарының бірі әрі бірегейі ретінде ұстанған тәрбие жолында «Ұят болады. Обал болады. Жаман болады» сыңды сөздермен шектеліп отырған. Осылайша ойын баласының санасына сай сөздермен тәрбиені тізгіндеп отырған. Өйткені ислам шариғатының қағидаларының бірінде:

«خاطبوا الناس على قدر عقولهم – Адамдармен олардың санасына қарай сөйлесіңіздер»  деп айтылады. Бұл да өз кезегінде даналық пен хикметтілік. Алла Тағала Қасиетті Құран аятында:

«  ادْعُ إِلَى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ —  Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр.», — дейді.

Сөзімізді қорыта келгенде қазақи тәрбиеміздің негізі оның салт-дәстүрі мен діни наным сенімінде жатыр. Өйткені тәрбие — танымдылық сөздері мен қанатты мақал- мәтелдерінің астарында ислам дінінің құндылықтарындағы Құран мен хадистің ұлағатты үгіт насихатын көреміз.

Нұрбол Тағаев

Әл-Мадина мешітінің ұстазы