«Қазақстан — 2050: «Ұлы дала ауылы — ұлт қазынасы»
«Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Қазақ радиосының» биылғы экспедициясы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналады
«Нұр Отан» партиясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бүкіл ауыл тұрғындарына үндеуі
Қадірлі ауылдастар!
Ауыл — қазағымның тамыры, рухы, тарихы, шежіресі, қара шаңырағы һәм алтын тұғыры. Ауыл — қазақтың тамырына қазақылықты сіңірген, небір нәубеттерден аман алып шыққан, жауһар салт-дәстүрлерімізді аялаған, ұлы тұлғаларды дүниеге келтірген, асыл дініміз бен тілімізді сүйгізген және халқымыздың қара қазанын ортайтпаған алып та қасиетті қазынамыз. Ауыл — қаймағымыз сыпырылып, санымыз азайып, қанымыз сұйылып, рухымыз әлсіреп, санамыз жүдеп, жанымыз тарыққанда қазағын биікке көтерген құтқарушымыз. Ауыл — сан этностарды жатсынбай құшағына сыйғызған, ашыққанға нәр болған, әлемдегі ең қонақжай, ең жомарт қасиетті қара шаңырағымыз. Сол қасиетті де жомарт құтқарушы, қонақжай, алтын тұғыр ауылымыздың бүгінгі жайы қалай? Тәуелсіздігіміздің 25 жылында ауылымыз қаншалықты өзгерді, қандай жаңалық, жаңашылдық бар. Болашағы қандай? ХХІ ғасыр ауылын жасай алдық па? Инфрақұрылымдары қандай дәрежеде?
Республикамыздың түкпір-түкпіріне аттанғалы отырған экспедициямыз осы көкейтесті мәселелерді көтереді. Республикамыздағы 7232 ауылдың 3750-і аяғына нық тұрған, 2500-і орташа жағдайдағы, 1000-ы болашағы жоқ шағын ауылдар. «Қазақстанда ауылды қайта жандандыру туралы бағдарлама жасайық» деген Елбасының ұсынысы бар. Бірақ бүтіндей қарасақ, ауылдың сыртқы, ішкі көркі, сымбаты, ауылдағылардың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Жақында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығына зор көңіл бөлді. Мемлекет ел экономикасын және жұртшылықтың әл-ауқатын өсіруде осы салаға иек артатынын Елбасымыз қадап айтты. «Кооперация туралы» Заң аясында өнімді өткізуді жеңілдетуді әкімдерге тапсырып, ұлт көшбасшысы «Агробизнес — 2020» бағдарламасы негізінде «Агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Үкіметке микрокредиттер беруді ары қарай кеңейту бойынша шаралар қабылдауы қажеттігін айтты: «Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыру және әртараптандыру бағдарламасының басымдықтарына айналуы тиіс. Және бұл ретте нарықта барынша сұранысқа ие өнім түрлеріне өңделген ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ұзақ мерзімді, қолжетімді несиелендіруге сервистік-дайындаушы кооперативтерді құруға, өнімді бастапқы қайта өңдеуге, сақтауға, сондай-ақ суармалы жерлерді айналымға түсіруге екпін түсіру керек…» Президентіміздің ауыл шаруашылығына, ауылға ден қоюында зор мән жатыр. Яғни ауылды түлету дегеніміз экономикамыз бен әл-ауқатымызды көтеру екен. Және Елбасымыз ауылды түлетудің, ауылшаруашылық саласын пайдалы салаға айналдырудың жолдарын кеңінен көрсетті.
Елбасымыздың бастамасымен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» атты бағдарлама жасалынып, қазір ол өмірімізге нық қадам басты. Мемлекетімізді гүлдендіруде, елімізді жасампаз елге айналдыруда бұл бағдарламаның орны бөлек екенін айтып, халқымыз зор баға беріп отыр. Осы бағдарламада ауылға да зор мән берілгенін байқаймыз. Ұлт жоспарындағы 98-қадамда айтылған, көтерілген, нақты қойылған мәселе тікелей ауылға арналған.
Бұл 98-қадамның маңызы неде? Осы қадам арқылы ауылымыздың болашағына, тағдырына нақты не істей аламыз? Жергілікті өзін-өзі басқару және оның бюджетін жасау. Бұл мәселені Елбасымыз бұрын да талай мәрте қозғап, өмірге енгізуге тапсырмалар берген. Бұл ауылдарда, ұжымдарда, кейбір салаларда, қалаларда қолданылып, өзіндік жемісін берген әдіс. Яғни әбден сыналып барып, осы нақты жүз қадамның бірі болып батыл түрде енгізілгенін көріп отырмыз. Сонымен, бұл қадамның маңыздылығы неде?
Біріншіден, ауыл адамдарының белсенділігін арттырады.
Екіншіден, олардың патриоттық сезімін оятып, жауапкершілікті күшейтеді.
Үшіншіден, қазір барлық салаларымызды жаулап алған жемқорлыққа қатаң түрде тосқауыл қойылып, бөлінген қаржыны кім көрінген талан-таражға сала алмайды.
Төртіншіден, ынтымақ-бірлік күшейіп, іс-шараларымызды жұмыла атқаруға мүмкіндік туады. Тұрғындардың әрқайсысында жауапкершілік сезімі күшейіп, ауылдың өркендеуіне нақты іспен көмектесуге деген құлшыныс туады. Мәселен, 4 жылдан бері ауылдарға белгілі бір деңгейде қаржы беріліп жатыр. 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылға өздерінің бюджетін жасап беруді үкімет көздеп отыр. Өзін-өзі басқару әдісі арқылы әкімнің де, халықтың да жауапкершілігі күшейеді. Халық өз құқығын қорғай білуі керек.
Сонымен, құрметті ауыл жанашыры!
Біз бәріміз бірлесіп ауылға нақты, батыл қадам жасамасақ, немқұрайлылықтан арылмасақ, тек ауыл ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болып, берекесіздік етек алатыны сөзсіз. Елбасымыздың «Қазақстан — 2050: Мәңгілік ел» стратегиясында «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген алға қойған жарқын мақсат пен міндет тұр. Қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатында бірнеше қағидаттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп «Бұл — тек менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?» деген көзқарасты, жаңашылдықты сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық.
2. Ауыл ажары алдымен сіздің үйден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа, дуал, қоршаулары қалай?
3. Көшеңіз қалай? Асфальттанған ба? Шашылып жатқан күлқоқыстар жоқ па? Су құбыры, газ тартылған ба?
4. 98-қадамдағы Өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру өзіңнің қолыңда, қадірлі ауылдас. Қашанда ауылда белсенді азаматтар мен азаматшалар болған, әлі де бар деп білеміз. Тек белсенді ғана емес, қолынан іс келетін, адал, тәртіпті, ойын ашық айта білетін азаматтар бас қосып, Өзін-өзі басқару тобын құрған жөн. Бұл қоғамдық топ әкіммен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс.
5. Салт-дәстүрлеріміздің айнасы іспеттес ауылда бұл мәселеге іс жоспарлармен жүзеге асуы қадағаланса. Жастарымызды салтдәстүрлерімізбен сусындатып, дінімізбен нұрландырып, тіліменен байытып, Отанымен мақтаныш тұтқыза білсек. Арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді.
6. Мектеп түлектері қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту — басты парызымыз. Осы тұрғыда тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп бәйге жарияладық. Бұл бәйгенің басты мақсаттарының бірі — ауылдың жарқын болашағын жасау. Ұстаздарымыз осы бәйгеге жаппай қатысады деп сенеміз.
7. Ауылдың әрбір тұрғыны, отбасысы — ең үлкен байлығымыз. Кедей отбасыларға ауыл болып көмектесу, қасіретке ұшырағандарға демеушілік жасау — әрбіріміздің парызымыз. Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Енді тағы бір айтатын мәселе туған ауылынан сыртқары жүрген азаматтармен де құрылған топ байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.
Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да нұрлана түспек. Кәнеки, осы айтылғандарды, көтерілген көкейтесті мәселелерді жерге қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!
«Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары
Мұхтар Құл-Мұхаммед
Вице-премьер-министр, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
Асқар Мырзахметов
Халықаралық «ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» газеті Бас директорының бірінші орынбасары
Сәуле Мешітбайқызы