Қазақстан әлемде ең қуатты ел болады
Қазіргі заманның, әсіресе, мұсылман елдерінің үш негізгі проблемасы бар: НАДАНДЫҚ,АЛАУЫЗДЫҚ, КЕДЕЙЛІК. Егер осылар шешілсе, Германиядан, Голландиядан, Америкадан дамуда алда тұрар еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) 23 жылда қалайша ең төменгі дамудағы қоғамды ең жоғарғы деңгейдегі алып мемлекетке айналдырды дейсіз ғой? Осы үш проблеманы шешу арқылы. Ал енді толығырақ баяндайын.
Алла елшісі алдымен надандықпен күресті. Мединаға көшіп барғанда ең алғаш не істеді, білесіз бе? Мешіт салды. Ол уақыттың мешіті қазіргі мектеп болатын. Сауатты адам соғыста тұтқынға түссе, оның бостандыққа шығу құнына сауатсыз бірнеше баланы оқытуды атады. Барлық Медина тұрғындарына жазу, оқуды үйретті. Бір сахаба он жеті күнде иврит тілін үйренеді. Осылай надандық мәселесі шешіледі.
Алауыздық мәселесін шешу үшін Пайғамбарымыз Мединада алты түрлі бейбітшілік келісімін жасады: христиандармен, еврейлермен, мүшріктермен, әус және хазраж тайпасымен, құрайыштармен. Жүз жылдан бері соғысқан әус пен хазражды біріктірді. Осылай алауыздық мәселесі шешіледі.
Енді кедейлік мәселесін шешу үшін Алла елшісі мұсылмандардың жеке базарын салды. Мединада базар 90 % еврейлердің қолында болатын. Бірнеше айдың ішінде бүкіл сауда айналымы мұсылмандарға ауысты. Меккеден дымсыз келген Осман, Абдурахман ибн Ауф секілді сахабалар демде ауқаттыға айналды. Олар бір мезгілде мың түйені жүгімен садақаға бере алатын деңгейге жетті. Осылайша кедейлік мәселесі шешілді.
Енді ойлаңыз: өте білімді, ынтымағы берік, байлығы асқан қауым не істейді? Әрине, өзге қауымдарды өзіне бейбіт түрде бағындырады.
Ал, біз, Қазақстан Елбасының саясатымен осы жолда екенімізді байқайсыз ба? Яғни Алла елшісінің сүннетін орындап келеміз. Жүз мектеп, «Болашақ», Назарбаев мектебі, университеті, олимпиадалар секілді бағдарламалар надандықпен күресуде. 130-дан астам ұлттың ынтымағын сақтау үшін ассамблея құрды. Кедейлікпен күресу үшін 100 кәсіпорын, жеңілдетілген несие, субсидия, «Даму» қорынан бизнес жобалар, орынсыз тексерулерді азайту секілді процестер жүріп жатыр.
Әрине, Елбасы Алланың елшісі емес. Сондықтан қуатты мемлекетке айналуымыз үшін 23 жылдан әлдеқайда көп уақыт керек. Ол — біздің басымызға қойылған басшы. Ел күшті болу үшін әрбір азамат күшті, білімді, бай, ынтымақты болу керек. Өйткені орман жасыл болу үшін әрбір ағаш жасыл болып жайқалуы керек. Ал сіз қалай ойлайсыз? Келісесіз бе?
Мирас Кесебаев