«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ – 24» АНЫҚТАЛДЫ

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ – 24» АНЫҚТАЛДЫ

Астанада 26 қазан күні қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» XIII Республикалық турнирі аяқталып, еліміздің үздік балуандары күш сынасты. Турнирге облыстық жарыстарда іріктеуден өткен, республикалық маңызы бар 17 облыс пен 3 қаланың атынан сынға түскен спортшылар қатысты.

Турнирге былтырғы «Қазақстан Барысы» мен «Әскер Барысы» жеңімпаздары қатысты. Барлығы 42 балуан чемпиондық атақ үшін күресті. Ең жағымды жаңалық, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов еліміздің ең мықты балуаны үшін байрақты бәсекеде жеңімпаз атанған Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі сержант Ерасыл Қажыбаевты құттықтады. Осымен екінші жыл қатарынан ұлттық күрестен өтетін республикалық сайыста Қарулы күштердің өкілі жеңіске жетіп отыр. Бұл шын мәнінде жауынгер спортшының рухы мен темірдей ерік-жігерінің арқасы», – деп атап өтті Қорғаныс министрі. Спортшыға турнирдегі жетістігі үшін офицерлік лауазымға тағайындады. Заңнама бойынша оған бір жылдан кейін «лейтенант» офицерлік атағы беріледі. Сондай-ақ естелік сыйлық тапсырған генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеңімпазға зор денсаулық және спортта одан әрі табыс тіледі. «Мен Қарулы күштердің әскери қызметшісімін. «Қазақстан барысы» турниріне туған жерім Абай облысының атынан қатыстым. Сонымен бірге армияның да, туған өлкемнің де абыройын қорғадым. Баршаңызға, оның ішінде қарулас әріптестеріме көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын», – деді чемпион. Айта кетейік, турнирдің бас жүлдесі – 15 миллион теңгені, және алтын белбеу мен тайтұяқты Абай облысының өкілі Ерасыл Қажыбаев жеңіп алды. Марапаттарды ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыс етті. Екінші орын және 3,3 миллион теңге жүлдесі бар күміс белбеу шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровқа бұйырды, оған ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев наградаларын табыс етті. Үшінші орынды және 1,08 миллион теңге көлемінде жүлде мен қола белдікті Абай облысынан Саят Шамшиев алды, марапаттарды Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов табыс етті. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жарыстың жоғары деңгейін, ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. «Турнир күтпеген жеңістер мен керемет сәттерге толы болды. Жанкүйерлер турнир барысында балуандарды қолдады, бұл қазақ күресі қазақстандықтардың ең сүйікті спорт түрлерінің біріне айналғанын көрсетеді. Қатысушыларды және үздіктердің үздіктерін құттықтаймын, көк туымыз әлемдік аренада желбіресін!» – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында. Өз кезегінде «Қазақстан Барысы – 2024» титулының иегері Ерасыл Қажыбаев жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, бұл жетістік көп жылғы табандылықтың нәтижесі екенін мойындады. «Мен бұл турнирдің екі рет күміс жүлдегері болдым, ал бүгін тайтұяқты жеңіп алдым. Енді дзюдо және қазақ күресі бойынша одан әрі жарыстарға, сондай-ақ келесі «Қазақстан Барысы – 2025» турниріне дайындалатын боламын», – деді ол. Республика күні қарсаңында өткен турнирге келген көрермендер саны 4000 адамнан асты, ал «QazSport» телеарнасы арқылы миллиондаған қазақстандық тамашалады.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК