Қазақстан халқы Ассамблеясының ШҚО-дағы өкілдеріне шағын автобус берілді

Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясы өтті.

Өскеменде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясына Ассамблея төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қатысты.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық – барша қазақстандыққа ортақ құндылық. Ассамблея – жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Әлемде баламасы жоқ, конституциялық мәртебесі бар бірегей құрылым еліміздегі барша этносты бір шаңырақ астында біріктіріп отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, біз тек ортақ күш-жігерімізбен болашақ жетістіктердің сенімді іргетасын қалап, саясатта, экономикада, мәдениет пен қоғамда түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыра аламыз, – деді облыс әкімі.

Соңғы екі жылда Достық үйлері этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды.

 

 

«Олардың қызметі шекаралас аймақтарда ерекше маңызға ие. Дегенмен, моноэтникалық аймақтардың өзінде олар этносаралық тұрақтылықты нығайту, жастарды тәрбиелеу, шығармашылық бастамаларды дамыту және мәдени мұраны насихаттау бағытында дәйекті жұмыстар атқаруда», — деді Ермек Көшербаев.

Бүгінде облыста Достық үйлерінің жұмысын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалақыны көтеруге, түрлі іс-шаралар өткізуге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға қосымша қаражат бөлінген.

«Шығыс Қазақстан достық пен келісімнің қадір-қасиетін біледі. Бұл сөздерді облыстағы ҚХА мүшелерінің су тасқынынан зардап шеккен өңірлер тұрғындарына гуманитарлық көмек жинауға белсене қатысуы растады. Бір ғана Ассамблея арқылы облыс 140 тоннадан астам жүк жөнелтті. Сіздерде көптеген бірегей жобалар мен идеялар бар. Олардың қатарында Достық үйіндегі медиация кабинеттері, мектептегі ҚХА, «Қонақжай отбасы» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Шығыс Қазақстанда 8 Достық үйі бар – еліміздегі басқа еш аймақта мұндай жерде жоқ!» – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

 

 

Достық үйлері бүгінде оқу-тәрбие, мәдени-ағарту жұмыстарына қатысуда. Облыстың қалалары мен аудандарында тіл үйретуге арналған 25 үйірме жұмыс істеп тұр. Қазақ тілін тегін оқытатын 100 орталық ашу жоспарлануда.

Сессия барысында өңірдің бірлігі мен ынтымағын сақтау мен дамытуға үлес қосқан, су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуде және басқа да түрлі іс-шараға белсене атсалысқан тұрғындарға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» белгілері мен Алғыс хаттары табыс етілді.

Сондай-аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен сатып алынған жаңа шағын автобустың кілті Ассамблеяның Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдеріне табыс етілді.