ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕПТЕРІ ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстанда 2025–2026 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің кезекті сараптамасы аяқталды. Барлығы 278 оқу басылымы қаралып, оның 266-сы Республикалық білім мазмұнын сараптау ғылыми-тәжірибелік орталығынан мақұлданды. Оқулықтар бірнеше кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден өтіп, тәжірибелі педагогтер мен ғалымдар олардың бағдарламалық талаптарға сәйкестігін, мазмұнның толықтығын және логикалық құрылымын бағалады.

Еліміздегі оқулық әзірлеушілердің бірі – «Алматыкітап баспасы». Ол көптеген жылдар бойы оқушылар мен мұғалімдерге арналған оқу құралдарын шығарып келеді. Тәуелсіздік жылдарынан бері баспа мыңдаған оқу материалдарын әзірлеп, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруге арналған алғашқы оқу-әдістемелік кешендерді жасап шығарды. Баспа мамандары әр жылдары әлемдік тәжірибелерді зерттеп, оқулықтарға заманауи әдістемелерді енгізуді де алған қойған алғашқылардың бірі. Халықаралық сарапшылармен тұрақты ынтымақтастық, тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстары авторлар мен редакторларға ХХІ ғасырдың талаптарына сай сапалы оқулықтар жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Биыл сараптамдан өткен «Цифрлық сауаттылық», «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу», қазақ сыныптарына арналған «Орыс тілі», сондай-ақ 7–8 сыныптарға арналған «Химия», «Биология» және «География» пәндерінің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін педагогтерге таныстыру мақсатында баспаның мамандары мен авторлары  арнайы іссапарға шықты. Семей қаласындағы №49 мектепте бастау алған алғашқы семинар Өскемен, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Алматы, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Павлодар, Қостанай, Жезқазған, Қызылорда және Тараз қалаларында жалғасты. Соңғы нүкте Меркі ауданы болды. Әр өңірде 800-ден астам педагог қатысып, жаңа оқулықтардың ерекшеліктерін талқылады. Семинарлар онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпіріндегі мұғалімдерге оқулықтармен танысуға мүмкіндік берді.

Жамбыл облысы мен Меркі ауданы педагогтеріне «Ұстаз тілегі» ғ.ә. орталығының директоры, «Информатика» пәнінің педагог-зерттеушісі, «Цифрлық сауаттылық» оқулығының авторы Нұржамал Беристемова таныстыру жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік желілер арқылы бұрыннан танымал авторды өңірлік ұстаздар қуана қарсы алды. Аттестация мен қысқа және ұзақ мерзімді жоспарларға қатысты сұрақтар қойып, маңызды мәлеметтерге ие болды.             Сондай-ақ, Нұржамал Беристемова жаңа оқу материалының құрылымын және бағдарламалау мен цифрлық құралдарды меңгеруге көмектесетін жаңашыл әдістерді таныстырды.

Семинар барысында баспа спикерлері «Алматыкітап баспасы» енгізген білім беру платформасы – TopIQ.kz-ті таныстырды. Бұл платформа 1–11 сынып оқулықтарын цифрлық форматта, интерактивті тренажерлер мен тесттерді, ҰБТ-ға дайындық материалдарын, көркем әдебиет пен дидактикалық құралдарды қамтиды. Платформа оқушылардың оқу процесін жеңілдетіп, мұғалімдерге қосымша әдістемелік материалдар алуға мүмкіндік береді.

Семинардың тағы бір жаңалығы – QAMQOR интеллектуалды көмекшісі болды. Жасанды интеллект платформасы мұғалімдер мен оқушылардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Ол оқушыларға қателерді талдауға және кері байланыс алуға көмектессе, мұғалімдерге сабақ жоспарларын әзірлеуге және оқушылардың үлгерімін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, күрделі тақырыптарды түсінуге көмектесетін интеллектуалды іздеу жүйесімен жабдықталған.

Педагогтер жаңа оқулықтардың қазіргі заманғы білім стандарттарына толық сәйкес келетінін және олардың оқушылардың сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталғанын ерекше атап өтті. «Алматыкітап баспасы» алдағы уақытта да оқулықтардың мазмұнын жетілдіріп, заманауи білім беру технологияларын енгізу мақсатында педагогтермен тығыз байланыста жұмысын жалғастыра бермек.