«Қазақстан» мен «Хабарға» рейтингтің не қажеті бар?
Өткен аптада Елордамызда бірқатар министрліктердің басшылары соңғы бір жылдағы жұмыстарына есеп беріп, биылға жасаған жоспарларымен бөлісу мақсатында кеңейтілген алқа мәжілісін өткізген болатын. 2016 жылдың мамырында өз отауын қайта тіккен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі, бейресми IV билік өкілдері мен байланыс саласының мамандарының басшысы Дәурен Абаев әңгімесінің әлқиссасын өткен жылға есеп беруден бастады.
Қауіп тудыратын 110 мың материал өшірілді
Біз ғана емес, күллі адамзат баласын интернет илеп отырғаны жасырын емес. Əсіресе, жүгенсіз кеткен əлеуметтік желілердегі зиянды ақпараттардың жас-кəріні талғамай, аждаһаның аузына жұтқызып жатқаны ақиқат. Терроризм мен экстремизм, аңқау елге молдалық қылған арамзалардың түрлі уағыз-насихаттары мен суицидке, түрлі қылмысқа итермелейтін материалдардың министрлік құрылғалы 110 мыңнан астамы жойылыпты. Одан бөлек, 150 мың ақпараттық материалдарға қатысты меншік иелері мен ғаламтор ресурстарына 500 ескерту хаты жіберілген екен. Министрдің айтуынша, өзі басқарып отырған ведомствоның бақылау-қадағалау комитетінің мамандарында ұйқы жоқ сыңайлы. Өйткені тəулігіне 24 сағат толассыз интернет бетіне өтіп жатқан ақпараттарды саралап, бақылап отыру əсте мүмкін емес.
— Олардың деструктивті ықпалы азаматтарға, əсіресе жасөспірімдер мен балаларға əсер ететіндігін ұмытпауымыз керек. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Құқыққа қайшы келетін контентпен күресу мақсатында əлемнің беделді əлеуметтік желілері мен іздеу қызметтерімен байланыс орнатылды. Бұл жұмыс жалғасатын болады, — дейді Дəурен Абаев.
Газеттерімізге жаңашылдық керек
Қанша жерден интернет, əлеуметтік желі десек те, аз ғана халқы бар дархан даламызда газет-журналдың дəурені жүріп тұр. Өйткені тек ақпарат таратып қана қоймай, кітап оқымай кеткен жастарға газет-журнал оқыту үшін ізденіс қажет-ақ. Мұны да ескерген министр еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан», бірнеше басылымның ұйытқысы болып отырған «Қазақ газеттері» жəне «ҚазПравда» басшылығына жаңа формат, тың идеяларға көшуді тапсырды. — Кішкентай оқырмандарымызға да баса назар аударуымыз қажет. Бұл жағынан «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдары қазіргі заманның компьютерге тығылған баласын оқып-ізденуге тартатын танымдық, пайдалы материалдарды көптеп жазып жəне интернет пен əлеуметтік желілерде белсенді болулары тиіс, — деп, Д.Абаев ұлт келешегі болған бүгінгі балдырғандар үшін ақпарат құралдарының да аса маңызды екенін тілге тиек етті.
Цифрлы хабар тарату көрсеткіші — 100 пайыз
Мемлекет басшысы жуырда халыққа Жолдауында цифрландыру жүйесіне толықтай көшуді баса айтқан болатын. Алқа мəжілісінде сөз алған өткен жылы министрлікпен қатар құрылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов:
— «Азаматтарға арналған үкімет» азамат-мемлекет қарымқатынастарын өзгертудің негізгі драйвері болуы тиіс. Ол үшін корпорация азаматтармен өзара қарым-қатынас кезінде тиімді жəне ең үздік, сандық тəжірибені ендіріп, іштен өзгеруі қажет. Аталған жетістіктерге жету үшін мемлекеттік корпорацияның 2017 жылы үш негізгі даму бағыты анықталды. Олар: мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде сервистің артуы, қызметтерді көрсету процесінде жаңа технологияларды ендіру жəне қызмет көрсету спектрін кеңейту. Осылайша, жақын арада қызметті үйге жеткізіп алуды қосу, Астана жəне Алматы қалаларында заманауи ХҚКО-ларды ашу жоспарланып отыр, — деген болатын. Яғни, Елбасының тапсырмасын алғашқы орындайтын ведомство да аталмыш министрлік деген сөз. Ақпарат жəне байланыс саласында бұл жөнінен де айтарлық жаңалықтар жоқ емес. Мəселен, 100 пайыз ел аумағына цифрлық жерсерікті хабар тарату қызметі жұмыс істейді.
Ал «Отау ТВ» абоненттерінің саны 2016 жылғы есепке сүйенсек, 1,2 миллионнан асып жығылады. Сонымен бірге, Д.Абаев: — 2017 жылдың соңына қарай біз 4G желісімен барлық аудан орталығын қамтуды жоспарлап отырмыз. Байланыс желілері де дамып келеді. Бұл сапалы телекоммуникациялық қызметке қол жеткізген халық үшін де, байланыс операторлары үшін де тиімді болып отыр. Сондай-ақ, бюджетке қосымша кіріс келтіруде. Мəселен, 2016 жылы республикалық бюджетке радиожиілік шоғырын қолданғаны үшін төлем ретінде 70 млрд. теңге түсті, — дейді.
«АУА-РАЙЫН ҚАЗАҚША АТАУЫ БАР ҚАЛАДАН БАСТАСАҚ ҚАЙТЕДІ?»
Жиынның соңғы бөлігі ұсыныс, өзара пікір алмасумен өтсе, ортаға шыққан белгілі радиожурналист, Қазақ радиосының ардагері Темірхан Момбекұлы өз ойымен бөлісті.
-Құрметті министр, менің мынадай ұсынысым бар. Бір кездері қарапайым ғана «ауа-райын» Петропавл, Павлодар емес, қазақша атауы бар облыс орталықтарынан бастау туралы ұсыныс болған еді. Мұны еш сөзге келместен, кейбір арналар бірден қолға алып Қарағанды немесе басқа қалардан бастап, Алматы, Астанамен аяқтап жүр. Ал, еліміздің іргелі арналары, радиосындағы ауа-райы мәліметі сол қалпы. Тіпті, осы жиынның өзінде қазақша аз айтылып, орысша мәлімет көп берілді. Біз неден, кімнен қорқып жүрміз?,-деп сұрағын қойып, ұсынысын айтқан сақа журналистің сұрағына Дәурен Абаев мардымды жауап қатпады.
«ҚАЗАҚСТАН» МЕН «ХАБАР»-ҒА РЕЙТИНГТІҢ НЕ ҚАЖЕТІ БАР?
Айтпақшы, жиында төрден орын алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және танымал журналист Бибігүл Жексенбай көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Мәселен, М.Жолдасбеков телеарнаны жаулап алған әнші, әртіс атаулының арзан өнері халықты жалықтырып бітті дейді.
-Тіпті, осы «Шалқар» радиосында болуы керек, «…Мені тастап кетіп ең, қанатымды алып кетіп ең, қанатымды қайтар өзіме» деп біреу әндетіп жатыр. Бұрын халықтың ұлттық өнерін насихаттайтын, шалқып тыңдайтын «Шалқарға» да ара-арасында осындай әндер кіріп кетіп жүр екен-ау деп уайымдап қалдым. Ұлттық құндылықтарымыз телеарна мен радиоларымызда насихатталып жатпаса бұл қорқатындай-ақ жағдай. Өйткені, біздің дәстүріміз, төл өнеріміз, бабадан қалған асыл мұрамыз көрсетілмесе, айтылмаса экономикалық жағынан дамып, саяси тұрақты болғанымыздан не қайыр? Осы телеарналар неге мағынасы жоқ ән мен арзан әзілді көрсете береді десем, «рейтинг үшін, жарнама үшін» деген жауап алдым. Айналайын-ау, басқа басқа, «Қазақстан» мен «Хабар» мемлекеттің қолдауынан кенде емес. Рейтингтің бұл екеуіне қажеті не? Жарнамамен ақша жинайтындай кедейленіп қалған емес екеуі де. Сондықтан, Дәурен, айналайын, ел болашағы үшін телеэкранымызды, радиомызды жөндейтін уақыт әлдеқашан жетті. Ұлттық құндылығымыз насихатталмай жатса, оны шығармай отырғандар ұлтқа қарсы адамдар деп білемін,-дейді абыз ақсақал.
Ал, тәжірибелі журналист Бибігүл Жексенбай әлеуметтік желілерде көрінген нәрсені жариялай бермеуді, әсіресе, кішкентай сәбилердің суретін оңды-солды сала бермеуді ұсынды.
Расында, ертеңгі атқамінерлер мен шаңырақтың ұйытқысы болатын келешек аналардың көз тіккен көгілдір экраны, қолынан түспейтін смартфонынан ұлттық дүниетанымға қатысты, қала берді рухани, танымдық сурет пен бейне, жазбаларды көруіміздің өзі күмәнді болып барады. Елдің тірегі болатын тіліміз, діліміз, дін мен дәстүр мен атамекеніміздің небір ғажайыптары кеңінен насихатталып, жиындағы ұсыныс-пікірлер ескеріледі деп сенеміз.
Дайындаған — Ермұрат Назарұлы