Қазақстан мен Ресей волонтерлік ұйымдарының слеті өтті

Алматы қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында волонтерлік ұйымдарының слеті ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Слеттің ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен өңіраралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков, екі елдің волонтерлік қозғалыс өкілдері қатысты.

Аида Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтап, мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Аида Балаева Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдың Қазақстанда Волонтерлер жылы деп жарияланғанын, бұл волонтерлер қозғалысына қуатты серпін бергенін айтып, Қазақстандағы волонтерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

Мемлекеттік органдар жыл сайын волонтерлер қауымдастығымен бірлесіп 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді.

Бүгінде елімізде 240 мыңнан астам белсенді волонтер бар, 740-тан астам волонтерлік ұйымдар мен мыңнан астам бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп келеді.

Сөз соңында министр 2025 жылы табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларды өзекті ету мақсатында бірлескен экологиялық акциялар, көрмелер, семинарлар мен конференциялар өткізуді ұсынды.

Волонтерлер слетінде сөз сөйлеген Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің шет елдермен өңіраралық және мәдени байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков Қазақстанға іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Слет аясында волонтерлер үшін танымдық дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

 

Тұрсынқожа Гауһар