Қазақстан мен Тәжікстан өзара жер учаскелерін алмаспақ
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беруге байланысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды құжатты әзірлеу мәселесін қарастырды.
Отырыста аталған заң жобасы қандай мәселені реттеуді көздейтінін түсіндірген депутат Мәулен Әшімбаев: «Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Тәжікстан дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін бір-біріне 1 гектар көлеміндегі жер учаскелерін 49 жылға дейінгі мерзімге символикалық жалдау ақысымен пайдалануға береді.
Келісім осы мәселенің құқықтық негіздерін айқындайды. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын»,— деп мәлімдеді. Аталған заң жобасы бойынша қорытынды құжатты әзірлеу Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді.