ҚАЗАҚСТАН ОРНЫҚТЫ ДАМУ ЖОЛЫНА ТҮСТІ

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы жүктеген ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды іске асыруға, цифрландыру мен адами капиталды дамытуға қатысты міндеттерді орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Үкімет басшысының айтуынша, биылғы қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 5,4 пайызды құрапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы жетекшілік ететін Республикалық штабтың су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі есебін тыңдады. Жағдай тәулік бойы бақылауға алынған. 37 мыңнан астам қызметкер мен 13 мың техника дайындалды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қолдау, инвестиция тарту және әлеуметтік саясатты жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
17 наурыз күні «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақала жарыққа шықты. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өз мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған уақыт ішінде еліміз қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталған.
«Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті.
2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.
Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Аталған жұмыстың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.
Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.
Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мың бірлікті құраған жеңіл автомобильдердің саны 134 мың бірлікке дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркелді.
Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды. Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады» деп атап өтіпті.
Ал бұған дейін 12 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Онда көп мәселе талқыланды. Қоғамдағы түйткілді мәселелердің біразы сөз болды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова цифрлық шешімдерге негізделген жаңа тәсілдермен таныстырды, бұл қолдау шараларының қайталануын болдырмауға және «әлеуметтік әділеттілік» қағидатына сәйкес әлеуметтік игіліктерді бөлу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Биылғы наурыз айындағы жағдай бойынша елімізде 4 миллионнан астам азамат түрлі әлеуметтік қолдау, атап айтқанда, атаулы көмек, көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі төлемдер, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау сынды шаралармен қамтылған.
Бұл ретте «Отбасының цифрлық картасы» деректерін талдау тек 564 мың азаматтың өмірлік қиын жағдайға тап болғандар санатына жататынын көрсетеді. Осыған байланысты әлеуметтік көмек көрсету санаты қағидатынан нақты мұқтаждық өлшемдеріне көшуге бағытталған тетік қарастырылуда.
Сондай-ақ мұқтаж азаматтарды қамтудағы өңірлік диспропорциялар проблемасын шешу мәселесіне назар аударылды. Атап айтқанда, облыстар мен қалаларға қарамастан төлем түрлері мен мөлшерін бір жүйеге келтіру туралы идеялар айтылды.

Олжас Бектенов Үкімет жұмысының басым бағыты мұқтаж азаматтардың тұрмыс деңгейі әрі қарай қанағаттанарлық санатқа көшуі үшін оларды қолдау шараларымен қамту екенін атап өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрліктеріне мұқтаждық деңгейін бағалау үшін жақын арада халықтың әл-ауқатын жан-жақты талдау жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Мұқтаждар жүйесіне кірмеген азаматтар бойынша жеке жұмыс жүргізу жүктелді.