Қазақстан студенттері ғарыштық мониторинг жасады
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттері ғарыштың бақылау жасауға қол жеткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Осыған дейін біз бұл жайында тек армандаумен ғана шектелетін едік. Ал қазір сол арманымыз шындыққа ұласты. Университет жанынан Геологиялық ақпараттық жүйелер орталығын құру арқылы біз осы бір ерекше мүмкіндікке қол жеткіздік. Сеул техникалық университеті ғалымдарымен бірлесе отырып жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде талай жетістіктерге жететін боламыз. Қазірдің өзінде Қазақстанның солтүстік өңірлерінде егін жинау науқанын ғарыштан бақылап отыру мүмкіндігіне ие болдық» — дейді студенттер.
Осыған сәйкес биыл университет студенттері егін жинау науқанына ғарыштан бақылау жүргізді. Олар ғарыштан түсірілген сурет мәліметтерін әкімдіктер есебімен салыстыра отырып, олардың жұмысына «түзетулер» жасады.
«Ауытқушылық – 10 пайыздай. Қонақтарымыздың бірі тіпті «Әкімдер енді студенттеріңізге ақы төлейтін болады» деп әзілдеді. Ал шындығына келсек, экономикаға сандық жүйені енгізу ЖОО-да жаңа құзіреттілігі бар мамандар дайындауға жағдай жасаудан басталуға тиісті. Әзірге бәрі тек қана оқытушылардың бастамашылығымен жүзеге асуда» — дейді университет мамандары.
Студенттер бұл мүмкіндікке АҚШ-тың «Landsat-7» спутникгі мен Еуропалық ғарыш агенттіктерінің кейбір ғылыми орталықтарға келіссөздер арқылы тегін беретін ғарыштық түсірілімдері негізінде қол жеткізген. Сол түсірілімдерді алдымен цифрлы картаға енгізу арқылы елеміз бойынша егіс алқаптардың нақты картасын жасаған. Сол жасалған карта арқылы барлығын анықтауға мүмкіндік алған. Жалпы бұл жоба бойынша 10 жетекші мұғалім мен 40 студент жұмыс жасады.