Қазақстан тауарлары әлемнің 115 еліне экспортталады – Қасымбек
Бүгінгі күні өңдеуші өнеркәсіптің қазақстандық өнімі 115 елге экспортталады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2017 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіп экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға өсіп, 9,9 млрд АҚШ долларын құраған.
«Бүгінгі күні өңдеуші өнеркәсіптің қазақстандық өнімі 115 елге экспортталады. Кейбір тауарлық позициялар бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды. Алғаш рет осы жылы «Азия Авто» АҚ-ның жеңіл көліктері Қытайға экспорттала бастады. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өз өнімдерін Тәжікстанға экспорттады. Ауыл шаруашылығы машина жасау өнімдері – «ДонМар» компаниясы өндіретін өнімдер осымен бірнеше жыл Ресейге жеткізілуде. Жыл сайын 380-нен аса экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады», — деді ол.
Қасымбектің айтуынша, 9 айда 800 млрд теңгеге 52 жоба іске қосылып, 4,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар биыл тағы 100 млрд теңгеге 3 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 24 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұған қоса, алдағы уақытта тағы 20 жобаның құрылысы басталады.