Қазақстан вакцинациясыз аусылдан таза аймақ
Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында әлем назарын аударып келе жатыр. Бұған дәлел – қазақ даласында өндірілген азық-түліктердің халықаралық нарықта, табиғилығымен, сапалылығымен көзге түсіп, сұранысқа ие бола бастауы. Қазір еліміздің астығымен қоса ет өнімдеріне де шетел назарын жіті аудара бастады. Алайда кез келген өнім нарыққа шығу үшін қыруар құжаттық айғақтарды талап ететіні тағы белгілі. Бұл жағынан да көңілге қуаныш сыйлар, еліміздің ауыл шаруашылығына серпін берер жетістіктер де жоқ емес. Өткен жылы «Қазақстан аусылдан таза аймақ» мәртебесін еншілесе, жақында ғана халықаралық ұйымдар тарапынан «Қазақстан жылқының африкалық обасынан таза аймақ» статусын иеленді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Онда айтылғандай, 22-27 мамыр аралығында Париж қаласында Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) 84-сессиясы болып өткен. Ұйымға мүше 180 мемлекеттің қатысуымен өткен алқалы жиында «Қазақстан вакцинациясыз аусылдан таза аймақ» ресми мәртебесін алыпты. Бұған қоса, Халықаралық эпизоотиялық бюросы Қазақстанның аусылмен күресу бойынша ұлттық бағдарламасын бекітіпті.
Аталмыш ұйым ХЭБ — жануарлардың денсаулығына жауапты үкіметаралық ұйым. ХЭБ консультациялық ұйым ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымымен мақұлданған. Штаб-пәтері Париж қаласында (Франция) орналасқан. ХЭБ-тың негізгі мақсаты — бүкіләлемдік жануарлардың денсаулығын қамтамасыз ету және қорғау. Қазір ХЭБ құрамына 180 мемлекет кіреді. Қазақстан 1993 жылдан бері мүше болып келеді. Аталмыш бюроның өткен күзде шақырылған 83-сессиясында Қазақстан вакцинасыз аусылдан таза аймақ мәртебесін иеленген еді. Бұл сертификат негізінде Қазақстан мал еттерін шетел нарығына еш кедергісіз экспорттауға мүмкіндік алған болатын. Бүгінге дейін мұндай жетістікке Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан ғана жеткен көрінеді. Арзан өнімдерімен әлемді жаулаған Қытайдың өзі сыртқа ет экспорттауға келгенде аталмыш сертификаты жоқ. Жыл басынан бері өткен бірнеше халықаралық келісімдердің нәтижесінде Қытай мен Ресей елдері елімізден көп мөлшерде ет өнімдерін сатып алатындығы туралы келісімдерге қол қойғаны көпке аян. Бұның барлығы халықаралық беделді ұйым — ХЭБ тарапынан берілген сертификаттың арқасы. Ал ХЭБ-тың «Қазақстан жылқының африкалық обасынан таза аймақ» мәртебесі елімізде ат спортын дамытуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Ерқазы Сейтқали