Қазақстан Жазушылар одағының VІ пленумнан кейінгі туған ойлар

Темірхан Медетбек: 
Айбарымыз қайда кетті, ағайын?

Жазушылар одағының атағынан ат үркетін, аяғын тартатын айбары жоқ. Жазушылар одағы айбардан жұрдай болды. Мәселен, баяғы Колбинді осы жерге шақырып алып тұрып, Жұбан Молдағалиевтің, Сафуан Шаймерденовтің сөйлеген кезіндегі айбары қандай еді? Ал кешегі Жаңаөзен оқиғасы, «жер сатылмасын» деген оқиғаларда Жазушылар одағы бұғып, бүгжиіп отырды. Сол оқиғалар кезінде Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабышевтар үн қатты. Жаңаөзен оқиғасы кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов қандай сөз айтты? Солардың құлағын құнтитып, мұрнын шұнтитқан ешкім жоқ. Қан төгіліп жатыр. Жер сатылайын деп жатыр. Сол кезде Жазушылар одағы бүгжиіп отырды. Қан төгілмесін, жер сатылмасын дегеннің қандай саясатқа қарсылығы бар, айналайын, жазушылар-ау! Ешқандай саясатқа қарсылығы жоқ қой. Елің мен жерің, тіліңнен басқа нең бар?! Міне, осындай нәрселерді көргенде адам күйеді, күйінеді.

Бексұлтан Нұржекеев: 
Біздің бәрімізге керек!

Маған «сен ініңе жақтасып отырсың», — дейді. Әй, көкелерім, сайлауды ағам, інім үшін ғана өткізіп отырсақ, онда жетіскен екенбіз. Ол не деген сұмдық! Сонда мен інім болғаны ғана үшін Жазушылар одағы керек, Оразалин жоқ болса түкке қажеті жоқ деймін бе? Жазушылар одағы 80-нен асқан Қабдешке, мына Төлен, Дулатқа, маған керек болмауы мүмкін, онсыз да күн көресің, мына артымыздан келе жатқан жастар бар, олар орден, сый-сияпат алып, ұйымдасып, Жазушылар одағы деген ұйым бар екенін көруі керек. Ол ұйымның ғимараты болуы керек. Біз солар үшін қам жеуіміз керек қой.

Оразалы Сәбден: 
Ғылымға қиянат жасалып келеді

Шындығында, егемендік алғалы ғылымға қиянат жасалуда. Ғалымдар өлместің күнін көріп келеміз. Оның дәлелі, егер ғылымға берген қаржының көлемі 1991 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,68 пайызын құраса, ал қазір небәрі 0,14 пайыз. Өсудің орнына 4,25 есе кеміген. Бұл ғылымның дамуына кері әсерін тигізбей ме?
«Шетелде қалай?» деген сұрақ туады. Біз дүниежүзіндегі бәсекелестігімізді ғылымға берген қаражатпен есептесек (шетелде солай) көп артта қалып отыр екенбіз. Бізде ғылымға бөлінетін қаржы дамыған елдермен салыстырғанда 20-25 есе аз. Оларда жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда 3-4 пайыз. Көп мақтанбай-ақ, осыдан-ақ біздің эконо-микамыздың төмен екендігін білуге болады. Осындай мүшкіл жағдайда отырып бізде қалайша дүниежүзілік деңгейдегі ғалымдар шықпады деп айта аламыз?
Мен сізге айтайын, кеше Путин ғалымдармен кездесті. Сонда ғалымдар: «кейбір жобалар аяқсыз қалып қояды», — деді. Ал Путин болса: «ешбір ғылыми жоба аяқсыз қалмауы тиіс», — деді. Ғылыми жобаларға қаржыны тікелей береміз деп Путин ғалымдармен сұхбаттасты. Енді сізге сұрақ берейін, біздің президент ғалымдармен қашан сұхбат жасады? Журналистердің төрт-бесеуі болсын президентпен кездесті, сұхбат құрды. Ал елбасының ғалымдармен кездесуі, әңгімелесуі болған жоқ. Жалпылама кездесулер өтті. Бірақ дөңгелек үстелде ғалымдармен отырып сөйлесу — ол басқа. Ашығын айтқанда, прези-денттің ғалымдармен сұхбат құратын уақыты келді.
XXI ғасырда ғылым мен жоғары технологияның рөлін ескере отырып, осы салада ведомствоаралық мемлекеттік орган — ұлттық ғылым агенттігін құру керек. Және де АҚШ-тағыдай ұлттық ғылыми қор қажет. Қазір не көп — академик көп, академия көп. Олардың елге беріп отырған пайдасы шамалы. Осылардың басын біріктіріп, бір мемлекеттік қоғамдық ұлттық академия құру керек. Ғылымы терең, білімі қоғам талабына сай тұрған мемлекет те жоғары, асқақ, биік деңгейде болады. Дамыған елдердегідей президенттің басқаруымен ғылым мен техника жөніндегі жоғарғы консультативті кеңес ашу қажет. Ол халықаралық деңгейде бәсекелестікті күшейтеді. Әсіресе ғылымы, білімі күшті үлкен аймақтарда кластерлік ғылыми-инновациялық орталықтар ашудың маңызы зор. Халықаралық деңгейдегі жеке ғалымдардың ғылыми мектептерін ашып, оларға жағдай жасау керек.

(«Жас Алаш» газетінен)

Төлен Әбдік: 
Қаламгерлер одаққа неге келгісі келмейді?

Жазушылар одағы қоғамдық ұйым екені рас. Оны одан алып тастай алмаймыз. Жазушылардың ерікті қоғамдық ұйымы. Бұған бюрократия, бастықтық деген жүрмейді. Билікпен айтысудың, тартысудың қажеті жоқ. Бірақ Жазушылар одағы халықтың сөзін сөйлейтін, қажет болса билікке қарата сын айта алатын ұйым болуы керек. Бұлай жүре беруге болады. Жазушылар одағы бұрын талантты қаламгерлердің ортасы болатын. Жұрт келіп-кетіп жататын. Қазір сұрасам, «одаққа бармаймыз», — дейді. Сонда Жазушылар одағы кімге керек? Біз баяғыда одақтан шықпайтынбыз. Ешкім келмесе ұрпақ пен ұрпақтың байланысы үзіледі. Келесі келетін басшылықтан сұрайтынымыз, одақтың жұмысы ашық болуы керек. Ашық болмаса онда өсек-аяң дамиды. Егер бір мәселе туындайтын болса, оған анық жауап берілуі керек. Содан кейін, ағайындар, тақ үшін күрескенді қояйықшы. Жарғыны өзгерту деген қиянат. Әр келген басшы жарғыны өз ыңғайына қарай өзгертетін болса, не болады? «Құрметті төраға» деген не сөз? Нұрлан, айналайын, саған ешқандай қарсылығым жоқ, өткен пленумда естідім, Құрметті төраға сайланған төрағаның үстінен қарайды екен. Ондай нәрсе қоғамдық ұйымда болмайды ғой деп едім, жұрттың бәрі сонда маған жабылып қарсы сөйлеп, мен залдан шығып кетуге мәжбүр болдым. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Осындай нәрселер айтылуы керек. Мұны айту біреуге жамандық ойлағаннан емес, әлгіндей дүниелер жалғаспау үшін, қайталанбау үшін.

Не мағына, не мән, не ән таппай күйзелесің…

Мына әнмен «аңыз боламын» десе, қателеспеген шығар. Әннің құлаққа түрпідей тиер мәтіні де, клипі де әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Ұйқасты шетке ысырып, сөздердің байланысу тәсілдерінің өзінен не мағына, не мән таппайсыз.

«Сұрағаның шанс па?
Сұрағаның вальс па?
Кел одан да мен сені
Апарайын ғарышқа.
Ғарыш бізге алыс па,
Енді менен қалыспа.
Тату болып жүрейік,
Кел жаным, пожалуйста!», — дейді
Дәуір Абай «Шанс» атты «туындысында». Ән мәтініне орысша сөздерді кіріктіріп жіберу «Гүл әпшеден» бастап, бірнеше танымал әнде кездескен еді. Бұл не, жаңа «мода» ма? Той әндері билеуге ғана емес, тыңдауға да тұрарлықтай болу керек екенін аға-әпкелер ескерсе екен дейміз. «Алау» тобы «Неғыл дейсің?» әніне бейнебаян түсіріпті. Қатенің басы «Нәғыл дейсіңнен» басталады:
Біз іздеумен тек келеміз
Кімге енді сенеміз?
Бірдей қыздар көп екен,
Біз аңсаған жоқ екен.
«Көйлегім қалай?
Мэйкабым қалай?» —
Көп сөйлеме, бла-бла-бла
Желіге қарап, лүпілін санап
Күліп оралады.
Бірінші жолдан-ақ мағынаны жоғалтып алдым. Жалпы, бұл мәтінде өздерінше «қоғамдық мәселе» көтеріпті. Бла-бла-бла…
«Бешір қызық
дейді,
Бірақ, мені
жібермейді.
Бәрі бұзық дейді,
Жас болғанбыз,
білем дейді.
Жібермей қойды
бешірге,
Не түсті екен есіне?».
Бұл Әйгерім Қалаубаеваның «шедеврі». Youtube желісінде де, белгілі тұлғалардың әлеуметтік парақшаларында да сынға ұшырап үлгерді. Біздің қазақ әке сөзін ұлағат тұтып, көзқарасынан ойын оқымаушы ма еді? Мәтінде әкесі отырысқа жібермей қойған қыздың анасына айтқан «арызы» баяндалады.

Әрине, таяқтың екі ұшы бар — тыңдарман әлгіндей мағынасыз әндерді тыңдамаса, ондай әндер де тумас еді. Сұраныс болған соң сондай әндерді ұялмай айта беретіндер көбейді.

(«Ұлан» газетінен)