Қазақстанда менингококк инфекциясымен сырқаттану 4,7 есеге азайды
Қазақстанда ағымдағы жылдың 2 айында менингококк инфекциясымен сырқаттану өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2015 жылғы 2 айда 100 мың тұрғынға шаққанда 83 жағдай, 2016 жылғы 2 айда 100 мың тұрғынға шаққанда 18 жағдай) 4,7 есеге азайды.
Менингококк инфекциясы – бас миының қабықшасының қабынуымен қатар жүретін жіті жұқпалы ауру. Менингококк инфекциясының клиникалық белгілері: жіті назофарингит, іріңді менингит және менингококцемия. Инфекция ауа тамшылы жолдармен (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) жұғады. Аурудың тасымалдаушысы сырқаттанған адам немесе инфекция тасымалдаушы болып табылады. Менингококкты назофарингитпен сырқаттанған адамдар аса қауіпті, себебі, олар қоршаған ортаға қарқынды түрде бактерия таратады. Кенеттен болатын менингококцемиядан болатын өлім қаупі өте жоғары.
Менингококк инфекциясының инкубациялық кезеңі 2 күннен 20 кунге созылады, көбінесе 2-4 күн аралығында. Негізгі клиникалық белгілері: дене қызуының бірден 39°С-қа дейін және одан да жоғары көтерілуі, бастың қатты ауруы, лоқсусыз құсу, геморрагендік бөртпелер, желке бұлшықеттерінің тырысуы, тыныс алудың бұзылуы, тежелу мен естің шатасуы.
Менингококк инфекциясын жұқтырғанда балалар мен ересектер үшін ең қатерлі асқыну түрі – бактериалды менингит болып табылады. Иммундық жүйесі қалыптаспаған балалар ересектерге қарағанда 20 есе көп ауырады. Уақытылы медициналық көмекке жүгінбегенде, өлім жағдайы 50%-дан жоғары болады.
Менингококк инфекциясының кенеттен болатынын және аурудың ауырлығын ескере отырып, оның алғашқы белгілері пайда болғанда дәрігерге қаралу керек. Бұл қатерлі асқынудың алдын алып, тіпті, адам өмірін сақтауы мүмкін.
«ЕлАна» ақпарат