Қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді

Қазақстандық блогерлер миллиардтаған теңгеге салық бойынша хабарламалар алды.

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен.

«Мемлекеттік кіріс органдары салық міндеттемелерін толық орындау мақсатында блогерлерге, жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты түрде жүргізеді. Тексеріс нәтижесінде 594 тұлғаға 53,3 млрд. теңгеге сәйкессіздіктер белгіленді, нәтижесінде 13-14 ақпан аралығында «кірістерді төмендету» бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», — деп жазылған хабарламада.

Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.

«Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есебін тапсырады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірмені ұсынуы қажет. Хабарламаның орындалу мерзімі — 30 жұмыс күні», — деп жазылған хабарламада.

Комитет әртүрлі интернет ресурстарда жарияланған онлайн жарнамаларға (ақпараттық өнімдерді сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т.б.) назар аударылатынын ескертті.

«Көрсетілген міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясында және Салық кодексінде белгіленген», — деп жазылған хабарламада.

Блогерлерге қатысты заң

2023 жылы 10 шілдеде «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң қабылданды. Бұл — тікелей блогерлердің жұмысына қатысты заң. Заң бойынша Қазақстан аумағындағы онлайн платформаларға байланысты жарнама, оны жариялау, тарату, сақтау секілді процестер реттелетіні айтылды. Ал тиісті заңға сәйкес әлеуметтік желіні және ондағы онлайн жарнаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі бақылайды.

Осы заңға сәйкес блогер, яғни инфлюенсер — әлеуметтік желілерде халыққа ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын желі қолданушысы. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің 2024 жылғы мәліметінше, блогерлердің қызметіне салық бақылауын жүргізу үшін 745 адамның тізімі жасалған. Соның ішінде: 499-ы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, яғни 67 пайызы; 246-сы жеке тұлға ретінде тіркелген; яғни 33 пайызы.

«Тізімге Instagram, Youtube, TikTok желілерінде 20 мыңнан аса жазылушысы бар жеке тұлғалар енгізілген», — деп жазылған министрліктің бұған дейінгі Massaget.kz-ке жауабында.

Фото: depositphotos.com

Ж. Қадыржанова

https://massaget.kz/news/kazakstandyik-blogerlerge-53-mlrd-tenge-toleuge-br-ay-uakyit-125395/?fbclid=IwY2xjawIhFA9leHRuA2FlbQIxMQABHYarM68wkRW8dyiVnSpsuK1mIW0ze503VjlESxYw8V_1iu_kkXbuj0Ik5A_aem_e3fhkAhEYGabRa9BVOmaUA