Қазақстандық «құтыдағы» баланың дүниеге келгеніне 22 жыл

Астанада «Экомед» клиникасының  10-жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Оған алыс – жақын шетелдердегі әлемге әйгілі мамандар шақырылыпты. «Экомед» орталығы 1995 жылы биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог, ең бірінші Қазақстандық «құтыдағы баланың» авторы, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарованың ұйымдастыруымен құрылған. «Экомед» орталығы Қазақстанда және Орталық Азияда алғашқы болып денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін енгізген емхана. Қазақстандағы алғашқы лаборатория ретінде «Экомед» емханасы 1995 жылы Франциядағы Дүниежүзілік ДТҰ регистріне тіркелгенін де айта кеткеніміз жөн.

Медицина мамандарының айтуынша, жылына еліміз бойынша 160-170  мың неке қиылатын болса, соның 15-20 пайызы нәресте сүйе алмауда.  Бұл үлкен қасірет білгенге.  Оның салдарын  мамандар  ауаның ластануы, жыныстық қатынасқа ерте түсіп, түрлі сырқаттар жұқтыру, қабыну аурулары, дәрі-дәрмек ішу және жүйкенің шаршауы, бала сүюді тым кеш жоспарлау және тағы басқа себептермен түсіндіруде. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының пайымдауы бойынша нәресте сүймеу себептерінің 30 пайызы әйелге, 30 пайызы ерлерге және қалған 40 пайызы екеуіне де байланысты.

Конфененция барысында  «ЭКОMEД» емханасының жетекшісі  Салтанат Байқошқароваға бірнеше сауал қойған едік. 

— Салтанат Берденқызы, «ЭКОМЕД» орталығының құрылғанына 20 жылдан асыпты. Мемлекеттен квота бөліне ме? Жеке барып емделушілер үшін қанша қаржы қажет?

— Үкіметтен «ЭКОМЕД» көмегін иелену үшін бөлінетін квота 700 мың теңгені құрайды. Ал ақылы түрде емделсе одан 1,5-2 есе арзан — шамамен 350 — 400 мың теңгенің айналасында болады. Бұдан арзан болуы мүмкін емес. Қазақстанда бұл әдіс ТМД елдерімен салыстырғанда арзанырақ. Басқа мемлекеттерде «ЭКОМЕД» қызметі біздікінен екі есе қымбат.

— Құпия болмаса экстракорпоралді ұрықтандырудан бүгінге шейін қанша бала өмір есігін ашты?

— Жасырып жабатын ештеңе жоқ. Осыдан 23 жыл бұрын қазақстандық репродуктолог маман ретінде отандық медицинада тың бастама көтердік. Бала сүюге зар болған ерлі-зайыптыларға зор үміт сыйлап, экстракорпоралді ұрықтандыруды қолға алдық. Бүгінде елімізде осы тәсілмен дүниеге келген сәбилер саны 10  мыңнан асып кетті.

— Маман ретінде бедеулік пен белсіздік әлемге төнген қауіп деп нақты айта аласыз ба?

— Бедеулік мәселесі дүние жүзінде үлкен проблема. Біздің Қазақстанда да жағдай мәз емес. Осы орайда көптеген конференциялар өткізіп жатырмыз. Патциенттерге де, дәрігерлерге де. Біз ғана емес, жыл өткен сайын, ай өткен сайын осы мәселенің бәрін шешу үшін, дүниенің түкпір — түкпірінде мамандар бедеуліктен қалай құтыламыз, оны шешудің жолдары қандай деген мақсатпен бас қатырып жатады. Өйткені 100 пайыз табиғаттың өзі әйел затына ай сайын бала көтеруге мүмкіндік бермеген. Сол себепті біз, білген білімімізді көпшілікпен бөліскіміз келеді. Дәрігерлер бір бағытта бірлесе жұмыс жасаса ғана ісіміз алға басады. Біз қазір региондар да, орталықтар аштық. Әйтсе де маман тапшылығы бар.

— Ұрық донорлығы туралы айтсаңыз? Мұны қалай пайдаланасыздар?

— Бұл екі түрлі болады. Біреуі әйел ұрық донорлығы, екіншісі ер адам ұрық донорлығы. Бұл өте күрделі мәселе. Бұл екеуіне жеке – жеке тоқталуға тура келеді. Сіздер маман болмағандықтан шатасасыздар. Бәрін бір жерге үйіп қоясыздар. Жалпы экстракорпоралді  ұрықтандыруды  өзінің ұрығымен жасау үшін уақытын тап басу керек. Әйелдер мезгілін өткізіп алмауы керек. Кейін ұрығы тапшы болмас үшін. Ал ер адамның ұрығы жоқ болған жағдай да, тіпті қиын. Бірақ экстракорпоралді ұрықтандырудың арқасында (Бұдан 20-25 жыл бұрын мүлдем көмектесе алмайтынбыз) және Икси деген микротехнологиялық құрылғының арқасында аз болса да ұрығы бар ер адамға көмектесуге болады. Тіптен ұрығы болмаған кезде, жұмыртқасынан  ұрық таппаған жағдай да ғана жаңағы донорлық ұрыққа кейбір жұптар жүгініп жатады. Бұл олардың өз қалауы, әрине. Бірақ көбінесе Түркия мемлекетіндегідей бір ата — анадан туған бауырларға жасауға рұқсат берілгендіктен, соны кей жұптар қалап жатқанын көріп,  мен өзім іштей қынжылып тұрамын. Бұл дұрыс па, дұрыс емес пе дегендей… Ал мүлдем басқа біреудің ұрығын қолдануға, мен іштей қарсыласамын. Бұл, тағы айтамын әр адамның өз қалауы. Сосын бұған заң бойынша рұқсат берілгенінде естен шығармайық.

-Заң — құран сөзі емес қой? Оған өзгертулер мен толықтырулар енгізуге не кедергі?

Заңды өзгерту ғана емес, басқа  да түйткілді мәселелер көп — ақ. Мысалы, суррогатты аналық пен донорлық ұрық  турасында да шешімін таппай жатқан проблема көп. Жүре келе мұндай нәрселерге  өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.

— Салтанат Берденқызы, жасанды жолмен  ұрықтандыру (бұдан былай ДТҰ) медицинада қай жылдан бастап қолданылып келе жатыр? Бұл әдіс Қазақстанға қашан келді?

— Денеден тыс ұрықтандыру (адам ағзасынан тыс ұрықтандыру) әдісі дүниежүзінде сәтті қолданысқа енгеніне биыл 40 жыл толды. Мұны алғаш рет 1978 жылы Англияда сол кездегі қатардағы ғалым-биолог, қазіргі таңда профессор Роберт Эдвардс ойлап тапты. Алғашқы дүниеге келген cәби Кембридж университетінің лабороториясында пайда болған Лиза Браун  40-қа таяп қалады. Күйеуге шығып, табиғи жолмен бала туды. Лизаның сіңлісі де осы әдіспен өмірге келген. Ал Ресейде алғашқы бала 1986 жылы дүниеге келді. Қазақстанда менің қолымнан Құдай қолдап,1996 жылы қыз бала дүниеге келді. Бұл істі 1995 жылы бастағанбыз, содан бері  23 жыл өтіпті. Тұңғыш ДТҰ нәтижесінде дүниеге келген қызымыз, құдай қаласа, биыл 22 жасқа толады.

Ол  қыздан қандай хабарыңыз бар?

— Біздің алғашқы «түтікте дамыған» нәрестеміз 1996 жылғы 31 шілдеде дүниеге келді. Ол қыз бала бүгінде 21 жаста. Бойшаң, әдемі бойжеткен Лондонда болашақ бағдарламасымен оқып жатыр.

— Денеден тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келген  баланың денсаулығы қалай болады? Оған  барлығы кері әсер етпей ме?

—  Дүниежүзінде 6 миллионнан астам бала осы әдіспен өмірге келген. Егер салыстыратын болсақ, ДТҰ әдісімен дүниеге келген балаларда туа біткен дертке шалдығу табиғи жолмен ұрықтанып, дүниеге келгендерде кездесетін сырқаттан көп емес. Оның үстіне бұл әдіс арқылы эмбриондардан тұқым қуалайтын әртүрлі генетикалық ауруларды анықтауға болады. Зерттеу әдісін «имплантация алдындағы генетикалық диагностика» деп атайды.

—   Уақытыңыз тығыз болса да, көңіл бөліп,  сауалдарға  жауап бергеніңізге рахмет!

 

Нағашыбай Қабылбек