Қазақстандық өнер жұлдыздары 2024 жыл несімен есте қалғанын айтып берді

“2025 жылдан бөпе күтемін”

“Болашақ” бағдарламасымен Лондонда біліп алып келген әнші, актриса Айгүл Иманбаева “Жылға өкпем жоқ” деп жан сырын ақтарды.

“2024 жылдың маған бергені көп болды. Аллаға шүкір деймін. Бәріне алғысым шексіз. Бақыт пен қуаныш, байлық қатар келген әдемі жыл болды. Жеке өмірімде де жаңалықтардан хабардарсыздар. Ұлым үйленіп, немерелі болдым. Баламның алғашқы тырнақалды туындысы “Көке” фильмін түсірдік. Жеке өмірімде арқа сүйейтін азаматымды жолықтырып, отбасын құрдым. Үйлену тойымыздың күні әлі белгіленген жоқ. Лос-Анджелес қаласында болады. Қазақстаннан баратын достарымның визасына байланысты той күнін белгілейміз. Ал келер жылдан, бөпе күтемін. Соған ниеттеніп жатырмыз”, – деді актриса.

“15 жылдан кейін “Шаншарға” шықтым

Одан кейін әзіл-сықақ театрынан гөрі желі жұлдызына айналған актриса Жұлдызай Дүйсенбиева да шығармашылығындағы жаңалықтарды жіпке тізді.

“2024 жылдың 22 желтоқсанында “Шаншар” театрының концертіне қатысамын. Жылды солай жабайын деп тұрмын. Жемісті жыл болды. Ауыз толтырып айтатын жетістігім – 15 жылдан кейін “Шаншар” театрындағы әріптестеріммен бір сахнада өнер көрсеткенім. Дәл қазір ем қабылдап жатырмын. Тіпті, сіз хабарласқанда система алып жатқан едім. Концертке дейін денсаулығымды да дұрыстап алмақпын. Бәрі жақсы болады”, – деді Жұлдызай Дүйсенбиева.

“Естен кетпейтін сапар” 

Танымал хит әндердің орындаушысы Маржан Арапбаева да қуанышты жаңалықтарын бөлісті.

“Биыл мен үшін қарбалас жылы болды. Жаңа әндер, дуэттер жаздым. Шығармашылығыма көңіл бөлдім. Ең есте қалғаны Қытай елшілігінің шақыртуымен Қытайдың екі қаласында өнер көрсеттім. 10 күндей естен кетпес сапар болды. Қытайдағы қазақтар керемет қарсы алып, әндерімізді бірге шырқадық. Бұрын соңды барып көрмеген тропикалық елдерге саяхаттадым. Отбасым тегіс аман-есен. Бәрі менің жанымда. Шүкір етемін. Келер жылы жеке концерт беруді жоспарлап отырмын. Бұйырса, жаңа жылдан кейін дайындықты бастаймыз”, – деді әнші.

“Ең үлкен олжам – келін алдым”

Продюсер Гүлзира Айдарбековаға хабарласқанымызда бірден жақсы жаңалықтан бастады.

”2024 жыл десе кеудем қуанышқа толады. Өте жақсы жыл болды. Ең үлкен олжам – Заңғар үйленіп, келін алдық. Жыл басы құда күтумен басталды. Көңілімнен шығатын Индира деген келінім бар. Одан кейін саяхат жылы болды. Бірнеше рет шет елге шығып, демалып келдім. Көптен бері армандап жүрген Швейцария еліне табаным тиді. Европаны түгел араладым. Германиядан бастап, Фарнция мен Италия, Венецияға саяхаттадым. Солтүстік Кипрге бірнеше рет бардым. Күні кеше ғана Дубайдан оралдым. Сондай-ақ жеке бизнес ашып, киім дүкенін жүргізіп отырмын. Ол да көптен бері ойда жүрген іс еді. Төрт көзіміз түгел болып, жаңа жылды қарсы алғалы отырмыз. Балаларым мен келіндерім, немерелерім бәрі жанымызда. Содан артық бақыт жоқ. 2025 жылы Қайраттың жеке концерттерін көбейтеміз. Бүкіл республиканы аралап, концерт қоямыз. Ең бастысы, аман-есен болайық”, – деді Гүлзира Үсенқызы.

 “Жанымыз бен тәніміз демалды” 

“Таңшолпан” бағдарламасының жүргізушісі, әнші Гүлнұр Оразымбетова барлық жақсылықты жаңа жылдан күтетінін айтты.

“2024 жыл мен үшін тыныш өткен жыл болды. Отбасылық өмір күйбің тіршілікпен өтіп кетті. Шығармашылығым да бірқалыпта тұрды. Сондықтан көп жаңалыққа толы жыл болды деп айта алмай тұрмын. Басқа жылдарға қарағанда жанымыз бен тәніміз демалды. Өнер адамы болғасын ұшып-қону, концерт, түсірілімдермен жүрдік. Таңғы бағдарламада жүргізуші болғасын жұмысым да ілгері жүрді. “Егіз-лебіз” жобасының тізгінін ұстадым. Жаңа әндер жазылып жатыр. Барлық қуанышты 2025 жылдан күтеміз”, – деді әнші.

 Stan.kz