Қазақстандықтар неліктен зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын ала алмайды ?
БЖЗҚ АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева зейнетақы жинағын мерзімінен ерте не себепті алуға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат басылымы.
Наурызбаеваның айтуынша, бұл мәселе қоғамда екіұдай пікір туғызып отыр.
«Әлемнің кейбір елінде мұндай тәжірибе бар. Бірақ, ол елдерде бізбен салыстырғанда жинақ көлемі жоғары. Мысалы, Сингапурда зейнетақының салымы жалақының 40%-ын құрайды. Біздің елімізде де солай болса, қордағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға болатын еді», – дейді ол.
Мұнымен қатар, БЖЗҚ басқарма төрайымы қазақстандықтардың орташа салымының көлемі 1 млн теңге екенін айтып өтті.
«Бұл қаржымен барлығын қамту мүмкін емес. Дәл қазір азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 72 жас, ал әйелдердікі – 76 жас. Кей аймақта бұдан да ұзақ өмір сүріп жатыр. Енді 1 млн зейнетақының неше жасыңызға дейін жететінін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Мұнымен қатар, 39 жасқа толмаған азаматтар шоғырландырылған зейнетақыны алмайды. Оларға тек базалық зейнетақы мен өздерінің жинаған сомасы беріледі. Яғни зейнетақы салымын зейнетке шықпай тұрып басқа мақсатпен алған дұрыс емес деп ойлаймын», – дейді Нұрбүбі Наурызбаева.
ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасына енгізілген өзгертулерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнет жасына жеткен қазақстандықтар ақшасын бұрынғыдай бірден емес, ай сайын алатын болады.