Қазақстанға шетелден тағы 752 адам келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттің тапсырмасына сәйкес елге тағы 752 адам қайтарылады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.
Мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы осындай қиын кезде көрінеді. Президенттің тапсырмасымен, 18 наурыздан бастап, шетелдегі 7702 Қазақстан азаматын мемлекет өз күшімен елге әкелді. Елімізге тағы 752 азаматты әкелеміз. Бұл мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы мәселе, — деді Дәурен Абаев.
Бұған дейін сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 27 ақпаннан 16 наурызға дейін аралықта елден 435 мың қазақстандық кеткенін хабарлаған.
Көбісі ауа-райы қолайлы, жылы елдерге демалысқа саяхаттаған. Мәселен, Мысырға 5616 адам, Біріккен Араб Әмірліктеріне 6778 адам, Түркияға 8327 адам, Тайландқа 1342 адам, Мальдив аралдарына 487 адам ұшып кетті. Бұл тізімге Мексика, Доминикан Республикасы, Буркина-Фасо, Бразилия сияқты экзотикалық елдер де енген.