Қазақстанның әсем табиғаты маған шабыт берді», — дейді шетелдік суретші

2017 жылдың 16 тамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағында Француз өнері күні өтті. Шара барысында Парижден келген суретші Сильви Тузери қазақтың сайын даласына тәнті болғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Париж – шығармашылық пен өнер қаласы. Онда 150-ден астам музей мен суреттер галереясы әрі әлемге әйгілі көптеген сәулетті орындар шоғырланған. Оның ажырамас бөлігі – Монмартр ауданы. Оған әлемнің көптеген музыканттары, ақындары мен суретшілері келеді.

«Бүгінгі шарамызда Париж қаласын жаңа қырынан таныстыруға тырыстық. Мұнда Франциядан суретшілер шақырған жоқпыз. Алайда бүгін осы өнер күніне Парижден екі суретші келді. Сонымен қатар шараға жас қазақстандық суретшілерді де шақырдық. Олар өз туындыларын салып, оны көрермендерге сыйға тартады. Бұл келген қонақтарға Монмартр атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз шағын конкурс ұйымдастырдық. Егер қонақтар біздің сұрақтарымызға дұрыс жауап берсе, арнайы сыйлықтарға ие болады. Біздің шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз Қазақстан мен Франция арасын жақындастыра түсу», — деді Француз павильонының бас комиссары Паскаль Лоро.

Ал Парижден келген Сильви Тузери есімді суретші қазақтың сайын даласы оның шағырмашылық шабытын оятқанын жеткізді.

«Бұл менің – Қазақстанға алғашқы сапарым. Осыдан 10 күн бұрын елге келдім. Францияда жүрген кезімде «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы естігенмін. Саяхат жасау барысында өзіме ұнаған әсем дүниелердің нобайын қағаз бетіне түсіремін. Қазір сфераны («Нұр Әлем» павильоны – автор) және оның жанындағы скульптураны салып үлгердім. Сонымен қатар ғимараттар мен өзіме ұнаған дүниелерді фотоға түсірдім. Мен Бурабай мен Шарын шатқалында болдым. Ол жердің табиғаты маған қатты ұнады. Енді мен Астана қаласын араламақпын. Барлық материалды Парижге барған соң өңдеймін. Маған қазақтың сайын даласы ұнады. Қазақстанның әсем табиғаты маған шабыт берді», — дейді шетелдік суретші. Сондай-ақ өнер күніне шақыртылғар суретші шарада Құсманбек Омарұлы Париж қаласының көрінісін бейнеледі. Ал суретші әрі карикатурашылар Әділғали Баяндин, Әлия Айтжанова, Айтолқын Жантемірова, Мүсілім Сарин әрқайсысы өзінің бірігей стилінде портреттерді салды. Ал қонақтарға өздеріне ұнаған суреттерді алуға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар қонақтарға Франция павильоны туралы сұрақтар қойып, викторина ұйымдастырды. Ең жылдам әрі сұрақтарға дұрыс жауап берген келушілерге сыйлақтар табыс етілді.

http://baq.kz сайтынан алынды