Қазақстанның ғаламшардың жартысын асырауға мүмкіндігі бар.

 

Астана. 02 сәуір. Baq.kz – Бүгін елордадағы жоғары оқу орындарының ректорлары және профессорлық-оқытушылық құрамымен өткен кездесу барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығын дамытып, бұл салаға озық ғылыми жаңалықтар енгізу қажеттігін айты келіп, Қазақстанның ғаламшардың жартысын асырап, тамақтандыруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.  

«Ғылымда көптеген өзгерістер болады. Егер ғылыми зерттеу ешкімге керек болмаса, неліктен мемлекет оны қаржыландыруы керек?! Қазір мемлекеттің мұндай мүмкіндігі жоқ. Бюджеттің әрбір теңгесі тиімді жұмсалуы қажет. Тапсырыс берушілер болуы керек. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі оқулықтарда, не болмаса өндірісте пайдаланылуы тиіс. Ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттырып, экспорттық әлеуетімізді жақсартқан жөн. Өйткені бізге валюта табу керек. Бүгінде мұнай мен метал біздің экономикаға үлкен табыс әкелмейді», — дейді Д.Назарбаева.

Вице-премьердің сөзінше, ауыл шаруашылығы, Мемлекет басшысы атап өткендей, ел экономикасының маңызды қозғаушысының бірі.

«Қазақстанның ғаламшардың жартысын тамақтандыруға мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығында озық технологияларды пайдалануға ұмтылу керек. Аграрлық университеттерде оқитын жастар үшін бұл саланың әлеуеті орасан. Мұнай мен газ саласының емес, ауыл шаруашылығының болашағы зор. Мен, жеке басым, осыған сенемін. Сондықтан мамандарды даярлаудың жаңа әдістемелері, ғылымды дамыту жұмыстарының да жедел жүргізілгені жөн. Осы ретте біздің университеттерге артқан сеніміміз үлкен», — деп атап өтті Д.Назарбаева.