«Қазақстанның құрметті байланысшысы» Өсербай Қарасаев: Адам үшін адал еңбек ─ зор бақыт

Саналы ғұмырында өнегелі ісімен артына өшпес із қалдыратын апталдай азаматтар некен-саяқ. Алайда арамызда іргелі істердің тұтқасы болып, тиянақты тірлігі үшін атақ-абырой да, ақы да тіленбейтін талапшыл жандар да жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі – «Қазақтелеком» ҰАК-ның бұрынғы вице- президенті Өсербай Қарасаев. Биыл 80 жасқа толып отырған еңбексүйгіш жан, қаршадайынан көрген қиындығына қасқайып қарсы төтеп берген, ерік-жігерін сарықпаған мәртебелі азамат, бүгінде абыроймен ақсақал жасына келіп отыр.
Жылдар бойы ұжымын сүттей ұйытып келген ол, осы күнге үлкен-кішіге де көрсеткен ізеттілігі мен пайым-парасатының арқасында жетті десек, артық айтқандығымыз емес. Әсілі оны, мерейтой иесімен емен-жарқын сұхбатымызда байқаған едік.

— Сексеннің сеңгіріне шыққан екенсіз. Құдай Тағала сізге ұзақ өмір сыйласын! Осынау өмірден не түйдіңіз?
— Жүзге келген адамнан өмірге ризасыз ба деп сұрапты ғой, сонда ақсақал жүз жылдық өмір деген сұлу қыздың жалт етіп қарағанындай екен ғой өте шыққан деп жауап берген екен. Өмірде қанша қиыншылық көрсем де, осы жасқа жеткеніме ризамын. Әркім әртүрлі нәрсені мақтайды. Соны құндылық санайды. Байлықты өмірінің мәні, сәні еткендер бар. Мен үшін бұл дүниеде ең қымбаты адамның өмірі екен. Бір рет берілген өмірде ешкімнің ала жібін аттамай, қолыңнан келсе, жолдас-жораға, мұқтаждарға көмектесіп өмір сүрген адам бақытты адам деп есептемеймін. Әр нәрсеге таласып, бүгін ұрысып, ертең жарасып, жанталасып өмір сүрген адамның өмірі өмір емес. Өйткені осы бір пендешілікті талай жолдасымнан көрдім. Біреуі байлыққа, біреуі мансапқа таласып, қызметін пайдалануға тырысты. Жинаған байлықтарын мұрнынан шыққандай қылып жауап беріп, денсаулығын құртып алды. Қазір біреуі жоқ. Таза өмір сүруден артық ешнәрсе жоқ екен. Әрине, өмірім кіршіксіз таза өтті деп айта алмаймын. «Әттеген-ай!» деген кездерім де болды.
— Қиыншылық көрдіңіз бе?
— Көрдім. Аштықты көр-дім. Әкем 1943 жылдың 6 ақпанында Орлов облысы-ның Денисовка селосының маңында оққа ұшты. Шешем де ауыр жұмысты көтере алмай, ерте өмірден өтті. Жалғыз ағам да қайтыс болып кетті. Ауылда мектеп болмай, екі жылдай оқымай қалған кездерім болды. Ағайындардың қолында жүрдім. Қайта мені балалар үйіне өткізбей, аман алып қалғандарына рақмет айтамын. Соғыстың аяғына таман ауылда тамақ болмады. Атшоңқайдың тамырын қазып жедік. Шешем қайтқаннан кейін үнемі аш жүрдім деп айтсам болады. Біреудің үйінде жүресің, олар бермейін демейді. Олардың өзінде тамақ жоқ. Аязды күндері жылы аяқкиімнің жоқтығынан сабаққа бармағаным, кейде нағашы атамның ұзын қонышты етігін киіп, аяғымды қажатып жібергені, немере ағам Жұмахметтің үйіне соғып, бірер тілім нан жеп, әл жинайтыным есімде қалыпты. 8-9 сыныпта интернатта жатып оқыдым. Ол жерде сылдыр су. Балалардың 90 пайызы цингамен ауырып, тістері түсіп қалды. Тоқсан біткенге дейін әзер жүретін едік. Енді сексенге келгенде жетіммін деп айтпайсың ғой. Бала-шағам бар, шүкір.
— Техникумның от жағушы қызметінен бастап, Байланыс министрлігінің орынбасарына дейін көтерілген Өсербай Қарасаев 100 пайыз таза еңбекпен жетті деп айта ала ма?
— Тек қана еңбек, айналайын! Бір қызметтен екінші қызметке ауысқанда, мені ұжым қимай шығарып салатын. Еңбек адамы үшін бақыт осы емес пе? Павлодар қаласы Байланыс басқармасының директоры болып тұрғанда, үйде мүлдем болмаған екенмін. 3 күн Екібастұзда тұрыппын. Балаларға көңіл бөлетін уақыт таба алмағаным әлі есімде. Әйелімнің денсаулығына байланысты Павлодардан Алматыға ауысып келдім. 5 жылдай Байланыс министрлігіне қарасты Жоспарлау институтының директоры болдым. Кейін Байланыс министрінің орынбасары болдым. Артынша «Қазақтелеком» құрылды. «Қазақтелекомде» вице-призедент, атқарушы директор, аппарат жетекшісі қызметтерін атқардым. Зейнеткерлікке жеткеннен кейін де маған қызмет ұсынып, телекоммуникация мамандарының дайындайтын орталықтың директоры етіп сайлады. Қызмет сұрап ешкімнің алдына барған емеспін. Жоғарғы білімім болмаса да, мені министрлікке жұмысқа алған еді.
— Бүгінгі жастар неліктен адал еңбекпен жетістікке жетуге сенбейді? Олар үшін «аға-көке», «тамыр-таныс» қазақтың ата-бабасынан келе жатқан дәстүрі секілді болып кеткен…
— 20 жылдың ішінде қоғамда басқа түсініктер қалыптасты. Құндылығымызға селкеу түсті. Бүгін көкенің күшімен қызметке орналасуға болады, бірақ ол болашаққа азық болмайды. Өйткені сенің айналаңдағы адамдар білімің мен тәжірибеңді көріп отыр. Көкең бүгін бар, ертең жоқ. Уақытша дүниеге алдануға болмайды. Ол сені бақытты ете алмайды. Бақытты болу үшін жақсы жанұя, сүйікті жұмыс керек. Біздің заманымызда халқымыздың 90-95 пайызы адамның еңбекке деген ұмтылысын қадірледі. Бірен-саран адасып жүргендерді көрдік. Олар жұмыстарынан қорытынды шығара алмады. Халыққа сыйлы болып-болмауы өз алдына, жұмыстарынан ләззат ала алмады.
— Сексен жасқа келген Өсербай ақсақал Жаратқаннан не тілейді?
— Әлбетте, денсаулық тілеймін. Немерелерім бар, солардың өсіп-өркендегенін көргім келеді. Солардың жанында өз аяғыңмен жүріп, өз ақылыңмен сөйлеп, ұрпағымның қызықтарын көргім келеді. Өздерің көргендей, байлық жинаған жоқпын. Бай адам ұрлап алған, зорлап алған дүниенің сұрауы бар-ау деп, сосын осыны қалай қорғап аламын, біреу ұрлап кетер ме екен, жырлап кетер ме екен деп өмір сүреді. Бізде мұндай алаңдаушылық жоқ. Балаларыма айтып жатырмын, жақында 80-ге келемін, барлығымыз шаңырақта жиналайық, сыйлық та қажет емес, жақсы көңіл күймен келіңдер деп жатырмын.
— Сіз үшін жұмақтың кілті неде?
— Жұмақтың кілтін таптым деп айта алмаймын, Бауыржан! Екі-үш жыл бұрын пітір төлейін деп мешітке бардым. Жастау молда қасына екі-үш адамды отырғызып алып, уағыз айтып отыр екен. Пітір төлейтін жер жабық тұр екен, әлгілердің уағызына құлақ түрдім. Айтып отырғаны келіңкіремейді. Кенеттен маған бұрылды да алдымен: «Ақсақал, сіздің шашыңыз аппақ екен. Қажылыққа бардыңыз ба?» — деді. Кейін намазымды сұрады. «Айтып отырған уағызыңа ешнәрсе демей отыр едім, сұраған соң айтайын, менде бір принцип бар. Өмір бойы сол принциппен өмір сүрдім», — дедім.
Біреуді алдамадым, дүниесін тартып алмадым. Біреуді соққыға жықпадым, я біреуді отырғызбадым. Таза өмір сүрдім. Былайша айтқанда, өлімнен қорықпайтын адаммын. 5 рет қажылыққа барып келген жолдастарымды білемін. Одан бұрын қандай өмір сүргені көз алдымда. 5 рет емес, 10 рет барса да, оны жуа алмайтын қылмыс, зорлық жасаған кісілер бар. Біреудікін тартып алғандар, қан жылатқандар бар. Расымен де, өзгеге жасаған қиянаттан құтылатын болса, барлығы қажылыққа баратын еді ғой. Бұл өмірде жасаған қылмыстың сұрауы бар екенін олар түсінбейді. Кісі ақысы қайда қалды сонда Құдай Тағала сенің жасаған күнәларыңды кешіруі мүмкін, бірақ кісі ақысын ана кісі кешірмейінше Құдай кешірмейді.
— Техника саласында білім алып, қызмет атқардыңыз. Дегенмен, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсуді армандаған екенсіз. Бүгінде өлең жазып жүрсіз. Өзіңізді ақынмын деп санайсыз ба?
— Ақын деп санауға жетпейтін шығар. Ең алғаш Павлодар қаласында жүрген кезде өлең жазып, ол облыс газетінде жарық көрді. Ол кезде Павлодар облысы байланыс жөнінде телефон саны жағынан бірінші орынға шықты. Кейбір ауылдармен байланыс үзіліп қалғанда облыс басшыларының «Бұл қалай жұмыс істейді? Өлең шығарып, асаба болып жүр ғой» деп қалжыңдағаны есімде қалыпты.
— «Бақыт жайлы толғаныс» өлеңіңізде «Бақыт құсы жерде емес екенін сонда ұқтым» депсіз. «Бақыт құсы» қайда екен?
— Ешбір адам бақыттымын деп айта алмайды. Бақыттымын деп айту күпіршілік болады. Бақыттымын деп айқайлағанды Құдай да жақтырмайды. Бақытсызбын деп те айта алмаймын, өміріме ризамын. Мүлдем ойламаған, керісінше өзің көмектескен адамдардың саған қиянат жасауы қатты әсер ететіні рас. Бір маманды оңтүстіктің бір қаласынан Алматыға көшіріп әкелдім. Лауазымды қызметке орналастырдым. Тіпті Парламент мәжілісі депутаттығына кандидат болды. Оның баласы Энергетикалық институтта жақсы оқыды. Мәскеуге он баланы оқуға жібергелі жатқанбыз. Баласы лайық болған соң, тізімге қостық. Балалардың бір жылдық шәкіртақысына дейін тағайындадық. Университеттің бірінші проректоры менің танысым болды. Әлгі бала оқуын бітіріп келіп, Павлодарға жұмысқа орналасты. Ол жерде менің ұлым техникалық директордың орынбасары болып қызмет атқарып жатқан еді. Ұлымның артынан шам алып түсіп, қиянат жасады. Опасыз адамға мың жерден жақсылық жаса, басыңа шығып, жасарын жасап кетеді. Бұл өлең сәтті шыққан деп айта алмаймын. Осындай көңіл күймен жазылған дер едім.
— Соңғы жылдары руханият сөзі тек дінмен байланысты болып қалғаны белгілі. Елбасының «Рухани жаңғыруға» байланысты мақаласынан кейін руханият деген көзқарас өзгеріп сала берді. Қоғамның рухани жаңғыруы үшін нақты қандай қадамдар жасалу керек?
— 25 жылдың ішінде көп дүниені бүлдіріп алдық. 10-15 жылдың ішінде телеарна қараусыз, тексерусіз қалды. Қазақтың қызы шығып алып «Бұл менің тәнім. Не қаласам, соны істеймін» дейді. Бұл дегенің масқара ғой! Шыққан тегінен айырылып қалғандар көп қазір. Діни ағымдардың, діни концепциялардың деңдеп енуіне мүмкіндік беріп қойдық. Бұл ұлттың бұзылуына әкеп соқты. Өзіміз рұқсат беріп, енді өзіміз күресіп жатқан жайымыз бар. Тәрбие туралы идеология жоқ. Кеңес Одағын қаншама қараласақ та, пионер болуға, комсомолға өтуге, жалпы адам болуға тырыстық. Оқытушының алдынан өтпедік. Қазіргі бала мұғалімді ұрып кетеді. Мұғалім ескерту беруге қорқады. Әкесі келіп үркітеді. Мектеп басшысы мұғалімді құл көреді. Үйін тазала десе, тазалайды, көше тазала десе, барып тазалайды. Білім мен тәрбие бірінші ата-анадан, екінші ұстаздан келеді. Ата-ананың жағдайы белгілі, оңай жолмен жетістікке жеткісі келеді. Ұрлық-қарлық құндылық болып тұр.
— Сұхбатыңызға рақмет!

 

Күзгі жаңбыр

Көшемізде иттер үріп тынбайды,
Жарығы жоқ үйлер үнсіз тыңдайды.
Жаңбыр жуып, жел тербеген теректер,
Теңселеді, сықырлайды, сынбайды.
Өзім ғана мұңаяйын бұл жақта,
Беймезгілде Сіз көрмеңіз мұндайды.
Түн түнерді, ай мәңгіге батқандай,
Жаңбыр селдеп бізге жылап жатқандай,
Ойлар ауыр бас көтертпес батпандай,
Біреу миға шеге қағып жатқандай.
Жүрек сыздап дір етеді үмітпен.
Қапияда өзіңді іздеп тапқандай.
Бір хабарды жеткізе алмай желменен,
Ұмыттың ба, еркем, мені ақ маңдай?
Сағынармын, шыдап әлі бағармын,
Үміт отын өлең жазып жағармын.
Бірақ үнсіз батыс, шығыс, құбыла,
Күзгі жаңбыр, бізді де айтып, бір жыла.
Өсербай Қарасаев

PS: Байланыс саласында қажырлы еңбек еткен, осы салаға ғұмырын арнаған «Халықтар достастығы» орденінің иегері, еліміздің «Құрметті байланысшысы» Өсербай ақсақалды халықаралық «Қазақстан Zaman» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы да сексен жасқа толуымен құттықтай отыра, деніне саулық, отбасына амандық тілейді.

 

Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов