Қазақстанның Жаһандық бәсекеге қабілеттілігі артып келеді

Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Астанадағы Назарбаев Университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен «Зияткер Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек отандық және шетелдік ғалымдармен бірге жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, ғылым саласындағы қазақстандық сарапшылар қатысып, ел экономикасындағы ғылымның маңызына және осы саладағы түрлі түйткілді мәселелерге кеңінен талқылады.

Мемлекеттік хатшы: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі отандық ғылымның әлеуетін өсіруге айрықша мән беріп келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген міндеттер экономиканың ғылымды қажет ететін салаларын құрумен байланысты. Жаңа технологиялық деңгейге шығу үшін экономиканың әрбір саласы инновациялық қадамдарды қажет етеді»-дей келе, 2010 жылдан бастап Қазақстанның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша өз позициясын жақсартқанын тілге тиек етті. Мәселен, еліміз 2015 жылы «Инновациялық әлеует» көрсеткіші бойынша 31 позицияға (140 елдің ішінде 112 орыннан 81 орынға), ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы бойынша инновация бойынша 29 позицияға (140 елдің ішінде 101 орыннан 72 орынға), ғалымдар мен инженерлерге қолжетімділік көрсеткіші бойынша 21 позицияға (140 елдің ішінде 91 орыннан 70 орынға) көтерілген.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында үш панельдік сессия өтті, онда отандық ғылымды одан әрі дамыту және қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістерін ілгерілетудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Айта кетейік, Бүгінде Қазақстанда ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру үшін екі зияткерлік-инновациялық кластер – хайтек-парк Назарбаев университетіндегі «Астана бизнес кампус» және Алматыда «Алатау» технопаркі құрылды. Нақты өндірістік жобаларды іске асыру үшін кластерлер базасында жоғары технологиялық компаниялар, соның ішінде шетелдік компаниялар тартылатын болады. Жиын соңында Г.Әбдіхалықова мемлекеттік органдарға қазақстандық ғылымды одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

«ЕлАна»