Қазақта қайткенде баспана болады?

Қазақ неге баспасыз?

Қазақтың басына азаттық алумен бірге жаңа әлеуметтік мәселе туындады. Ол халқымыздың ауылдық өмірден қалалық тірлікке ойысуынан. Себеп: совет өкіметі қазақ халқын қалаға жібермеді, қалалық тіркеуге 17-30% шамасында шектеу қойды. Осының салдары бұл халықтың өркениет пен технологияға жақындауын мейлінше тежеді және әлеуметтік-психологиялық мешеу ахуал орнатты. Бұған қоса халық этножіктелісті бастан кешті: тарихта ол «мәмбет» және «мәңгүрт» сөздерінен көрініс тапты.

Егемен алған ел өкінішке орай бұл ахуалды әлі күнге түзетуге дәрменсіз. Оған бірнеше себеп бар, оларды қарастырмаймыз.Біздің мақсатымыз — қазақ неге баспанасыз деген сауалға жауап бере отырып, сол мешеулікті жойу жолдарын нұсқау.

Мемлекет бұған дейін қаншама рет тұрғынжай саясатын жақсартудың жолдары мен бағдарламаларын жасаса да, ол қазақ халқының қауқары мен мүмкіндігіне, ресурсына сәйкестендірілмеген бұралқы жолдар болып келеді.

Бар мәселе елдегі өзге этностық жұрттармен салыстырғанда қазақ неге баспанасыз? деген сауал ауқымды түрде қарастырылмады. Мәселе жоғарыда айтқанымыздай совет өкіметінің ұлтты тежеу факторының болғандығы, ол саясат елдегі басқа этностарға таралмады. Бұған қоса қазақтың бұрынғы көшпелі тарихы тағы ескерілмеді. Осының бәрі қазақтың қала халқы болуына барынша тежегіштер болатын.

Қазақ қала халқы болуды соңғы 15-20 жылда ғанажаппай бастан кешіп отыр, бұған дейінгі тамтұмдап болған үдеріс қалаға сіңген қазақтың жаңа ортаны игеруге деген мүмкіндігінің мейлінше ауыр да аянышты тарихи жағдайда өткендігін белгілі қазақ ақыны Қасым Аманжол

«Бермесең, бермей — ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды.»
деген шумақта қазақ рухани элитасының жағдайын суреттеп кеткенін өзі де байқамады.

БҮГІНГІ БАСПАНАЛЫҚ ТЕТІКТЕР ТУРАСЫНДА

Бүгінде тұрғынжайлы болудың Қазақстанда үш жолы бар: коммерциялық жол – ипотекаға пәтер алу, мемлекеттік жол – 3 жыл бойы жинақтаумен Тұрғын үй құрылыс банкінен кредит үстеп алу, халықтық жол – Тұрғын үй кооперативін құру арқылы.

Бірінші жолға табысы жоғары жанұя ғана бара алады және қайтарым ретінде 1,5-2 пәтер құны қосып қайтарылады. Екінші жол уақытты көп қамтиды және негізінен орта табысты адамдарға мүмкін, онда да бәрін бірдей жаппай қамту мүмкін болмай отыр және қайтарым ретінде алған несиеге бір пәтер құнын қосып төлеу шеңберінде жүзеге асып жатыр. Ал халықтық жол соншалықты дамымай отыр және оның бар-жоғын жұртшылық білмейді, білгендер күдікпен қарайды, мемлекет тарапынан бұл жолға Ресейдегідей қамқорлық пен көзқарас жоқ. Мәселен, Ресейде BEST WAY кооперативіне кіретін жас жанұяларға аналық капиталды бастапқы төлем ретінде қосуға жол ашылған, тіпті қырғыздар да осыған қатысты өз жолдарын қарастыруда.

Бізде барынша тиімді әрі мемлекетке ыңғайлы халықтық жолмен баспаналы болу бағыты мүлдем қараусыз қалған. Алғашқы екі жолдың екеуі де коммерциялық екенін ескеру керек. Өйткені, аты мемлекеттік болғанмен Тұрғынүй құрылыс банкі көрінгенге кредит үлестірмейді, оның бірнеше талабы бар, соның ішінде табыс мөлшері қатаң қаралады. Ал, тұрғынжай кооперативі ешкімнің жасы мен табысына қарамастан баспаналы болуға мүмкіндік беретін барынша әлеуметтік сипаттағы халыққа да, мемлекетке де тиімді жол екені біздің қоғамда әлі күнге назардан тыс қалып отыр. Елдегі 20 шақты тұрғын үй кооперативтері баспанамен қамту саласына зор үлес қоса алмай отыр.

Мұндай жағдайда елдегі табыс табудың басты мүмкіндігі ретінде жылжымас мүліктің экономикалық-коммерциялық сипаты ешқашан даладан кеше ғана қалаға кірген қазақтың басына пана беріп жарытпайды. Бұл түрімен ешқашан жылжымасқа деген нарықтық баға арзандамайды. Қалталы жұрт елде салынған шаршы метрдің жартысынан астамын пана ретінде емес, мүлік ретінде қарайтын жағдайда  пәтер құны түседі деу — қиял ғана!

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Елде тұрғынжай ғана емес, барлық орынжайға деген үлкен халықтық әлеуметтік қозғалыс туындату қажет. Оның бірден бір тетігі тұрғынжай кооперативтеріне деген мемлекеттік көзқарасты өзгерту, халықты баспанамен қамтуға деген әлеуметтік сипат беру. Тұрғын үй саясатын дамыту деген сылтаумен қолды болып жатқан қаржыны коммерциялық тетіктерден алып, халықтық-әлеуметтік тетіктерге бұру. Сонда Астананың солжағалауындағы жалдау көзіне айналған спекуляциялық 30-40 пайыз пәтерге адам кіріп, жым-жырт маңға жан бітеді.

Айталық, әлеуметтік әлжуаз топтарға бастапқа төлем ретінде бөлінетін қаржы қорын құру және тұрғынжай кооперативтерін дамытуға қажет заңдама мен басқа да саясатты жұмсарту, жол ашу, коммерциялық сипатқа балама ретінде бәсекелес болатын әлеуметтік бағытқа бет бұру қажет.

Жекедаралықтан гөрі көшпелі-ұжымдық ойлау салты дендеген қазаққа тән асарлық салтты ресми түрде жаңа деңгейге көтергенде ғана ұлттың қажетін өз ресурсымен қамтимыз.

Ерсерік Әбдірешұлы,

Best Way кооперативінің мүшесі