Қазақта неге күйеу баладан бата сұрауға тыйым салынған?

Жігіттің үш жұрты бар екенін жақсы білеміз: өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Осы үш жұрт үшін жігіттің орыны үш түрлі десек, қайын жұртқа тіптен өзгеше. Қалған екі жамағатқа бала ретінде қаралса, мұнда күйеу бала саналады. Сондықтан бұл жақта оларға істеуге тыйым салынатын заңдылықтар бар.

Қазақ ерте кезден күйеу баланы ерекше құрметпен қарсы алып, сыйлы қонақ ретінде қарайтын болған. Дегенмен орны қанша биік болса да күйеу бала бата бермейді. Ол қай жаста болса да сол үйге күйеу болғаны үшін одан бата сұрамайды. Оған басты себеп — оның елі басқа, руы басқа. Әрбір ру, әр тайпа өз жұртын өзі басқарып, ел ақсақалдары бата береді. Сондай-ақ бұл салт күйеу баланың өз ұрпағы жоқ болып, қыз ұрпағы билемесін деген ырымнан шыққан.

Келінге арналған түрлі тыйымдар мен дәстүрлер бар болғаны секілді күйеу балаға да салынатын тыйымдар аз емес. Солардың бірі — жас күйеуді төрге отырғызбау. Күйеу бала да сол әулеттің жаңа бір мүшесі болғанымен, есіктен кіріп төрге шығуына болмайды. Себебі әулеттің шаңыраққа ие болар өз ұрпағы барын нұсқау болып саналады.

Жансая Олжабек
bugin.kz