«Қазақтай бауырмал халық көргенім жоқ»
Бұрынғы Байқадам және екінші Коммунар аталатын ауылда неміс халқының өкілі көп тұрды. Осы немістердің жергілікті ұлтқа деген құрметі мен қошеметі ерекше екенін әлеуметтік желіден жиі көреміз. Қашан еді, Сарысудан тарихи отандары – Германияға қоныс аударған немістердің әлдебір той-думанында жігіттері қазақтың ұлттық киімі – шапанын, қыздары камзолын киіп, қазы-қартадан бастап, ұлттық тағамдардан дәм қайысқан дастарқан үстінде байқадамдықтарға жалынды сәлем жолдап, қазақтың әнін шырқап, ұлттық биімізді билегені. Сарысу ауданына барған іссапарымызда Жаңатас қаласындағы қонақ үйдің бірінен бүгінде Саудакент аталатын ауылдан Германияға қоныс аударған Александр Фриг ағаны көріп қалып, құшағымыз әрең ажырасын…
– Саша аға, туған өңір – Сарысуға қош келдіңіз! Германиядағы неміс ағайындар аман ба? отбасыңыз қалай, балалар өсіп, немерелер ержеткен шығар? Қашан келдіңіз, не мақсат, туған жер – алтын бесікке аунап-қунап кету ме?
– Әкемнің қарындасы Байқадамның азаматы Болатқа тұрмысқа шыққаны есіңде болар, сол әпкемнің асына келіп жатқан жайым бар. Германиядан Бішкекке ұшып келіп, ана аулада тұрған көлікті сол қаладан арендаға алып, мініп келдім. Мен осы Жаңатаста да жұмыс істеп едім ғой. Көзкөрген әріптестердің қатары сиреп қалыпты. Сол аз достардың өзі келгенімді естіп, күніне екі-үш үй дәмге шақырады. Алла жазса, ертең Байқадамға барамын, ол жақта Қазақ ССР 40 жылдығы атындағы орта мектепте бірге оқыған кластастарымның қатары да азайған. Абай, Нұрила, Қали, тағы басқа ұл-қыздармен қатар оқып, құшағымыз ажырамаған дос болдық. Қазір қайдам, біздің кездегі достық деген қандай еді, шіркін! Алдыңғы толқын ағаларды аңсаймын, достарымды сағынамын.
– Біздің Сарысумен көрші жатқан таластың ойық ауылында Д.Қонаев атындағы орта мектебін бітірген Андрей Греб деген келініңіздің кластасы бар. іргелі ауылды мекен еткен тұрғындар ұлы жүздің ысты бабасынан тарайтын ойық атаның қызылқұрт, сәтек, көкшекөз руынан. Әлгі Андрейге ауыл қариялары «Әй, сары бала, сен осы ойықтың қай атасысың», дейді ғой. Ол көбіне «қызылқұртпын» дейтін көрінеді. Сол «қайынағам» биыл түлектердің 40 жылдық кездесуіне келіп, бір айға жуық тараз бен ойық арасын жол қылды. Германияға кетерінде енді қайтып, «бауырларымды көрем бе, көрмеймін бе» деп жанарына жас алыпты. Бұл неміс ұлтының қазаққа, туған елге деген шексіз сүйіспеншілігі-ау…
– Андрейдің мектеп бітіргеніне бар-жоғы 40 жыл болса, қайда әлі жас екен. Алла амандығын берсін, әлі де келіп тұрады, туған жеріне, ауылына. Мен биыл 70 жастамын. Жаңа айттым ғой, біздің достардың, замандастардың көбі кетіп қалған. Кейінгі жастар бізді танымайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейміз бе, амандық болып, тағы бір айналып, Байқадамға келгенде жалғыз досты, қатарымды таппай қалам ба деп қорқамын. Андрей сияқты бізде Байқадамды мекен еткен ұлы жүз бен кіші жүздің ортасында өстік, біршама орта жүзден тарақты ағайындар болды. Мен де бала кезден «сары тама» болып өстім. Кейбір неміс достарым «сары үйсінмін» дейтін. Осылай дегенімізде ауыл қариялары қыран-топан күлкіге батып жататын.
Қазір білмеймін ғой, ол заманда байқадамдықтардың, жалпы Сарысу елінің ынтымақ, бірлігі керемет еді. Қазақ көршінің бірінің үйіне келін түссе, біздің әкелеріміз беташарда төрде отырар еді. Өмірден өткен ата-баба рухынан кейін алғашқылардың бірі болып, жаңа түскен жас келін менің әкеме, Яков ағама сәлем салатын. Тойда да жергілікті ұлттан немістің қариясы үлкен болса алғашқы тілекті сол алатын. Ал енді осындай ұлтты – қасиетті қазақты қалай ұмытуға болады?! Түрлі басқосу, шараларда да қазақсың ба, неміссің бе, қарамай бас пен жамбас жасы үлкенге тартылады.
Қазақтың да, немістің дастарқанында да осылай. Бізге ұлтына, дініне қарамай үлкенге құрмет көрсетуді сұрапыл соғыстың алдында қазақ елінің әр қиырына немістер күштеп қоныстандырылғанда қазақтың дана қариялары көрсетіп кетті. Біздің ұлттың баласын бауырына салып, бала қылып асырап алған қазақ отбасылары аз ба? Өзің туып-өскен Байқадамның іргесіндегі «Коммунар» совхозының орталығындағы өздеріңнің үлкен үйлерің бұрынғы Ленин көшесінде тұрған неміс ұлтының өкілі Ендәулен ағамды қазақ асырап, бауырына салғанын, өзің де жақсы білесің.
– Яков Фриг ағайды айтып қалдыңыз, ол кісі туралы коммуналдық саланың
аса ірі ұйымдастырушылығынан бөлек, ел ішінде аңызға бергісіз әңгіме көп…
– Иә, ағам аудандық коммуналдық- шаруашылық мекемесін ұзақ жыл басқарды. Басынан дау арылмайтын сол «комхозда» басшылықта жүргенде ауылдың, ауданның өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі зор екенін көзіміз көрді. Аудандық атқару комитетін жиырма жылдан аса жемісті басқарған Қырықбай Асанов ағамыз іскерлігін ғана емес, қазақтың сөз өнеріне асқан шеберлігін де ерекше бағалайтын. Қырекеңнің өзі де сөзді түйдек-түйдегімен тастайтын өте шешен кісі ғой. Коммуналдық- шаруашылық мекемесінің бір «жыртығы» бүтіндесең, екіншісі шыға келеді. «Райисполкомның» күн сайын ертеңгілік өтетін жиынында күн тәртібінде бірінші қаралатын мәселе – «комхоздың» жұмысы. Бетің бар, жүзің бар демей Қырекең қаһарына мініп, мекеме басшыларының «сыбағасын» бере бастағанда жарықтық ағам төрағадан бастап, орынбасарларын астарлы да, әзіл сөзбен көк ішек қылатын. «Әй, саған дауа жоқ екен» деп қолын бір- ақ сілтеп, бірде бір рет сөгіс, не ескерту бермепті. Ол кісіні Қырекең ғана емес, коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына араласа бермейтін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Асекең, Асан Нұркенов те ерекше құрметтеді.
Байқадамдық бауырлар «Жақып» атап кеткен ағама топырақ сол ауылдан бұйырды. Біз көштің басын Германияға бұрғанда жарықтық сарысулықтарды қимай, көшпей қалып еді. Аудан жұрты «Бауырымдап» күңірене келіп, көңіл айтып, ақтық сапарға шығарып салды. Қазақтай бауырмал халық көргенім жоқ, жер шарының бір қиырында жүрсек те, қазақ елінің, Сарысу жұртының амандығын тілеп отырамыз!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы.