Қазақты әлемге танытқан Әлия
Көркем гимнастика – биді, акробатиканы және әртүрлі заттармен жұмысты біріктіретін ең әдемі және әсерлі спорт түрлерінің бірі. Бұл спорт тек физикалық күш пен икемділікті ғана емес, сонымен қатар әртістік үйлестіру және музыкалық сезімді қажет етеді. Көркем гимнастика, балет пен би қимылдарына негізделген дербес спорт түрі ретінде ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастады. Ол 1960 жылдары ресми түрде танылып, 1984 жылы олимпиадалық спорт түріне айналды.
Гимнасттар жеке бағдарламаларда да, топтық жаттығуларда да өнер көрсете алады. Бағдарламада бес затты пайдалануға рұқсат берілген. Мысалы, арқанмен секіру – жылдамдықты, ептілікті және үйлесімділікті қажет етеді. Ал доп қозғалыстардың пластикасы мен мәнерлілігін атап көрсетеді. Шеңбер болса айналдыру, лақтыру және тепе-теңдікті біріктірсе, сойылдар ең қиыны, ептілік және көп үйлестіруді талап етіп, соңғысы таспа бағдарламаның жеңілдігі мен көркемдігін керемет бейнелейді.
Дәл осы нәзік, сонымен қатар ауыр спорт түрі арқылы елімізді әлемге танытқан Әлия Юсупова қазақ гимнастикасының символына айналған танымал қазақстандық спортшылардың бірі. Ол екі рет Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан қатысып, елімізде осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосты.
Әлия Юсупова 1984 жылы 15 мамырда Қазақстанның Шымкент қаласында дүниеге келген. Кішкентай кезінен көркем гимнастикамен айналыса бастады. Оның жаттықтырушысы көптеген чемпиондарды дайындап, аты аңызға айналған тәлімгер Ирина Винер болды. Өзінің сұхбаттарының бірінде танымал Ресей бапкері Ирина Винер Әлияға айтқан сөзін атап өтеді. «Менде жаттыққан керемет өнерлі қазақстандық спортшы қыз болды. Есімі – Әлия. Мен оны бірнеше жыл жаттықтырдым. Оның жаттығуларына қарап, бір күні мен оған «Әлия, мен сені ары қарай жаттықтыра алмаймын. Егер мен сенімен ары қарай болсам, сен олимпиадада Ресейдің бүкіл алтынын алып кетесің» дейді -мыс. Бұл тұста қазақстандық спортшы: «Мен бұны еш қиындықсыз қабыл алдым. Себебі бастапқыда-ақ мен тек өз елімнің намысын қорғап, жарыстарда тек көк туды желбіреткім келетінін айтатынмын» деп жауап береді.
Жаттықтырушылары бірінен соң бірі ауысқанына қарамастан, Юсупова тез арада халықаралық аренада жетістікке жетіп, әлем және Азия чемпионаттарында бірнеше рет бақ сынады. Төрт дүркін Азия чемпионы және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Әлия Юсупова Қазақстан атынан екі Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. Біріншісі 2004 жылы Афинада өткен олимпиадада 4-орынға ие болып, қазақ гимнастикасы үшін ең жоғары нәтиже көрсетті. Кейін 2008 жылы Бейжіңде өзінің жоғары деңгейін дәлелдеп, үздік сегіздікке енді. Ол Олимпиада жүлдесін алмаса да, оның өнері техникалық күрделілігімен, әртістік шеберлігімен және мінсіз техникасымен тарихта қалды. Елімізде Әлияға дейін де және осы бүгінге дейін де көркем гимнастикадан мұндай жоғары көрсеткіш болмаған. Осы жолда спортта өзінің қажырлы еңбегін атап өтіп, ары қарай да осы спорт түрі үшін барын салатынын айтады.
Спорттық мансабын аяқтаған соң Әлия Юсупова жаттықтырушылыққа ауысқан болатын. Ол Қазақстанда көркем гимнастиканы белсенді дамытып, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып, Қазақстанда көркем гимнастиканың танымал болуына үлкен үлес қосты. Ол спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеп қана қоймай, турнирлер ұйымдастырып, гимнастшылардың дайындық деңгейін көтеруге атсалысты. Алайда 2025 жылдың басында Әлия ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кететінін хабарлады. Екі Олимпиада ойындарының қатысушысы 2012 жылдан бері Қазақстан құрамасын басқарып, қазақстандық көркем гимнастиканы жаңа деңгейге шығарды. Оның жетекшілігімен отандық гимнастшылар халықаралық аренада тұрақты жетістіктерге жетіп, Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде жүлделі орындарға ие болды. Әлия Юсупованың айтуынша, бұл қызметтен кету туралы шешім Қазақстан гимнастика федерациясындағы жұмысқа ден қою ниетімен байланысты. Одан бөлек Әлия басқа мемлекеттерден арнайы шақырту алып, үлкен қызметтер ұсынғаны туралы да айтады. «Алайда менің қызметім, еңбегім тек қазақ жерінде болсын» деп тілеймін деп, ұсыныстарды қабыл алмағандығы туралы да атап өтті.
Юсупованың жетекшілігімен үш спортшы Олимпиада ойындарына жолдама алды. 2016 жылы Сабина Әшірбаева табысқа жетсе, 2020 жылы Алина Әділханова Олимпиада ойындарының қатысушысы атанды, ал 2024 жылы Елжана Тәниева сынға түсті. Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілдері Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында және түрлі беделді әлемдік турнирлерде, соның ішінде Әлем кубогында бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді. Әлия Юсупова қызметтері үшін «Ерен еңбегі үшін» және «Әлемдік дәрежедегі гимнаст» медальдарымен, сондай-ақ «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Алайда Әлия 2024 жылы өткен олимпиада қатысушысы Елжана Таниева үлкен спортқа қайта оралса, ол да өзінің бұрынғы қызметіне қайта оралуы мүмкіндігін атап өтеді.
Әлия Юсупова – қажырлы еңбек, табандылық пен спортқа деген сүйіспеншіліктің үйлесімімен жетістікке жеткізетінінің үлгісі. Оның қазақстандық гимнастикаға қосқан үлесі баға жетпес және оның есімі сыпайылықтың, күш-қуаттың және өз өнеріне, еліне адал, берік символы ретінде тарихта мәңгі қалады.
Аселя ҚУАТОВА