Қазақты малға теңегендерді жазалау қажет

Әлеуметтік желілер арқылы қабаттаса келген қасиетті мерекелермен виртуал достарымды құттықтап отырғанымда, бір видео ерекше назарыма түсті. Ата Заң күнінде төл жарғымыздың жарылқап жатқанын мақтаныш ете қауқылдасып отырғанымызда, бәлкім, бұл бейнежазба елеусіз қалар ма еді?! Менің  көңілімді бұрған бейнежазбаның көрсетілімінің тым жоғарылығы болды. «Фейсбук» желісін жарып кетердей бұл әйел не деді екен деп, бейнежазбаны қостым. Қостым да, жағамды ұстап, сілейдім де қалдым. Айжан Бименова деп тіркелген «фейсбук» қолданушысы күллі қазақты, иә, бүкіл Алаштың баласын аузына келгенін айтып сыбап отыр.  Тілінен заһар уы тамған әйелдің әр сөзінде қазаққа деген өшпенділік айқын сезіліп  тұрды. Сөзінің сірағасы жергілікті қазақтарды айыптаудан басталыпты. «Тарихты оқымаған топас қазақтар» деп бастап, «қазақ тілін жоғалтқан мал қазақтар, есектен де күні төмен… қазақтар» деп, мейлінше былапыт сөйлеген әйелдің бұл сөздеріне бір намысым келсе, екінші жағынан оны осындай тұтас қазақты жек көріп, жеті атамыздан сыбайтындай халге жеткізген не жайт болды деп аһ ұрдым.  Қазақты осынша лас сөздермен «жағасынан алған» әйелдің бейнежазба барысында айтқан не сылтауы болмады.  Танауынан кекірейіп қойып, «маған не істеп аласыңдар?» деп астамсыды. «Қазақ тілін білмейтін, қазақша дұрыс жаза да алмайтын қазақтар» деп және жекірді. Айжан Бименова бір сөзінде өзін қазақ деп атап, ал қалған қазақты  қазақшаны ұмытқан төрт аяқтыларға теңеді. Егер өзі қазақ болса, бауырларын неге бейпіл сөзбен қорлады? Және оңашада, үйінде шай ішіп отырып емес, қолданушыларының саны ең көп «фейсбук» желісінде тікелей эфир қызметімен бейнежазбаны барша жұрттың назарына ұсынды. Сонысынан өзі ләззат алып, орысша балағат сөздермен «жүрекжарды бауырлық лебізін» «көркемдеп» отырды.   Өзінің қазақ еліне келген себебін Айжан ақылман былай деп атап кетті: «Сендерге (қазаққа) жаным ашып келіп едім…» Сонда бұл Бименова, қайдан екені белгісіз, Қазақстанға келмесе, қазақ қазақша сөйлей алмай аузынан қағылып, өзін қорлайтын «мен —қазақпын» деген дүбәра таппай дал болар ма еді? Бейнежазбаны көрген анам қатты күйінді. Өзін қазақпын деп атаған бұл әйелдің шын мәнінде қазақтығына күмән келтірді. Егер жаны қазақ болса, неге бүкіл қазақты сөзімен балшыққа батырып отыр? Әлде бұл әйел әлеуметтік желідегі арандатушылардың қатарынан ба екен? Иә, анам не десе де орынды айтты! Қазақтың тұстастығына қызғанышпен қарайтын «әлдекімдердің» көптігіне ешкім дау келтірмейді. Сол тыныштығымызды түлен түртіп талқан еткісі келетіндер ашық шайқасқа шыға алмай, осындай санасы уланған адамдарды айдап салуы әбден мүмкін екендігі де ақиқат. Сонда Айжан Бименова бүтін қазақты оралман және жергілікті деп, сондай-ақ қазақша білетін һәм қазақша білмейтін қазақ деп, бірнеше жікке бөліп отыр. Арандату әрекеті «фейсбук» қолданушыларын өрттей шарпыды. Бір тәуліктен асар-аспас уақытта бес мыңнан астам адам пікір жазып, Айжанның қазаққа түкірген бейнежазбасын көрмеген жан қалмады десе болады. Сонда ең жанымды ауыртқаны — әлгі пікір жазғандардың жартысына жуығы Бименова ханымды жақтап, қолтығына су бүрікті. «Дұрыс айттың» деп, дақпыртын асырды. «Ақиқатты жайып салдың» деп, бояуын құбылтты. Сондағы Айжанның сөзіндегі шындықтың мысқалы қазақтың толық қазақша сөйлемейтіні екен. Бірақ осы мысқал шындықты бейәдеп сөздермен «әрлемей-ақ» мәдениетті түрде пікір білдірсе қайтер еді? Әй, онда арандату ниеті іске аспай қалар еді ғой. Боқтыққа толы жиіркенішті, құлаққа түрпідей тиген сөздер қайсыбіреулерге майдай жақты. «Түрт, шайтан, түрт» десіп, оңтайлы сәтті пайдаланып, қазаққа айта алмай жүргендерін бір ақтарды-ау, шіркін! Бірі «нағыз қазақ болсаңдар, Төле бидің басына неге мұнара орнатпайсыңдар?» деп, жергілікті қазақты кемсітіп бақты. «Тарихты білмейтін топас» деп тексізденді. Енді бір пікір жазғыш «нағыз қазақ — Моңғолияның қазақтары» десті. Бұл пікірлерге қарап отырып, Бименованың о баста жоспарлаған құйтырқылығы жүзеге асып келе жатқанын білдім. Нұрбек Найман деген белгісіз желі қолданушысы  Бименованың бейнежазбасындағы былапыт сөздерді маржандай теріп алып,  мәтін етіп жазып, бүкіл қазақты тоқтаусыз балағаттаудан танбады. Тоқтау айтып жазғандарға дес бермеді. Содан Бименова мен Нұрбек Найман атымен тіркелген әлгі бір «қазақтың» сыбайлас арандатушылар екенін байқау қиынға соқпады. Жанымды ауыртқан тағы бір жайт — қазақ осылайша мереке күні жік-жікке бөлініп, бір әйелдің арбауымен арандап, өзара қырық пышақ болып жатқанда, заң органдары қайда қарап отырды?! Тіпті заң құрығы әзір тимеген болсын, ал жүрегінде намысы бар қазақ қайда қалды? «Иә, қазақша сөйлемейтініміз рас-ау» деп, белгісіз бір әйелге бас ұрдыңдар да қойдыңдар.

Бименованың қорлығына төзе алмаған қазақтарды да көрдім, әрине, тек желіден ғана. Олар іштерінде буырқанған ашуларын тура Айжан құсап бейпіл сөздермен төгіп жатты. Бір қазақ бір қазаққа қанжар сілтемесе етті деп, үрейленіп те кеттім. Содан соң осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы «фейсбук» желісінде қазақты малғұнға теңеп жазып, басы дауға қалған Татьяна Шевцова есімді әйел есіме түсті. Ол әйел Бименовадай көп тайраңдай алмап еді. Қазақы намысы жоғары қазақтар, қала берді қазақстандық патриоттар бірігіп, оның үстінен арыз түсіріп, ақыры Шевцова ханым шартты түрде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Ал Айжанды неге «еркелетіп» қойдық? Заң бәрімізге бірдей емес пе? Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан бұл әйелді неге сонша жүгенсіз жібердік, ағайын?! Заңның қауқары қаншалықты? Дереу білмек болып ҚР Қылмыстық Кодексін ақтардым. Таптым, 174-бап «Қорлау» деп аталады.  «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабында дәл осы Айжандай әрекет еткен адамға екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылыпты.

Қылмыс жасалғанын көре тұрып,  қасақана жасырып қалу да қылмыс екені белгілі. Міне, сондықтан мен Бименованың «мерекелік қылығын» (бірнеше мереке қатар келген нұрлы күнде сөкті ғой қазақты) жай тентектікке балап, немесе қайсыбіреулердей «елемеген болып» отыра алмадым. Ал бейнежазбасының арқасында желі жұлдызына айналған Айжан келесі күні кешірім сұрағандай сыңаймен мәтін жариялады. Бұл жолы «жарқын жүзін» көрсетпей, тек жазумен ғана шектелді. «Артық кеттім» деп ағынан жарылған Айжан өзін біреу «оралмансың» деп атаған соң, ашуға мініп, осындай әрекетке барғанын хабарлаудан арыға аспады. Бір жан жазғырды деп, тегіс елді езуі көпіре қарғап-сілеуге не хақы бар? Елімізде шеттен келген қандастарымызды  алақанымызда ұстамасақ, бауырымыз деп төрімізден орын бермесек, кем тұтқан жеріміз бар ма?

3 қыркүйек күні Бименованы желіден шам алып іздеп таппадым. Есесіне одан кешірімді қатеге толы мәтінмен емес, өткендегідей бейнежазба түрінде сұрауын талап еткен жазбаларды көрдім. Таза қазақша әрі толық сауатты жазылған бұл жазбалар тым аз оқылыпты, тек бір адам ғана пікір қалдырыпты.

Иә, Бименовалар жалғыз емес. Олардың артында тұрған «түрткілер» бар. Ендеше, қазақты іштен бүлдіріп, әлденеше жікке бөлінуін аңсап жүрген бұндайлардың жолын кесу керек! Бименованың жасағаны ешқандай да еркелік те, балалық та емес. Кәмелет жасына толған, ой тоқтатқан адамның саналы түрде барған бұл қадамы — қылмыс! Ал қылмыс жазасыз қалмауы керек! Қазақты малға теңеген Бименоваларға бүгін жүген салмасақ, ертең есе бермей кетері хақ.

 

 

 

Айзат Рақыш