Қазақтың бір жаманы, бір жақсысы…
Бір жаманы — тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы — қимаған даланы кең.
Бір жаманы — жел сөзге ерген екен,
Бір жақсысы — тілге ерік берген екен.
Бір жаманы — кетпенге орашолақ
Бір жақсысы — найзагер, мерген екен.
Бір жаманы — кешігіп әліппе ашқан,
Бір жақсысы — күйлері көбік шашқан.
Бір жаманы — қыздарын малға сатқан,
Бір жақсысы — сүйгенін алып қашқан.
Бір жаманы — шаруасын маңдытпаған,
Бір жақсысы — қулықпен жанды ұтпаған.
Бір жаманы — үйленіп жеңгесіне,
Бір жақсысы — жесірін қаңғытпаған.
Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,
Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.
Бір жаманы — сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы — абақты тұрғызбаған…
©Қадыр Мырза Әлі