ҚАЗАҚТЫҢ ҒАШЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ТАБЫСҚАН?
АЛТЫБАҚАН АЯСЫНДА
Бұрын тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында бозбалалар мен сұлу бойжеткендер алтыбақан аясында таңды-таңға ұрып әсем әнмен кең даланы тербеткен. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетілгеннің өзінде тұнық сезім тұнып тұр емес пе? Биікте тербетілген сыйластық, сезім, сыр дегеніңіз екеуара алтыбақан тепкенде де өз биігінде қала берген. Ал осыны бүгінгі жас ұрпаққа айту – бізге парыз.
Рас, қазіргі жастар алтыбақан десе, құдды ертегі естігендей немесе фантастикалық кино желісін көргендей болады. Өйткені, кешегінің алтыбақанын бүгінгі ұрпақ түнгі клубқа айырбастап алды. Құлақтан кірген даңғаза музыка жан дүниеңді тітіретіп жібереді. Ол ол ма, қайта-қайта шығып тұратын көк түтіннің қасында кең даланың саф ауасы миллион есе таза екеніне неге мән бермейміз? Көк құрақтың үстіне құрылған алтыбақан ғашықтардың жүрегін табыстыратын, бір-бірінің сырларын көзбен ұғындыратын, шынайы сезім отын үрлейтін киелі бесік іспеттес. Қазақ халқы алтыбақан тебу арқылы мөлдір махаббатты, адал сезімді, таза ынтық көңілді дәріптеді.
АҚСҮЙЕК – АҚ СЕЗІМ
Кезінде жаздың айлы түнінде ашық далада жастар жиналып, ақсүйек ойынын жиі ойнайтұғын. Бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер болған осы ойын. Ертеде мұны той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса-дастандар оқитын. Соңында, жалын атқан жастардың ойынына кезек тиеді. Ақан сері Ақтоқтысымен, Абай Әйгерімімен, Біржан Ләйлісімен ақсүйек арқылы табысқан деседі.
Уақыт өткен сайын адамның болмысы да өзгеріп барады. Сол секілді бүгін бұл ойынның заты тұрмақ, аты да жастар арасында жиі атала бермейді. Бүгінгі жас ұрпақ ақсүйекті телефонмен алмастырып алғандай. Себебі құрылғы ішіндегі түрлі тетіктер арқылы олар бір-біріне ғашықтық сезімін жеткізіп, өзара тілдесіп жатады. Бір-біріне айтатын жылы сөздерін, сезімдерін виртуалды әлемде жүзеге асырады. Олар көзбен көрмейді, тіпті, Абай айтпақшы, ішпен де сезбейді. Тек қаздай тізілген әріптермен өзіне қажетті жылылықты алады. Өкініштісі осы.
ҚЫЗ ҚУУ
Сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны, ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін еш өзгеріссіз жеткенін атап өтуіміз керек. Бұл жарыс өзінің түрі жағынан біздің заманымыздан бұрын қандай болса, қазірде сол күйінде қалды. Сол заманғы тәртіп бойынша жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін қызбен некелесуге құқы болмаған.
Қазір бұл ойынның иісі тек ұлттық мерекелерден ғана сезіледі. Қызғалдағын қызғыштай қоритын, ерін ел алдында сыйлайтын қол ұстасқан қос ғашықтың саны артудың орнына кеміп келеді. Тіпті, жігіттік танытып, ақ боз аттың үстінде отыратын жігіттің бәрі темір тұлпарды тізгіндеуді ғана білетіндей. Жігерсіздік танытатын жігіттердің, бір ауыз сөзге еріп кететін қыздардың жаңбырдан соңғы саңырауқұлақша қаптап келе жатқаны көңілге үрей салады.
ТҮЙІН:
Ұлттық құндылығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа дәріптейтін, көкейінде өз ұлтына деген титтей де жалыны бар кез-келген жас тарих қойнауына жұтылып бара жатқан алтыннан да қымбат дәстүрлі ойындарымызды жаңғырта алады. Оның барлығы тек өзімізге байланысты. Олай болса, айтылған сөзден нәтиже шығаруды ұмытпайық.
Еңлік САҒЫНДЫҚОВА,
Алматы облысы.