«ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАҚЖАЙЛЫҒЫНА ТЕҢ КЕЛЕР ӘЛЕМДЕ БІР ДЕ БІР ЕЛ ЖОҚ»
— Тараздың боранына тап болған шетелдік туристер сұхбат берді
Бірер күн бұрын боранды күні жолда қалған туристерді үйіне шақырып, қонақ қылған тараздық полицейдің видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Ақжарқын қазақ жігітінің шаңырағында қонақ болып, дәм татқан шетелдік жұпты Azattyq Rýhy редакциясы тауып, сұхбат құрды.
Белгиялық Силке мен шотландиялық Киран — ерлі — зайыпты туристер, сол күні Алматыдан Шымкентке қарай тасжолмен бет алған. Бірақ автокөлікпен Таразға жеткенде күн бұзылып, боран соғып, жол көрінбей қалады. Аязды күні жол жолаушыларды тоқтатып, жөн сілтеп тұрған Серік атты полицей шетелдіктер отырған көлікті де тоқтатқан.
«Біз Талғат және Майк атты достарымыздың отбасымен танысу үшін Шымкентке кетіп бара жатқан едік. Таразға жеткен кезде тоқтаусыз жауған қардан алдымыз көрінбей қалды. Ауа-райы бұзылып, боран соғып тұрды. Біз Тараздан Шымкентке қарай жүріп кетейін деп жолда тұрғанымызда Серік есімді тамаша полицеймен таныстық. Ол бізді ойланбастан үйіне қонаққа шақырды.
Біз кейінгі үш жылда тынбастан саяхаттап, талай елде болдық. Осындай боранды күндерге тап болдық, бірақ көбіне табиғаты жұмсақ елдерге барғандықтан, біз үшін ең қорқынышты құбылыс – муссондар (маусымдық желдер). Соның бірін Қырғызстандағы ең биік таулы көл – Соңкөлге атпен шыққан кезімізде көрдік. Шатқалда қарлы дауыл соққан еді.
Бақылау — өткізу пунктінде бізге кездескен Серік өте ақкөңіл, жайдары, қонақжай жан екен. Біз оның үйінде қонақ болып отырғанда елдердің мәдениеті, тарихы, діні туралы ұзақ сөйлесіп, өз оқиғаларымызды бөлістік. Талғат досымыз Серіктің отбасы мен біздің ортамызда аудармашы болып, бір-бірімізге әңгімелерімізді аударып беріп отырды. Қазақтың қонақжайлығына тең келер әлемде бірде-бір ел жоқ. Қайда барсақ та, қазақтай кеңпейіл халықты көрмедік. Қазақстанда өз үйімізде жүргендей жайлы сезінеміз. Мұнда жүргенімізге 3 ай болды, соның 99% күнімізді жергілікті халықтың отбасыларында өткіздік», — дейді олар.