Қазақтың Құрылтайы еліміздегі саяси күшке айнала ма?
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы 22-25 маусым аралығында Астанада дүрілдеп өтті
Саясат серкелері бірінің Қауымдастыққа басшылыққа сайлануы құрылтайға деген көзқарастың өзгергенінің белгісі. Бұл Құрылтайдың саяси сахнадағы орнын өзгерте ме?
Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы 22-25 маусым аралығында Астанада дүрілдеп өтті. 39 елден 350-ден астам уәкіл және еліміздегі танымал саяси тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, үкімет мүшелері қатысты. Жалпы 800-ден астам дүйім қазақтың бетке ұстарлары бүгіні мен ертеңі туралы ой бөлісті.
Бұл Құрылтай бұрынғыдан өзгерек
Олай деуге негіз бар. Ең алдымен Құрылтайға барлық үкімет мүшелері қатысты. Министрлер мен қатар қала әкімдері де болды. Бұдан бұрынғы 4 жиында да бұндай деңгей болмаған.
Екіншіден, Елбасы жұртты мазалап жүрген өзекті мәселелерді және ұсыныстарды нақ уақытында шешуге тапсырма берді.
Үшінші, «Отандастар» қорын құру және оны қорландыру мәселесі дәйектелді.
Төртіншіден, «Қытайдағы қандастарға жасалып жатқан қиянат» туралы мәселе көтерілді.
Бесіншіден, 13 жыл қозғалмаған Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев орнын босатты. Енді оған Зауытбек Тұрысбеков жайғасады.
Сценарийден ауытқи сөйлеген кім?
Әрине, мұндай торқалы той мүдделі топтардың «сценариі» бойынша жүретініне өзіміз де, көзіміз де үйреніп қалған. Ал бұл жолғы Құрылтайда сценарийде жоқ тұлғаның сөзі күллі әлемді шарлап кетті.
Жиын барысында Елбасы қонақтардаың пікірін сұраған болатын. Дәл осы сәтте Германиядан келген делагат сөз сұрады.
Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев «болмайды» деп ишарат берсе де, елемеген ол микрофон алдына бірақ шықты.
Бұл азамат – 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігі жарияланған кезде оны бірінші болып күллі әлем жұртшылығына жеткізген және Елбасыдан шетелде алғаш қазақша сұхбат алған «Азаттық» радиосының сол кездегі тілшісі, қоғам қайраткері Өмірхан Алтын мырза болатын.
1987 жылғы Назарбаевтың есімнамасы (визиткасы)
Өмірхан ағамыз сөзді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне берген есімнамасы жайлы айтудан бастады.
1987 жылдың сәуірінде Австрияның астанасы – Вена қаласының маңындағы бір шағын қалада дәстүрлі мәдениет фестивалі өтеді. Фестивальға сол жылы КСРО құрамындағы Қазақстан шақырылыпты. Делегацияны Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастап барған екен.
«Шіркін, қазақша киінген жігіттер қандай әдемі, қыздар қандай сұлу?! Тілдескіміз келіп, өліп барамыз. Ал олар тым салқын. Бір кезде қазақстандық делегация автобусқа мініп, әлгі ауданға қарай тартты. Соңынан ердік. «Мына Өмірхан, Қызырхан дегендер Отанын сатқан опасыздардың балалары. Көрдіңдер ме, бұлар – капиталистер, жеке көлік мініп алған, батыстың шпиондары, жоламаңдар!» – деп қазақтардың делегациясын басқарып жүргендер бізді қуды.
Бір кезде Нұрсұлтан Назарбаев келді. Біздің тұсымыздан өтіп барады. Нар тәуекел! Дауысымды қатты шығарып: – Ассалаумағалейкүм, аға! – дедім. Нұрекең кілт тоқтады. Содан соң: – Уағалейкүмассалам, – деді де, көзімен дауыс иесін іздей бастады.
Біз де топтан суырылып шығып, ыңғайлана түстік. Созған қолымызды ықыластана қысып, қай жерден келгенімізді сұрады. Екеуміз екі жақтан дабырлап, мән-жайымызды айтып жатырмыз.
Нұрекең дереу біреуді шақыртып алды да: «Мына Өмірхан мен Қызырхан кеткенше бізбен бірге жүрсін», деп тапсырма берді. Содан соң: – Жігіттер, сендердің өз елдерің бар екенін ұмытпаңдар! Қазақстанға келіп жатсаңдар, тура маған келіңдер! – деп «визиткасын» берді. Міне, сол «визитка».
Өмірхан аға есімнаманы әмиянынан алып көрсетті де сол Кеңес Одағы кезінде де қандастарын қолдап-қорғап жүрген Елбасыға Еуропа қазақтары атынан рахметін айтты.
«Қытайда қазақтарға қиянат жасалып жатыр»
Бұл жағдай Өмірхан ағаның аузымен 39 елдің өкілдері, Үкімет мүшелері мен әкімдердің және саясаткерлер мен зиялы қауым алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа жетті.
«Қаны қазақ деп қайнаған Сізге бір мәселені айтқым келіп отыр.
Қадірлі ағайын, осында отырғандар мен сырттан келгендердің көбісі өзінің байырғы атамекенінде, ата қонысында өмір сүріп жатыр. Сол ата қонысында – Алтайда, Үрімшіде, Құлжада, жалпы Қытай елінің территориясында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақыттарда аса қиын жағдайды басынан кешіп келеді.
Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы ағайындарымыздың құқықтарын таптауда. Олар бастарынан қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр.
Менің айтарым, осындай киелі жиында ана жақтағы шырылдап жатқан ағайындарды еске алып қойсақ. Сіздерге айтарым осы еді. Қытай өз қытайларына қандай заң-саясат қолданса, қазақтарға да соны қолдану керек. Қытай елінен біз көп нәрсе сұрамаймыз, – деп Өмірхан Алтын сөзін аяқтады.
Елбасы бұл туралы білмейді екен
Елбасы бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтты. «Бүгін Қытаймен қазақ елінің қарым-қатынасы өте жақын. Үлкен түсіністікте. Ол жердегі Синьцзянда болған неше түрлі жағдайлар бар. Терроризм де, сепаратизм де бар. Бірақ та қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат менің құлағыма келген жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы оған біз тиісті көңіл аударатын боламыз», – деді Елбасы.
Қазақ елі басшысының шет елдегі алғашқы сұхбаты туралы
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Давос форумына барады.
Ол туралы Өмірхан аға былай еске алды:
«1992 жыл. Бізде сол кезде КСРО-дан тараған мемлекеттердің басшылары «Азаттық» радиосына сұхбат бермейді деген түсінік болды. Алайда, менің Қазақ елінің басшысымен қалайда кездесіп, әңгімелескім келді.
Жұмыстан сұранып, жеке көлігіммен форумға жеттім. Бірден Қазақстан Президенті тоқтаған қонақ үйге келіп, есік алдынан күттім. Бір кезде көлік келіп тоқтап, ішінен Нұрекең түсіп, қонақүйге қарай беттеді. Қасында бірнеше адам бар. Тағы да даусымды созып:
– Ассалаумағалейкүм, аға! – дедім.
Президент жалт қарап: – Әу, Өмірхан, сен қайдан жүрсің? – дегені. Ұмытпапты.
Мен «Азаттықта» жұмыс істейтінімді, радиода жоғарыдағыдай пікір бар екенін айттым. Сұхбат алғым келетінін де жасырмадым.
– Оу, онда тұрған не бар? Кел, мына орындыққа отырайық. Ал сұрағыңды қоя бер, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Шешен сөйлейді екен. Кез келген сұраққа жауап береді. Әңгімелесіп болған соң тағы да Еуропадағы қазақтардың жайын тәптіштеп сұрады.
Нұрсұлтан Әбішұлының әңгімесінен кейін, тіпті, арқаланып кеттім. Енді Түркияның президентінен де сұхбат алғым келді. Сүлеймен Демирел орналасқан қонақ үйге жетіп барсам, кіргізбейді. Қулыққа бастым: «Қазақстаннан келген журналиспін. Мені Нұрсұлтан Назарбай жіберді», – дедім.
Қазақстан Президентінің атын естігесін күбір-сыбыр көбейіп, дереу маған ілтипат көрсетіле бастады. Бір кезде Сүлеймен Демирелдің алдына алып келді. Ол кісімен түрікше амандастым.
Түркияда өскен қазақ екенімді, алдына жету үшін аздап қулық жасағанымды айттым. Ол кісі жымиып, сұхбат беруге келісті. Міне, осылайша бір күнде екі президенттен сұхбат алдым. Жұмыста әжептәуір әңгіме болып, қазақ редакциясының жалы бір көтеріліп қалды».
Гималайдан жаяу асқан қазақ – ұшақпен елге оралған
Қазақстанға «қаржорға ата», «биші ата » деген атпен танымал Арыстан қажы Шәдетұлы1937 жылы Қытайдың Баркөл ауданында дүниеге келген. Атақты Зуқа батырдың немересі.
1929 жылы Алтайда Зуқа батырдың басы алынып, 13 күн Сарысүмбе қаласындағы Қаракөпірге ілініп тұрды. Қатты күйзелген халық батырдың басын қайтарып алып, жерлегеннен кейін жаңа жол іздей бастаған болатын.
Зуқа батырдың қалған елін бастаған Солтаншәріп Зуқаұлы Алтайдан Баркөлге, одан Шиңхай, Гансу өлкелерін басып, Гималай арқылы Кашемирге ауыпты.
Сол жылдары дүнгендердің «Ислам мемлекетін» құру соғысымен бірге Алтайда гоминдандарға қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің шығуы және Шығыс Түркістен Республикасының Кеңес Одағы мен Қытай үкіметінің ымырашылдығынан құлауы – елге ауыр тигені белгілі
Жаугершілік пен ары-бергі босқан көш Арыстанды ерте есейтіпті. Ес біле мал қайырып, жылқы баққан. Елгезектігінің арқасында елге «пысық бала» болып танылыпты. 1950 жылы ел Баркөлден ауып, алдыңғы көшкен елдің соңынан 1951 жылы Кашемирге жетті.
Жершіл жас баланы ауыл адамдары қой айдауға шығарыпты. Онсызда арқасы шығып арықтаған аттың қыр сүйегі мен кешке дейін еңкеңдеген түйеден жалыққан бала көбінесе жаяу жүргенді ұнатады екен. Осылайша жаяу-жалпылап Гималай асып, Кашемирге де аман жетіпті.
Ағамыз кейін Түркия арқылы Германияға барып қоныстанды. 1995 жылы тікелей шақыртумен атажұрқа оралған. Әрине, жаяу емес, ұшақпен.
Бүгінде Алматы қаласында өзі бас боп салдырған Зуқа батыр атындағы мешіт-медіресенің ісін жүргізіп, елі үшін еңбек етуде.
Қаражорға биі арқылы да елімізге танымал тұлға жаяу жүріс пен сол бидің кереметі болар 80-нен асса да әлі сергек, тың.
Киелі астаяқ та атажұртқа аман-есен оралды
Арыстан қажы:
– Біздің босқан елде соғыстың салдарынан шығын көп болды. Тіптен кейде атыс-шабыс пен құмды боран қатар келгенде көшіміз жүкті түйелерімен қоса жоғалып кете беретін. Біздің осы Зайсаннан басталған көшіміз Сауыр – Алтай – Баркөл арқылы Гансу, Шиңхай өлкелерін басып Тибетке асқанда, тіпті Кашемир, Пәкістан, Түркия арқылы атажұртымыз – Қазақстанға оралғанда да жоғалмаған жалғыз затымыз болды. Ол – осы киелі асатаяқ еді.
Бірде қуғынға ұшыраған ел құмды боран астында қалды. Сол күні астаяқ та түйеге артылған жүкпен бірге жоғалып кетті. Онсызда таяқты ырымдайтын туыстарымыз қатты уайымдапты. Өйткені, тіптен екіқабат әйелдер босана алмай қиналғанда алдырып, басына іліп қоятын болған. Ұшықтауға, дем салуға пайдаланады екен.
Екі күннен кейін, келесі бір көшіп келіп қонған жерде, әлгі жоғалған түйе жүгімен пайда болады. Бір қызығы түйелер бұл жерге ешқашан келіп көрмеген екен. Аға-жеңгелеріміз қуанып кетті», – деп еске алды.
Асатаяқ Зуқа батырдың әкесі, Сәбит дамолладан қалған. Ол кісі 9 жасынан бастап 16 жыл Уфада оқыған. Мұндағы медіресе хазіреті Уәлден: «Жеті әулиенің қолынан өтті, енді саған кезек келді» – деп асатаяқты беріпті әрі өзінің немерелес қызы Пәтима анамызды некелеп қосыпты.
Зуқа батырдың қарашаңырағы Сауат қажының үйінде, Сәнияхан әжеміздің қолында, Ыстамбұлда сақталған асатаяқ қазір елімізде, Қарулы күштердің әскери-тарихи музейінде тұр.
Естеріңізге сала кетейік, Зуқа батыр 1866 жылы Зайсанда туылып, 1882 жылы Сауырға ауған. Ұлтқа, ұлысқа бөлмеген батыр 1929 жылы қастандыққа ұшырап, шейіт болды. 2016 жылы батырдың 150 жылдығы 12 елде аталып өтті. Атамыз туралы оннан астам кітап, 2 құжатты филім шықты.
Тибетте қалған мәйіттер
Гималай асқан қазақтың бірі – Әбдірахман Жәлелұлы. 1938 жылы Қытайда Баркөлде дүниеге келген атамыз бүгінде Германияның Кельн қаласында тұрады.
Атамыз да сол қанды балақ соғыс пен қиын-қыстау көш кезіндегі тауқыметті көзі жасаурай еске алады.
– Көш бойы шешеміз қатты ауырды. Ыс (биік тауға көтерілген сайын ауа жетпей ауру) тиіп ауырған адамның денесі тесіліп, іріңдеп, ағады екен. Біз шешемізді 3 айдың үстінде көтеріп, көшіп отырдық.
«Тастап кетіңдер, жүк болмайын, сендерге ризамын» деп жалынғанына да қарамадық. Көтеріп дәреттендіріп, аузына суын тамыздық. Көшіп келе жатқанда, Тибеттің бір тауының арасында қайтыс болды.
Сол жерде қабір қазып, жерледік. Қарттарымыз қабірдің үстін жаймалап, жермен бірдей етіп тегістетті. Онан соң сол орынға от жақтық. Солай істегенде аюлар мен қорқау қасқырлар мәйітті алып жемейді екен. Солай да солай қазақтың сүйегі шашылмаған жер жоқ шығар.
Сол ауған елдің тұқымы міне енді тәуелсіз атамекенінде отыр. Бізге осыдан басқа бақыт жоқ шығар» – деп көзін жасын сүртті абыз қартымыз.
«Немерем: «Өлсем Қазақстанға апарып жерлеңдер» – деді
Әбдірахман атамыздың екі баласынан тараған 10 немересі де Германияда тұрады. Тілдері қазақ шалыс болып, немісше шығыпты. Ол үшін атамыз өзі де алаңдауын жасыра алмады.
– Бір күні бір немереміз неміс телеарнасынан Қазақстан туралы хабарды көріп, әкесіне келіп: «Әке біздің отанымыз бар екен ғой Қазақстан деген. Мені өлгенде сонда апарып жерлеуді өсиет етемін» – депті.
Сосын әкесі де ойланып қалды. Құдай бұйыртса, баласына әкеліп Қазақстанды көрсетемін деп уәде беріпті.
Міне, кішкентай сәбидің жүрегін жаулаған отанда жүрген бізде арман жоқ деп ойлаймын. Торғайдай тозып, арқа еті арша, борбай еті борша боп кешегі босқын, қырылған ел енді міне тәуелсіздіктің тәтті құшағында тербелуде, – дейді атамыз.
Тәуелсіздіктің қадірін білетін асыл аталарымыздың сөздері бізді де қатты тебірентті.
Бір елдегі екі түрлі автономия немесе қаражорға билейтін қытайлар
Қытайдың «Автономия туралы заңы» жергілікті жердің жағдайына қарай өзгеріп тұратын тәрізді. Олай дейтініміз батысындағы Шинжаң өлкесіндегі халыққа қарата жүргізген автономия саясаты тым қаталданып кетті. Тіптен тіл мен дінді де шектеуге барып жатқаны жасырын емес. Ал сонау ішкі Қытайдың Гансу өлкесіне қарайтын бір отау – Гималай асып көшкен елдің жұрнағы Ақсай қазақ автономиялық ауданында заң да саясат та бөлек екен.
Бар-жоғы 10 мың жан тұратын ауданда 4 мың қазақ бар. 4 мыңы қытайлар, қалғандары мұңғұл, тибет, сары ұйғыр, дүнгендер екен.
Аудан орталығы қазақы үлгіде салынған. Тіптен, 2014 жылы Қазақ күресінен әлем чемпионатын өткізіпті. Қазақ тілі мектепте арнаулы бағдарламамен үйретіледі.
Бұл туралы Құрылтай қонағы, Ақсай ауданының қазақ мұражайының бастығы Қабылбек Қажыкей айтып берді.
«Біздің ауданда әр күні таңертеңгі сабақ аралық гимнастикада тек ғана қаражорға биленеді. Қытай мектептерінде де солай. Мерекелерде қазақтармен қатар қытайлар да қазақы үлгідегі киімдерді киеді».
Міне, бұл ішкі Қытайдағы аз санды ұлттар үшін атқарылып отырған автономия саясаты. Өкінішке орай, бұндай жеңілдіктер мен үкіметтік қолдау Шинжаң өлкесінде басқаша бағыт алуда. Сол үшін ұлттар ара кірбеңдік туып, енді екі елдің дипломатиясына да әсер етіп жатыр.
Құрылтай қол жеткізген сүбелі шешім
Ауыт Мұқибек, ақын, қоғам қайраткері: «Ең бастысы, соттылық туралы анықтама. Шеттен келген ағайынның зейнетақы, еңбек өтілі мәселесі шешілетін болды. Одан да маңыздысы, «Отандастар» деген қор құруды тапсырды.
Сондай-ақ, Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып, іскер тұлға, қайраткер азаматтың – Зауытбек Тұрысбековтың сайлануы ендігі жерде қазақ көшінің екінші «Алтын дәуірі» басталатынынан дерек береді!»
Қандастарды орналастыру оңтайланады
24 маусым күні Еңбек және Әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың ұйымдастыруымен Қазақ диаспорасының әлеуметтік жағдайы, этникалық көші-қон жайы мен бейімделудегі өзекті мәселелерді талқылаған дөңгелек үстел өтті. Сыртқы Істер Министрлігінде өткен жиналысқа Құрылтай қонақтары қатысқан болатын.
Жиналыста қандастарға виза беру тәртібі тіптен жеңілдетілгені аталды. Сонымен бірге Президенттің тапсырмасы бойынша «Оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру» бағдарламасына шетелден оралған қандастарды да қосуға қатысты жаңа өзгерістер енетіні белгілі болды. Тағы бір атап өтерлігі, көшіп келетіндерді елшілік арқылы тіркеп, келген соң бірден құжаттандыру мәселесі қарастырылады. Бұл – Президенттің тапсырмасы.
Бұған қоса, Президент еліміздегі қазақ ұлты үлесінің 70 пайыздан асқанын қуана айтты. Қазақтың ұлттық мәселесін шешуді және Қор жұмысы мен Қауымдастықты Астана көшіру жұмысын қадағалап тапсырды. Қазақ мәселесінің – мемлекеттік саясаттан бөле қарауға болмайтынын да ескертті. Міне, бұл – Қауымдастықтың жаңа саяси күшке айналу процесінің басталуы ғана.
informburo.kz