Қазақтың салтын сақтаған көркем…
21 қыркүйек күні «Қазақ аналары — дәстүрге жол»Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы және Алматы облысы филиалы ұйымдастырған «Алатау» дәстүрлі өнер театрында III-Республикалық «Абысын-ажын» байқауы болып өтті. Үшінші мәрте ұйымдастырылған осы фестиваль тізгіні Алматы және Алматы облысы филиалдарына тиді. Бұл ағайын арасындағы бауырмалдық қарым-қатынасты, әулеттің ауызбірлігін және отбасының береке-бірлігін нығайтуға арналған ұлттық жоба болып саналады. Тоғыз облыстан жиналған ақ орамалды абысын-ажындар сөзге шешен, іске шебер, бірінен-бірі өткен өнерлі, алғыр да талантты келіндер екенін көрсетті. Республикамыздың тоғыз өңірінен келген абысын-ажындар кеш барысында бес турдан тұратын қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін байқау шарттарын мүдірмей орындап, өнер көрсетті.
Байқауға қатысушылар сахнада өзін мәдениетті ұстап, ойлануға берілген уақытты орынды пайдалана білді. Байқаудың әр кезеңіне қазақтың салт-дәстүріне орай таңдалған тақырыптары да жақсы мағыналы болды. Бас төрайым Айнұр Жүгінісова бастап, бас кеңесші Замзагүл қажы анамыз қоштаған қазылар алқасы шешімімен Бас жүлде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының абысын-ажындарына тиесілі болды. Ал бірінші орын сәні мен сымбаты жарасқан маңғыстаулық келіндерге бұйырса, ибалы да инабатты Баянауыл келіндері екінші, ақылы көркіне сай Абай облысының абысындары үшінші орынды еншіледі. Қалған облыстардан келген сайыскерлер де Алғыс хат пен заттай марапаттарға ие болды. Әсіресе, әйелге тән нәзік те инабатты табиғилығымен баураған ақтөбелік келіндер көрермендердің көзайымы болды.
Сондай-ақбайқауға «Гүлдимед» шығыс медициналық емдеу-оңалту орталығының негізін қалаушы дәрігері Гүлмира Серікқызы да демеуші әрі құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ол өз кезегінде алтын құрсақты аналарымызға «бірінші байлық-денсаулық» екенін түсіндіріп, өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамауды ескертті. Гүлмира Серікқызы орталықтың атынан байқауға қатысқан Алматы облысының аналарына «Гүлдимедке» келіп емдік шараларын алуға арналған 1 млн сертификатын тарту етті.
Кеш соңында «Astana Flaza» мейрамханасында дастарқан жайылып, келген қонақтар мен қатысушы барлық аналарға құрмет көрсетілді. Дастарқан батасын білім саласына еңбегі сіңген ардақты ұстаз, сексеннің сеңгіріне келген ардақты анамыз Баян Ахметова беріп, қонақтарға ақ жол тіледі.Сайысқа жиналғандар Алматы қаласы филиалдарын басқарып ұйымдастырып отырған Ләйле Дәулет ханым бастаған барлық аудан төрайымдарына ризашылығын білдірді.
Осылайша ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттап келе жатқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі жыл сайын «Абысын-ажын» фестивалін өткізуді жүйелі қолға алып отыр. Байқауға қатысып, өнер көрсеткен, қазақтың салтын сақтаған көркем, еліміздің еркелеріне алғыс айта отырып, әркез ибалы да өнерлі келін болып, тек биіктерден көріне беріңіздер дегіміз келеді.
Шаргүл Қасымханқызы