ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ МЕН ӨЛІМІ: ЫСЫРАПШЫЛЫҚ ПЕН БӘСЕКЕ

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Халқымыздың: «Ысырапшылық Алла Тағала сүймейтін іс», деген қанатты сөздерін ескерер болсақ, ысырапшылдықтың зияны мен зардабының өте көп екендігіне тағы да көз жеткізе түсеміз.

Ең алдымен ысыраптың мәні мен мағынасына назар аударалық. Араб тілінде «Шектен шығушылық, қателік, надандық, ұқыпсыздық, әуестік және құмарпаздық» секілді мағыналарды білдіретін «сереф» түбірінен туындаған «исраф» (ысырап) сөзі жалпы алғанда, «сенімде, сөзде және амалда дін мен әдет-ғұрыптың белгілеген шегінен шығу, шектен шығу» дегенді білдірсе, жекеше мағынасында «қолдағы затын немесе мүмкіндігін дұрыс емес, заңсыз мақсаттар жолында жұмсау, шамадан шығу, шамаға қарамау, төгіп-шашу» деген сөздерге келеді. Ысырап «шамаға қарау, мөлшерден аспау» мағыналарындағы үнемдеуге қарама-қарсы сипатта болады. Анығырақ айтқанда, орынсыз, пайдасыз, бекерге жұмсалған барлық нәрсені ысырап ретінде бағалауға болады.

Ысырап етуші адам шайтанның досы болып табылады. Құранда:

«Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал, шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші» («Исра» сүресі, 27) деп, ысырап етудің күнә екендігін, оның тіпті кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушымызға жағымсыз іс екендігін білдірді. Ал Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

«Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киіңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» (Ахмад, Әбу Дауд, Бухари, Нисаи, зекет, 66,79 ). Демек, Алланың берген нығметінен ішу, жеу, сонымен бірге, дәулеті артып жатса, жағдайы жоқ кедей-кепшікке, жетім-жесірге көмектесу, артық қаржыны медресе, мешіт, балабақша, аурухана сияқты орындарға жұмсау зор сауапты іс болмақ.

Ал ысырапқа қарама-қарсы тұратын үнемшілдік сөзіне келер болсақ, ол шектен тыс кетпеу, керегін аз немесе көп жұмсаудан сақтану, яғни орта деңгейді ұстануды көрсетеді.

Үнемшілдік шүкіршілік белгісі. Үнемшіл адам Алланың берген нығметтерінің қадірін біледі және оған құрметпен қарап, онда Алланың мейірімі барын сезеді, оны босқа жұмсаудан тартынады. Жаратушының бергеніне қанағат қылып, тиімді жұмсау біреудің қолына телмірмеуден құтқарады, ар-намысты сақтайды.

Бүгінгі қазақ тойы қалай өтіп жүр?

Қазақта: «Алты жастан жинасаң аласың, жеті жастан жинасаң жетесің» деген тәмсіл бар. Халқымыздың бір ерекшелігі жиған-тергенін әр уақытта тойға шашады, ал көп жағдайларда сол жолда көптеген кереғар іс-әрекеттердің орын алуына жол беріп жатады.

Бүгіндері той-жиындардағы бей-берекет әрекеттерді баршамыз көріп, біліп жүрміз. Ол жерлерде мақтангершілікке, бәсекелестік пен ысырапшылық әрекеттеріне молынан жол беріліп жататындығы өкінішті. Әрине, тойдың жұтаң болғанын ешкімнің де қаламасы белгілі. Бірақ әр нәрсенің орны бар екені тағы да даусыз.

Біздің тойлардағы шығындардың орны бөлек. Бір ғана мысал, тойдың өз шығынын айтпағанда, жастардың тойалды жүргізілетін «гулянкасы», яғни қыдыруына шамамен есептегенде үш жүз мың теңгеден астам қаржы жұмсалады екен. Бұдан бөлек, той кезіндегі отшашуларға кететін қаржыны есептеңіз.

Сонымен қатар,  той-жиындарда дүйім жұрттан қалған қалдық астардың қоқыс жәшіктеріне тасталып жататындығын да көріп жүрміз. Сайып келгенде, мұның барлығы да ысырапшылдыққа жол беру деген сөз.

Осы орайда айта кетер бір мәселе, той мәдениетінің әлі де тиісті дәрежеге жеткізілмей отырғаны. Солардың қатарында тойлардағы тілек айту дәстүрінің мәжілістерде жасалатын баяндама мен хабарламаларға ұқсап бара жатқандығы. Солардың қатарында сөзге шығушылардың тым көсемсіп, шешенсіп кететіндігі жасырын емес. Сөйлеушінің тарапынан көп жағдайларда тойға келушілердің, той иесінің уақыттарын есептемей оңды-солды сөйлеп, мезі етіп жіберетіндігі тағы да анық. Негізі, осы мәселені реттеудің уақыты жеткен сияқты. Тойды ұлттық болмысымызға сай  етіп,  салт-санамызға негізделген имани дүниелерді көбірек насихаттаумен өткізуіміз қажет деп ойлаймыз.

Осы тұста бір мысал ретінде айтар болсақ, мына көрші өзбек елінде түрлі деңгейдегі той, жиын жасаушыға жергілікті басшылықтың, ардагерлер кеңесінің т.б. орындардың қойған талап, ережелерінен аспау және артық шығындарға жол бермеу мәселелері ерекше ескеріледі екен. Бізде де  тойлар мен жиындардағы, құдайы астардағы тамақ мәзірлеріне қатысты мәселелерді бірізділікке түсіру керек-ақ.

Осы мәселелер жан-жақты ескеріле келе қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінде ысырапшылдыққа жол бермеу жайына қатысты жұртшылыққа арнайы үндеу жарияланып, ол жерлерде құдайы астарда, діни жиындарда, ұлттық рәсімдерде дастархан мәзіріне тиісті мөлшерде ғана қажеттіліктерді жұмсау мәселесі қарастырылып, қажетті мөлшердегі ас мәзірі ұсынылды. Ол қажеттіліктердің қатарына мыналарды жатқызуға болады: нан, су, қаймақ, тары, талқан т.б.

Өлім-жітімдерде аста-төк мәселелерден сақтану қажет

Шындығында да бүгінгі таңда түрлі деңгейдегі жиындар мен құдайы астарда, жаназа кездерінде аста-төк дүниелерге орын беріліп жатады. Қазақта  «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» немесе «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөздер бар. Сондықтан да, жоғарыда атап өткендей, әр нәрсені өзіндік нормалармен атқарған дұрыс.

Сонымен қатар, осы күндері құдайы ас беремін деп, қарызға банктерден несие алып жасайтындар да кездесіп жатады. Қарыз аларда кейін оның қаржысын өтеу үшін қанша мехнат шегетінін ескермейді. Бұл, әрине, үлкен қателік. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде:

«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», делінген («Ағраф» сүресі, 31 аят).

Осы орайда Құран Кәрімде ысырап сөзі әртүрлі мағына білдіретін ауқымды семантикалық құрылымда жұмсалғанын байқауға болады. Мұны негізге алған жағдайда, ысырап сөзі қолданылған орнына қарай, адам табиғатына жат іс қылу, құлдық (адами, пенделік) тепе-теңдікті жоғалту, сезімге беріліп іс қылып, жөнсіздікке ұрыну секілді мағыналарды білдіреді.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шәрифінде былай деген: «Үнемдеген адам қиыншылық  көрмейді» (Табарани).

«Құтқаратын үш нәрсенің бірі — бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи).

Сондықтан, адам баласы бүкіл дүние-мүлкін Алла жолында жұмсап бітірсе де, төгіп-шашқан саналмайды, алайда қажетсіз, орынсыз бір іске бар болғаны бірнеше тиын жұмсаса да, төгіп-шашып, рәсуа еткен болады.

Хадис. «Қияметте барлық адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше есептен құтыла алмайды:

1) Өмірін қалай өткізді?

2) Ілімімен қалай амал етті?

3) Мал-мүлкін қайдан, қалай тапты және қайда жұмсады?

4) Денесін қайда шаршатты, қайдан тоздырды?» (Тирмизи).

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ысырапқа ұшырайтын екі маңызды нығметті былайша ескертеді:

«Екі нығмет бар, адамдардың көбі осы мәселеде алданады. Бұлар — денсаулық пен уақыт» (Бұхари, Риқақ, 1). Мұның жанында Алла Расулы (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) құлшылық үшін болса да, дәрет және ғұсыл алғанда суды ысырап қылмауды, орынсыз жерде су төгуден сақтануды ескертті.

Расында Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахаба Саад бин Әби Уаққасқа:

«Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!» деп ескерткен (Ибн Ханбал, Мүснәд, II/221; Ибн Мәжа, Тахарат, 48).        Жалпы алғанда, ысыраптың түрі мен көлемін, ысырап ұғымын тек ішіп-жеу, дүние-мүлік және материалдық мүмкіндіктермен ғана шектеу оның мағыналық өрісін тарылту болып табылады.

Ұлы Абай хакім: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой — бес асыл іс көнсеңіз», — деп ғақлия айтады. Осынау өсиеттерден ғибрат алсам деген әрбір жан адамдықтың ең асыл қасиеттерінің бірі барға қанағат, жоққа шүкіршілік ету екендігіне терең мән беруі керек.

Сөздің тобықтай түйіні ретінде әр нәрсенің реті бар екендігін айтуға тиіспіз. Өлікті жөнелтуде болсын, той-жиын жасап, үй салуда болсын бай да, кедей де  асып-таспайық, бауырлар! Ертеңгі күнімізді ойлайық! Жауапкершілік жүгін сезінейік! Ысыраптан сақтанайық! Үнемшіл болайық! Мұның ең алдымен өзіміз үшін қажетті екендігін ұғынайық!

Ахметжан қажы Керімбек,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

ОҚО бойынша өкіл имамы