Қазақтың ұлттық сусынын бизнеске айналдырған ұлытаулық кәсіпкер
Ұлытау облысы Байдалы би ауылының тұрғыны Зәуреш Жаркенова ұлттық сусын – ашыған көжені қайта жаңғыртып, бизнес көзіне айналдырған. Пайдалы астың ерекшелігі жайлы Kazinform тілшісі жазады.
Фото Зәуреш Жаркенованың жеке мұрағатынан
Ашыған көжені дайындау әдісі қарапайым болғанымен, дәмін келтіру үшін әркім әртүрлі әзірлейді. Зәуреш апаның бұл ретте өз құпиясы бар. Ол сиыр сүтіне ұн қосып қайнатады, кейін салқындатып қояды.
— Сүт қана қоссақ, сылдыр су болып кетеді. Сондықтан көже қоюлансын деп ұн қосамын. Ұнды көп қосуға да болмайды. Нақты бір көлемі бар. Тұтынушылардың көбісі қымыздан гөрі осы сусынды алады. Айтуларынша, тамақ ішкеннен кейін асқазанды қорытуға жақсы әсер етеді. Шөлді де басады. Халық тойға, құран оқытқанда да осы ашыған көжені сатып алып жатады,-дейді Байдалы би ауылының тұрғыны Зәуреш Жаркенова.
Фото Зәуреш Жаркенованың жеке мұрағатынан
63 жастағы зейнеткердің қазіргі ісі осы. Пайдасы да жаман емес. Айына 300 000 теңгеге жуық табыс табамын дейді Зауреш апа.
— Совхоз тараған соң, 1994 жылы мен сүтпен айналыса бастадым. Алдымен сүт саттым, сосын ашыған көже дайындаудың ерекше тәсілін үйреніп алдым. Нәтижесінде осы сусыннан пайда көп таптым. Міне, биыл осы бизнеспен айналысқаныма 30 жыл болды. Балаларымызды осы кәсіптің арқасында оқытып, жеткізіп, үйлендірдік, — дейді Зәуреш Жаркенова Байдалы би ауылының тұрғыны.
Тағы бір ерекшелігі — сусынды шелекке емес, күбіге ашытады. Себебі ағаш температура мен ылғалдылықты бірқалыпта ұстап, пайдалы дәрумендер көбеюіне ықпал етеді.
— Күбіге біз қаймақ жағып, ыстаймыз. Сондықтан ашыған көжеде ыстың дәмі болады. Сосын дәмін татқанда, көпшілік қымыз деп қалады,- дейді Зәуреш Жаркенова.
Ұлытаулың сусынды елордадан да тапсырыс беріп алдыртатындар аз емес екен.
— Мен Астана қаласының тұрғынымын. Ашыған көжені бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан Байдалы би ауылына тапсырыс береміз. Зәуреш тәтенің ашыған көжесі балдай. Бір рет тапсырыс бергенде, бірнеше литрге береміз. Сосын туған-туыс, көрші маңайға таратамыз,-дейді Астана қаласының тұрғыны Алтын Байқанова.
Зейнеткер күніне 100 литр ашытады. Сүт жетпесе, ауыл тұрғындарынан сатып алады. Яғни бұл бизнес тек бір әулетті ғана емес бірнеше отбасына табыс көзі болып отыр.
— Ауылда бұрын сүт қабылдайтын пункт болатын. Қазір жұмыс істемейді. Ал қазір тұрғындар бізге тапсырады. Біз сүтті сатып алып, оны іске жаратамыз. Сондықтан бұл бизнестің пайдасы күллі ауылға оң әсерін тигізіп жатыр, — дейді кәсіпкер Мыңжан Сәтбергенов.
Осыған дейін елімізде сүт өндіруде ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесі 39 пайызға жеткені жайлы хабарлаған болатынбыз.
Фото Зәуреш Жаркенованың жеке мұрағатынан
https://kaz.inform.kz/news/kazaktin-ulttik-susinin-bizneske-aynaldirgan-ulitaulik-kaspker-8ef3c0/?fbclid=IwY2xjawIWlY1leHRuA2FlbQIxMQABHRAyJN4Cg6-vAqKvn38xyodvepNF5pGjME_MOblFgm9n-ja1XLvEASggKQ_aem_lu4VymTr6KmO6K6XXPMZOA
https://kaz.inform.kz/news/kazaktin-ulttik-susinin-bizneske-aynaldirgan-ulitaulik-kaspker-8ef3c0/?fbclid=IwY2xjawIWlY1leHRuA2FlbQIxMQABHRAyJN4Cg6-vAqKvn38xyodvepNF5pGjME_MOblFgm9n-ja1XLvEASggKQ_aem_lu4VymTr6KmO6K6XXPMZOA