ҚАЖЫМҰҚАН
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей.
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деп ақын Сырбай Мәуленов суреттеген, атақты қара қыпшақ Қобыланды батырдың тікелей ұрпағы, өз заманының алыбы, қазақтың мақтанышы Мұқан Мұңайтпасұлы (Қажымұқан) атамыз – ел арихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Бүкіл ғұмырын күреске арнап, елімізді өзге жұртқа паш еткен. Талай белдесуде атышулы қарсыласынан айласын асырып, көзі тірісінде ерлігі аңызға айналған. Әлемнің 28 мемлекетінде күресіп, 56 медаль иеленген.
Ел аузында күресті жас Мұқанға атасы Ернақ үйретіпті. Ал бойындағы алып күш өз атасы Ернақ балуан мен ағаштарды тамырымен жұлып алатын нағашы атасы Лек балуаннан дарыған деседі. Әкесі де Мұңайтпас өте күшті болып жарыстарға қатысып, «жуанаяқ балуан» деген лақап атпен танылыпты.
Жастайынан кедей шаруа баласы болғандықтан Мұқан алты жасынан бастап жалшы болып орыс байларымен дәулетті адамдарға жалданып, ауыр жұмыс істеген. 14 жасында Петерборда Масляков деген татардың қолында жалшы болып жүріп оншақты орыстың мұжығы көтере алмаған күбі майпіспекті бір өзі көтеріп, шанаға салып беріпті. Майпіспектің салмағы жарты тоннаға жуық екен. Тағы бірде қожайыны қақаған қыс суығында құрғақ шөп алып келуді тапсырыпты жас жігітке, қайтар жолда шана сүйреп келе жатқан қос аттың біреуі әлсіреп құлапты. Мұқан болдырған атты шөп тиеулі шанаға лақтырып, екінші атты шанаға байлап, шананы жалғыз өзі сүйреп келіпті..
Бір жолы Түрік елінде Мұқан «Қара Мұстафа» деген лақап атпен күреседі. Ол түріктің ең атақты палуаны Нуруллахты жеңеді. Оны көрген сол кездегі Стамбұл билеушісі Шәкір-паша жұмбақ «орыстың» мұсылмандық тегін біліп, кейін қажылыққа бірге баруды ұсынады. Мұқан ұсынысты бірден қабылдап, кейін қажылықтан келгенде Мұқан деген есіміне «Қажы» деген мәртебе қосылып ҚАЖЫМҰҚАН атаныпты.
Жоғарыдағы ақын Сырбай Мәуленовтің суреттеуі балуанның болмысын дөп басқандай. Олай дейтінім кезінде профессор Әуелбек Қоңыратбаев балуанмен жетпіс бес жасында кездесіпті. Профессордің дерегінше Қажымұқанның сол кездегі дене құрылымының өлшемі төмендегідей болған:
Салмағы – 174 келі,
Бойы – 195 см,
Кеудесінің аумағы – 146 см,
Балтырының аумағы – 49 см,
Мойнының жуандығы – 56 см,
Бас аумағы – 65 см,
Ортаңғы саусағының ұзындығы – 14 см, Ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см, Үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см,
Аяқ киімі 54 өлшем болған…
PS: Балуан атамыздың қандай болғанын балаларыңыз көзбен көрсін десеңіз, ел көлемінде кинотеатрларда көрсетіліп жатқан Қанағат Мұстафиннің » ҚАЖЫМҰҚАН » филіміне барыңыз…
ҚОБЛАНДЫ АБЕНОВ