Қажырлы еңбегімен ел ауызына іліккен қайсар қыз

Фарида Мерхамитқызы 1966 жылы 22 ақпанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында өмірге келген. 1983 жылы қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Үрімжі қаласындағы педагогикалық университеттің жаратылыстану және география мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, ғылыми-техникалық баспаның жаратылыстану және география бөлімінде редактор болып қызмет істеген.

                Қазақ, қытай тілдерін жетік меңгерген, орыс тілінде еркін сөйлейді. 1994 жылы отбасымен бірге Атамекені Қазақстанға оралып, кәсіпкерлікпен айналысты.

Ол 1997 жылдан бастап жеке кәсіпкер «Мерхамитқызы» кәсіпорнын құрып, соның негізінде 2000 жылдан «Ерке-Нұр» компаниясы жұмыс істеуде. 2004 жылы «Ерке-Нұр» сән театрын, 2007 жылы республикалық «Ерке-Нұр» сән журналын, 2008 жылы Халықаралық Қазақ-Қытай тіл колледжін, 2009 жылдан бастап «Ерке-Нұр» — Шарапат» қоғамдық қорын құрды.

 

Фарида Мерхамитқызы басқаратын «Ерке-Нұр» кәсіпорынының  Республика тігін индустриясында алатын орны ерекше. Онда тігілетін тауарлар өзінің сапасы мен бағасының тиімділігінің арқасында нарықта сұранысқа ие болып келеді.

Қазақтың ұлттық киімдері мен ұлттық киімдердің негізінде жыл сайын жаңа коллекциялармен жаңарып отыратын “Ерке-Нұр” театр ұжымы республикалық және Қытай, Түркия, Германия, Щвеция, Ресейде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Еліміздің жеңіл өнеркәсібінде өзіндік орны бар «Ерке-Нұр» компаниясы 2009 жылы кәсіпорынның құрылғанына 12 жыл толуына орай 200-ден аса киім үлгілерін «Қазақстан» қонақ үйінде «Керім-ау, айдай!» сән кешін көрермендер назарына ұсынып, халықтың алғысына ие болды. Ұлттық киімдер мен ұлттық киімдер негізінде жасалған заманауи киімдерді ұлттық брендке айналдыру үшін дағдарыс жағдайына қарамай өндірісті жаңа бағытта дамытып отыр.

“Ерке-Нұр” компаниясының президенті Фарида Мерхамитқызы 2001 жылы 8 наурызда Алматы қаласының танымал әйелдері қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды және  «Ата заңның 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» және «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасының ІІІ дәрежелі «Атамекен» медалін кеудесіне тақты.

Сондай-ақ, 2007 жылы кәсіпорын президенті Ф. Мерхамитқызы Алматы қаласы кәсіпкерлерінің арасында «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағына ие болды. Сонымен қатар, 30 мемлекеттің өкілдері қатысқан Oксфорд саммитінде «Ерке-Нұр» үздік кәсіпорын ретінде ең жоғарғы марапатқа ие болып, кәсіпорын президенті Фарида Мерхамитқызы Британдық жоғарғы «Queen Victoria» (Крест Королевы Виктории) марапатына ие болғаны жайлы Англиядан хабар келді.

2011 жылы VII қысқы Азияда ойындарын ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып, мемлекеттік тапсырысты орындауда белсенді жұмыс атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясына қатысып, президиум мүшесі болды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан өткен әртүрлі іс-шараларға белсене қатысып, қолдау көрсетіп отырады. Фарида Мерхамитқызы «Мәдениет саласының үздігі» атағының иегері.

Елбасы жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. Нұр Отан партиясының саяси кеңес мүшесі.

 

 

Елбасының жарлығымен 2013жылы  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

2016 жылы Алматы қаласының маслихат депутаты болып сайланды.

 

ЕлАна қоғамдық-танымдық сайты