Қазір біздің жүрегіміз дүниеге байлаулы…

— Абайдың 31 қара сөзінде «Көкірегі байлаулы берік болмақ керек» деп, рухани жүректің Аллаға байлаулы болу керектігін айтады. Ал қазір біздің жүрегіміз не нәрсеге байлаулы?

— Қазір біздің жүрегіміз дүниеге байлаулы. Сол себепті ақылымыз да байлаусыз болады. Абай «Байлаусыз ақыл, болымсыз тақыл, атадан бала ойы өзге. Санасыз, ойсыз, жарым ес, өз ойында ар емес» дейтін «Сегіз аяқ» өлеңінде ақылы байлаусыз жандарды «жарым ес» деп көрсетеді. Неге? Өйткені, біздің ақылымыздың дүниеге байлаулы болатындығы – біз Аллаға берген уәдемізді ұмытып қалғанбыз. Дүние жаратылмай тұрып, адамзат жаратылмай тұрып, Алла Тағала адамның болашақ ұрпағының белінен бір кішкентай ғана құмырсқа не көбелек сияқты жәндікті алып: «Раббың кім?»  – деп сұрады. Сонда «Раббым – сенсің» – деп жауап берген. Бұл Құранда жазылған. Бұны «алғашқы уәде, әлмисақ уәдесі» деп атайды. Біз сол кезде уәде берген екенбіз. «Раббы» деген сөз араб тілінен аударғанда «тәрбиеші» деген мағынаны білдіреді, яғни Алла – біздің жанымыздың тәрбиешісі. Алла Тағала адамның ұмытшақ екенін біледі, мұны араб тілінде «инсан» дейді. Бұл туралы Құранда «Сендер уәделеріңнен таймасаңдар, мен уәдемнен таймаймын» – деп жазылған. Міне, уәде – ақылдың Аллаға байлануы екен. «Уәде» деген сөздің өзі араб тілінен түсіндіргенде «байлау» деген мағынаны береді. Шал ақынның «Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық. Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық» – деген өлең жолдары бар.

 

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің доценті 

Омар Жәлел

    Әңгімелескен Ләззат Мақаш